9.02.2023, 18:49
Оқылды: 141

Қос ақынның туған күні бір күнде...

Бүгін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен жазба және айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбековтың шығармашылығына арналған «Есіңе мені алғайсың...» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті.

329409688_862434634832197_251660028886187686_n

«Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» жобасы аясында өткізілген кешке өлеңсүйер, өнерсүйер ағайын, өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен қос ақынның туған күнінде ұйымдастырылған бұл іс-шараның мақсаты – ақындардың шығармашылығына терең бойлай отырып, өміршең өлеңдерін дәріптеу, олардың қайталанбас болмысын өскелең ұрпаққа үлгі ету.

329409721_1378131793021333_8541103427549739843_n

Кеш барысында ең әуелі экраннан ақындардың шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетілді. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла сөз алып, қос ақынның өмірі, шығармашылығы жөнінде ой қозғады.

– «Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,

Алайда, өлтіре алмас өлеңді ешкім» деп Мұқағали ақын өзіне де, сөзіне де ескерткіш қойып кетті. Ол өлеңді барлық адамға түсінікті тілде жазды. Ал айтыста шақпа, өлеңде ақпа ақын атанған Есенқұл Жақыпбеков табиғатынан қарапайым адам болатын. Ағаның шалғайына жармасып, шұлғауына оратылып өстік. Менің студенттік шақтарымда жастар оны іздеп барып, өлеңін, ақыл-кеңесін тыңдайтын. Есенқұл ақынның туған күні құжатқа 10 ақпан деп жазылып кеткен. Ол негізі 9 ақпан күні дүниеге келген, – деген Бауыржан Ергенұлы Есенқұл Жақыпбековтің «Туу туралы куәлік» атты өлеңін оқып берді.

329394172_526331429607121_8270182946890955920_n

Өнерпаздар Мейірхан Аюпов, Әділ Ахметов, Нұртай Насибуллин, Асылан Ислямов, Мәди Сабыров және «BatysStar» тобы Мұқағали Мақатаев пен Есенқұл Жақыпбековтың сөзіне жазылған әндерді орындады. Орталық қызметкерлері Айнабек Бисенғалиев, Ақмоншақ Есетова, Мейірбек Бисенғалиев, Әділ Ахметов Есенқұл Жақыпбековтың өлеңдерін оқыса, Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназия жанындағы «Жыр-десте» поэзия клубының шәкірттері (жетекшісі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ертай Бимұханов) Аббель Маркистов, Ілияс Ахмедияров, Бекзат Кеңес Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып берді.

330135664_6655842074430886_9159165659539705188_n

Сонымен қатар Мұқағалидың жалынды жырларын М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері Аида Қайыржанова және Әйгерім Бекқалимен бірге орталық қызметкері Мақсат Тұяқ нақышына келтіре оқыды.

329411333_1405815326875425_6847827141508562678_n

Кеш барысында шырқалған «Алдай-ау» термесі, «Ана, сен бақыттысың», «Өзіңді аңсап», «Есіңе мені алғайсың», «Дос болам десең», «Мен деп ойла», «Өнер адамы» секілді әндер һәм оқылған өлеңдер көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

 

  Марлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале