18.01.2021, 18:30
Оқылды: 438

Көз жанары неге сыр береді?

Техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында өмірімізді ұялы телефонсыз елестету қиын. Сымсыз құрылғы кез келген уақытта бізді әлемнің кез келген нүктесімен байланыстыра алады. Алайда оның пайдасы мен зияны қатар жүретіні жасырын емес. Орал қаласындағы жоғары білікті көз дәрігері Айсәуле Абдохованың айтуынша, мектеп оқушыларының 60 пайызына жуығының көру қабілеті нашарлаған. Қауіптісі сол, ата-аналардың дені бастауыш сыныпта оқитын ұл-қызының көзі нашар көре бастағанын кеш біліп жатады екен.

 көз

– Балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сыныптың оқушылары көзінің нашар көре бастағанын білмейді. Бейне мен жазулар барлық адамға да солай көрінеді деп ойлайды. Содан атааналарына тақтадан көрмеймін десе, «Телефонды таста. Әйтпесе, қазір тартып аламын. Көзіңді құртып жатырған сол» деп бір-ақ  ауыз сөзбен аузын жауып тастайды. Жалпы перзентінің жанарын көз дәрігеріне тексертетін ата-аналар бірен-саран. Мектеп оқушыларына жүргізілетін медициналық тексерістен де «өтіп кетсе болды» деген көзқарас көбінде. Көзінің көрмейтіні анықталып, көзілдірік алса да екі жылда бір тексертеді. Телефон, гаджеттерге жиі телміретін баланың көзін алты ай сайын тексертіп тұру керек. Өйткені жасөспірімнің көзінің формалары өзгереді және телефоннан көзге көп күш түседі.

Көзі көрмеген баланың миының визуальды анализаторы дамымайды. Одан келіп есте сақтау және есту, дыбысқа назар аудару қабілеті кешеуілдейді. Яғни тыңдамайды, көңіл аудармайды, түсінбейді, ұмтылмайды. Көзді алты ай сайын профилактикалық тексерту керек, - дейді Айсәуле Сигматқызы.

Маманның айтуынша, көз ауруларының жиі кездесетін түрлеріне алыстан және жақыннан көрмеушілік, астегматизм, басыр, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу жатады. Көзге ақ түсу, лейкома – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл көбінесе жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабақта ақ дақ пайда болуы мүмкін. Мұның салдарынан көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәрідәрмекке жазылмаса, оған хирургиялық ота жасалады.

Көздің көрмеуіне алып келетін бірінші фактор – тұқымқуалаушылық. Ал егде тартқан жандардың көру қабілеті қант диабетіне шалдыққанда, қан қысымы жиі көтерілгенде, аллергия пайда болғанда нашарлайды. Сондай-ақ сыртқы ортаның жағымсыз әсері де болады. Мысалы, құрамында канцерогеннің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы пайда болуы мүмкін. Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге қырыққабат және жүгері жатады. Олардың құрамында дәрумендер мен минералды заттар көп болғандықтан, көздің қалыпты көру қабілетін сақтайды. Көздің жақсы көруі үшін тамақтың құрамында А дәрумені болу қажет. Ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Сонымен қатар көздің сау болуы үшін С, Вi, Be және В12 дәрумендерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді.

Сонымен қоса бүгінде адамдардың дені компьютермен жұмыс істейтіні белгілі. Компьютер, теледидарға қарағанда планшет пен смартфон, ұялы телефон  көзге көп зиянын тигізеді екен. Себебі дербес компьютердің мониторы үлкен. Ондағы әріптер де көзге жақсы көрінеді. Яғни біз монитордағы мәтінді оқу үшін көзімізге көп күш түсірмейміз. Ал смартфон мен планшет, ұялы телефондағы мәтін кішкентай.

Біз оны оқу үшін көзімізге жақындатамыз. Осылайша көзіміздегі бұлшықеттерге салмақ түседі. Салдарынан көру қабілетіміз нашарлайды. Көздің шаршауын болдырмау үшін бірнеше минуттан кейін назарды ауыстырып, демалдырып, бөлмені желдету қажет. Егер ауа тым құрғақ болса, батерияның астына су құйылған ыдысты қою керек немесе ауа ылғалдандырғышын пайдаланған дұрыс. Ал көзді күту үшін алдымен оның тазалығына баса мән беру қажет. Компьютерді жиі пайдаланатын болсаңыз, қорғаныш көзілдірігін кигеніңіз абзал.

–  Кей ата-аналар үш жастағы баласына интернет қосылған ұялы телефонды бере салады. Ал бала кішкентай кезінен ұялы телефонмен ойнаса, бір орыннан қозғалмайтыны белгілі. Мұның барлығы көзге, зейінге кері әсер тигізеді. Сондай-ақ ұялы телефонмен көп әуестенген балада эмоционалды тұрақсыздық пайда болады. Яғни ашуланып, тез ренжіп, айқайлап та кетуі мүмкін. Балада біртіндеп тәуелділік те пайда болады. Бұл оның психикалық дамуына зақым келтіреді. Тілі де жай шығады. Себебі бұл уақытта баланың ойсанасы тұрақсыз, әлі дамып, қалпына келіп жатқан кезеңнен өтеді. Бұл кезде бала қолдың сезімтал моторикасына, танымдық жүйесіне қатысты ойындарға қатысуы тиіс. Денесі көп қозғалып,  бұлшықеттері физикалық ойындар арқылы даму керек. Сондықтан сәби немесе жасөспірім болсын, жалпы перзентіңізді телефон, гаджет қарауға үйір қылмаңыз, - дейді  Айсәуле Сигматқызы.

Көру қабілетіне кері әсер ететін 5 фактор

Экология. Адамның тек тыныс жолдары мен терісі ғана емес, нашар экологиядан көз жанары да зардап шегеді. Шаң-тозаң, әсіресе, өндірістік, пайдаланылған газ, түтін және химиялық иіссіз газ көз жанарымызға орасан зор зиянын тигізеді. Бұл элементтер көзді ашытып, қызартып, қышытады. Лас ауамен қоса, күннің сәулесі мен хлорланған су да көзге зиянын тигізеді. Бастысы, күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік киіп, көзді ылғалдандырып, демалдырып, сәл де болса ыңғайсыздық туғанда көз дәрігеріне қаралған абзал.

Стресс. Жұмыстағы, отбасындағы айқау-шу ағзамыздағы әр мүшенің жұмысына кедергі келтіріп, ақыры қызметін тоқтатуы мүмкін.

Тамақтану. Асқазан жолдарының дұрыс жұмыс істеуі, таза қан тамырлары, сау бауыр – көздің көру қасиетіне оң әсерін тигізеді. Сондықтан тәттілерді, газдалған сусынды, фаст-фуд пен ұннан әзірленген тағамды шектеңіз. Көкөніс пен жеміс-жидекті, әсіресе, қызылша, сәбіз, асқабақ, мандарин, апельсин, грейпфрут, киви, ананасты көбірек жеңіз. Ал өрікті кептіріп те, қайнатып та жеуге болады. Шөп-шаламның рөлі айрықша. Қаражидек көзге өте пайдалы. Сонымен бірге дәрігерлер ақжелкен мен балдыркөкті күнделікті асқа көбірек қолданып, долана тұнбасын ішуге кеңес береді. Дастарқаныңызда құрамында фосфор мен мырышы бар теңіз балығы болғаны құба-құп.

Өмір салты. Егер кітаптан бас алмайтын «оқымысты», күндіз-түні гаджетке шұқшиятын, компьютер ойынының құмарпазы болсаңыз, көз жанарыңыздың нашарлағанына таңғалмаңыз.

Бір қашықтықта тапжылмай мониторға шұқшиып отыру жақсылыққа апармайды. Көзіңізге де демалыс беріңіз. Анда-санда монитордан ажырап, терезе алдына келіп сыртқа көз тастап, алыстағы үйлерге, аспанға қарап, айналадағы заттарға назар салып, көзді ашып-жұмып, жыпылықтатып көріңіз. Бұл көзге демалыс береді.

Жалпы денсаулық. Қант диабеті, гипофиз аденомасы және басқа аурулар мен ағзадағы патогендік үдерістер көру қабілетін нашарлатады. Ішімдік пен темекіден бас тартыңыз. Ұйқыны қандырыңыз. Көздегі қан айналымын жақсарту үшін суық және жылы сумен алма-кезек бет жуыңыз.

Көз күтіміне арналған кеңестер 

  • Бөлмеге жарық біркелкі түсуі керек және жарықтың қапталдан түскені қолайлы. Сондай-ақ бөлменің төбесі қабырғасына қарағанда ашық, ақ болуы тиіс.
  • Бала жазу жазып, кітап оқығанда үстелдің орналасуына мән беріңіз. Жарық баланың сол жағынан түскені дұрыс. Орындықтың биіктігі, арқалығы ыңғайлы, балалардың бойына сәйкес болсын.
  • Көру гигиенасын сақтау керек. Жазу жазып, кітап оқығанда фокустық арақашықтық шамамен 30-35 сантиметрден кем болмауы тиіс.
  • Компьютерде 1-2 сағаттан артық отырмауға тырысыңыз. Ал баланы жарты сағаттан артық отырғызбаңыз.
  • Дұрысында экранның жоғарғы бөлігі көздің тұсынан төмендеу тұруы керек. Жұмыс арасында мүмкіндігінше 5-10 минут үзіліс жасаған жөн.
  • Үзіліс кезінде көзді жоғары-төмен, оңға-солға айналдыра қозғалту, терезеге қарап, алысқа көз жіберу, одан соң жақынға көз салу секілді көз жаттығуларын жасаған дұрыс.
  • Көру қабілетін сақтауда тағам өнімдерінің де маңызы зор. А, В тобы, Е, С дәрумендеріне бай тағамдарды көбірек тұтынса, көзге пайдалы. А дәрумені сәбізде, көк бұршақта, пиязда, сүзбеде көп. В1 дәрумені жаңғақта, жүгеріде, бидайда, ал В2 дәрумені салат жапырақтарында, алмада, бидай дәнінде, В6 дәрумені орамжапырақта, жұмыртқаның сары уызында, балық өнімдерінде мол. Ал В12 дәрумені жүзім, шабдалы, кивиде және кептірілген өрікте бар.

 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале