8.11.2022, 10:30
Оқылды: 27

Қош бол, ҚПЛ...

Футболдан жоғары топ командалары арасындағы ел чемпионаты аяқталды. Соңғы ХVІ тур ойынын өз алаңында өткізген жергілікті «Ақжайық» командасы Қостанайдан келген «Тобыл» клубына тіс батыра алмады.

WhatsApp Image 2022-11-08 at 09.28.45

Жоғары топта қалу үшін «Ақжайық» соңғы  матчында «Тобылды» қалай да жеңіп, петропавлдық «Қызылжар» мен түркістандық «Тұран» командасы жеңілуі керек болды. Бірақ жергілікті аяқдопшылар жігер таныта алмады. Оның үстіне, қатар өткен ойындарда «Қызылжар» «Каспийді», «Тұран» «Таразды» қапы қалдырды. Ал «Тобылдан» 1:3 есебімен жеңілген оралдық команда Қазақстан премьер-лигасынан (ҚПЛ) шығып, бірінші топқа түсіп қалды.

Жалпы екі команда арасындағы ойын тартысқа толы болды деу артық. «Ақжайық» ойынның алғашқы жиырма минутына дейін ғана қауқар көрсете алды. Ал одан соң қостанайлық команданың өзбекстандық легионері Игорь Сергеев есеп ашып, одан кейін көп ұзамай Серж Дебле екі гол соқты. Оралдың жігіттері қонақ команданың үш голына стандарттық жағдайдан соғылған жалғыз голмен жауап қатты.

Матч соңындағы баспасөз мәслихатында «Ақжайық»  футбол клубының бапкері Игорь Пикущак барша оралдық жанкүйерден кешірім сұрап, маусым барысындағы ойыншылар алған жарақат салдарынан команда қарқыны бәсең болғанын айтты.

– Жігіттердің ешқайсысы аянып қалған жоқ. Бірақ маусым қызған шақта команданың жартысы жарақат алып, ойын сапасы нашарлады. Кей кезде жолымыз болмады, кей ойындарда төрешілер әділдік танытпады. Соған қарамастан, барымызды салдық. Қазақстан кубогінің финалына шыққанымыз жанкүйерлер үшін айтулы қуаныш болды деп санаймын. Бүгінгі жеңіліс – тек ойыншылардың кінәсі емес, барша бапкердің және жалпы клубтың кемшілігі, – деді Игорь Пикущак.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале