9.06.2026, 18:00
Оқылды: 5

Интернет-алаяқтардан сақ болайық

Бүгін Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде киберқылмыстың алдын алу және тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік саласындағы сауаттылығын арттыру мақсатында маңызды кездесу өтті. Жиынға Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Ғайсаұлы Мусагалиев арнайы қатысып, киберқауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

image-09-06-26-04-03-3

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі  Сергей Астафьев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мекеме және бөлім басшылары мен мамандары, білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек ашып, бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енуімен қатар, интернет алаяқтық пен киберқылмыстың да көбейіп отырғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілді, қаржылық операциялардың басым бөлігі онлайн режимде жүзеге асырылуда. Мұның бәрі уақыт үнемдеп, халыққа қолайлы жағдай жасағанымен, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Сондықтан тұрғындардың киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Кездесудің негізгі бөлігінде полиция полковнигі Артур Мусагалиев облыс аумағында тіркеліп жатқан киберқылмыстардың сипаты мен олардың алдын алу жолдары туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің түрлері күрделеніп, қылмыскерлер азаматтардың сеніміне кірудің түрлі тәсілдерін қолдануда.

Әсіресе, жалған банк қызметкерлері болып хабарласу, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған хабарламалар тарату, интернет-дүкендердегі алаяқтық, жалған инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеу секілді құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Осындай жағдайларда азаматтар сақтық танытып, жеке мәліметтерін, банк карталарының деректерін және SMS арқылы келетін кодтарды бөгде адамдарға бермеуі керектігі ескертілді.

Полиция полковнигі тұрғындарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сақтықпен қарау, мобильді қосымшаларды тек ресми платформалар арқылы жүктеу және екі деңгейлі қорғаныс жүйесін пайдалану қажеттігін атап өтті.Сонымен қатар Артур Ғайсаұлы құқық қорғау органдары тарапынан интернет аляқтықтың,киберқылмыстың алдын алу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол тұрғындарды кез келген күмәнді жағдай туындаған кезде құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласуға шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, интернет кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар мен кеңестер айтылды. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасып, қажетті ақпараттар  алды.

image-09-06-26-04-03-2

Маманның  айтуынша, киберқауіпсіздік – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігін талап ететін маңызды сала. Сондықтан ақпараттық технологияларды пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.Шара барысында жадынамалар таратылды.

Осындай тағылымды кездесулер тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да оң ықпал етеді. Киберқылмыстың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

Светлана Ешматқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале