5.06.2022, 13:35
Оқылды: 104

«Көш жүре түзеледі...»

Орал қаласындағы 465 учаске №40 мектеп ішінде орналасқан. Саяси өзгеріс салмағын бағамдау үшін учаскеге арнайы бардық. Мектепте патриоттық әндер әуені шалқып тұр. Таңнан бері дауыс беруге келген тұрғындардың қарасы үзілмеді. Учаскелік комиссия төрағасы Мақсот Ғалиев 200-ден астам адам дауыс бергенін айтты.

WhatsApp Image 2022-06-05 at 12.54.03

– Референдум учаскесіне жастармен бірге жасы 80-нен асқан үлкен адамдар да келуде. Мысалы, Тұяқовтар отбасы ұл-қыздарымен бірге дауыс берді. Бақылаушылар барлық үдерісті қадағалауда. Жалпы №465 учаске бойынша 1991 адам тіркеуде тұр. Сайлау уақытында олардың 45 пайызы қатысатын. Осы жолы референдумға қатысуға 50 пайыздан астамы келеді деген үміттемін. Себебі халық саяси жүйеден айтулы өзгеріс күтіп отыр. Дауыс беру учаскесі кешкі сағат 20:00-ге дейін қызмет атқарады. Таңмен алғаш рет Игор Валериевич Черноусов келді. Саяси науқандарды осы әдетін бұлжытпай орындайтын азамат. Бүгін де комиссия мүшелерімен келіп, учаскенің салтанатты ашылуында ел Әнұранын тыңдап, кейін өз таңдауын жасады. Оған «Жас отан» жастар қанатының мүшелері шағын сый-сияпат табыстады, – деді Мақсот Ғалиев.

WhatsApp Image 2022-06-05 at 12.54.02 (1)

Референдум барысында дауыс беруге келген адамдар әрқилы пікір айтты. Бір кісі елдегі саяси өзгерістер мемлекет дамуына оң ықпалы тигізеді десе, енді бірі мүлдем үміт артып отырмағанын жеткізді. Десе де көпшіліктің зор ықыласпен келгені байқалады. Өз таңдауын жасағаннан кейін мектеп есігінің алдында фотосуретке түсіп, тарихи сәтті қалт жібермеуге тырысқандары байқалады. Отбасымен келгендердің жүзінде қуаныш ізі – бар.

Александр Савран, Орал қаласының тұрғыны:

– Республика басшылығы халық үшін оң өзгерістер жасағысы  келіп талпынып жатқаны байқалады. Өзінің бастамаларын іске асыруға құлшына кірісетін азаматтардың белсенділігі ұнады. Демократиялық жолмен өрлей түсуге конституциялық деңгейдегі шешімдер айрықша ықпал етері анық. Енді саяси алаңда көптеген мәселе ашық көрсетіледі. ҚР Парламенті органдары мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауына түсуге қатысты жаңа бетбұрыстар көңілге сенім ұялатады. Расымен де, бұрынғы қалыппен жүре беруге болмайды. Халық көтерген түйткілдерді шешу үшін тың  жобалар қажет.

 Ендіғой Сәрсенқызы, Орал қаласының тұрғыны:

– Балаларымның болашағы үшін дауыс беруге келдім. Мемлекет басшысы ел басқару жүйесіне жаңа көзқараспен қарайтынын айтып халыққа үндеу тастады ғой. Референдум өткен соң конституциялық өзгерістер өз деңгейінде жүзеге асатынына көз жеткізгім келеді. Расын айтайын, қазіргі уақытта кейбір бастамалардың іске қосылатынына кейде үмітпен, кейде күдікпен қараймын. Әрине, мұндай науқан кезінде бейжай қамсыз отыруға болмайды. Қазақстан Республикасының өркендеп, қанат жайғанын, әлемде озық мемлекеттермен тең дәрежеде болғанын қалаймын. Сондықтан жастардың болашағы үшін, ұрпақ қамы үшін дауыс беруге аяқтай келуді дұрыс санадым.

Марат Үмбетов, Орал қаласының тұрғыны:

– Шаһарда тұрып келе жатқаныма 30 жылдан астам уақыт өтті. Саяси науқандардан тыс қалмай, ел азаматы ретінде тұрақты түрде дауыс беремін. Жаңа серпіліс мемлекет болашағын жарқын етері анық. Бұған дейінгі саяси үдерістерге аса сеніңкіремейтін едім. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына риза болып, өз даусымды беруге келіп жатырмын. Рерферендумға дейін Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайындағы мәліметтерге қанық болдық. Президент өкілеттігін қайта қарастыру, мемлекет басшысының тума-туысын жоғары саяси лауазымдарға тағайындамау сынды талаптардың болуы өте орынды. «Көш жүре түзеледі» дегендей, егер реферндум қорытындысы сәтімен болса, іргелі өзгерістер ретімен жүзеге асады деген сенімдемін.

Надежда Косенко, зейнеткер:

– Әбубәкір Кердері көшесінің бір топ тұрғыны болып, дауыс беру учаскесіне келіп тұрмыз. Рефрендум қорытындысы жақсылық нышаны болғай. Президенттің ойға алған жобалары жүзеге асып кетуіне тілектеспін. Меніңше, халық қарсы бола қоймайтын сияқты. Біз секілді қария адамдарға деген қамқорлық толастамасын. Ең бастысы, әлеуметтік тұрғыдан қолдау күшейіп, зейнетақымыздың көбейе түсуіне септігін тисе екен дейміз. Саяси өзгерістерден соң серпіліс болатынына сенемін. Елімізде бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрсын.

Жансая Панабнекқызы, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 4-курс студенті:

– Рефрендум нәтижесіне үмітіміз зор. Дауыс беру арқылы ел тағдыры қандай болатыны айқындалуда. Болашаққа деген сенім, әсіресе, қазақ тілінің тағдыры толғандырады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға қатысты рефермолар іске қосылатынына үміттімін. Саяси науқан кезінде алғаш дауыс беріп тұрған жастың бірімін. Елімнің дамуына әсер ететін өзгерістер кезеңі екенін түсінемін.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале