Батыс Қазақстан облысы Қазақстандағы аграрлық-индустриялық маңызды өңірлердің бірі, мұндағы экономиканың іргетасын негізінен мұнай-газ өнеркәсібі қалайды. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы өңірдің жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) көлемі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,9%-ға ұлғайып, 3,3 млрд теңгені құрады. ЖӨӨ негізінен тауарлар өндірісі есебінен қалыптасады (57,7%), ал қалған 33,3% -ды қызмет көрсету саласы құрайды.
Өңірдің экономикалық дамуында жетекші рөлді әлемдегі ең ірі мұнай, газ және газ конденсат кен орнының бірі – Қарашығанақ кен орны атқарады. Бұл стратегиялық активті «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) консорциумы басқарады. КПО 2024 жылы тұрақты және тұрақтандырылмаған сұйық көмірсутектерді, экспортқа жіберілетін шикі газды және ішкі пайдалануға арналған тазартылған газды қоса алғанда 143,3 миллион мұнай эквивалентінің баррелінде өнім өндірді. Кен орнында 132 өндіруші және 23 кері айдау ұңғымасы бар, ал ұңғымалардың жалпы саны 577.
Компания өндіру және экспорттаумен қатар, экологиялық тұрақтылық пен көміртексіздендіруге үлкен мән береді. Газды кәдеге жарату әлемдік стандарттар деңгейіне, яғни 99,95%-ке жетті. КПО энергия тиімділігін арттыру, метан шығарындыларын азайту және төмен көміртекті баламаларды іздеу саласында инновациялық шешімдерді енгізіп жүр. 2024 жылдың басында КПО БҰҰ-ның «Мұнай-газ секторының метан шығарындыларына қарсы күрес жөніндегі серіктестігі 2.0» бағдарламасына қосылып, халықаралық экологиялық бастамаларды қолдайтынын көрсетті.
Компания тарапынан жергілікті қамтуды дамытуға және отандық мердігерлерді қолдауға көп көңіл бөлінеді. КПО дерекқорында 6 658-ден астам қазақстандық жеткізуші тіркелген, ал жергілікті қамтудың жалпы көлемі 1997 жылы ӨБТК-ге қол қойылғаннан бері 10,8 млрд АҚШ долларынан асты. 2024 жылы бұл көрсеткіш 679,7 млн АҚШ долларын немесе барлық төленген келісімшарттардың 65%-ін құрады. Ағымдағы жобалар шеңберінде тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 18%-ке өсті, бұл КПО-ның ұлттық өндірісті қолдауға ұмтылысын көрсетеді.
КПО қызметінің тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. 2024 жылы компания Қазталов және Тасқала ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешендері, сондай-ақ Саралжын және Жарсуат ауылдарында жаңа мектептер құрылысын аяқтады. 1998 жылдан бастап КПО қаражатына мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары мен жолдарды қоса алғанда 250-ден астам әлеуметтік объектілер салынды. Бүгінгі таңда консорциум акционерлерінің Қарашығанақты игеруге салған инвестициялары 32,8 млрд АҚШ долларына жетті.
2024 жылдың жазында компания Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін ғана емес, еліміздің жалпы экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар Қарашығанақты кеңейту жобасының 1-кезеңі (ҚКЖ-1А) объектілерінің құрылысын аяқтады. Бесінші газды кері айдау компрессорын пайдалануға беру қабат қысымын сақтау көлемін және өндіру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында газды тиімді өңдеу және кері айдау үшін қажетті жаңа газды сығымдау және газды кептіру қондырғылары орнатылды.
Қарашығанақ кен орнының тұрақты жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының бюджетіне елеулі салық түсімдерін әкеледі, ал кеңейту бойынша жаңа жобалар ел кірісінің өсуін қамтамасыз етеді.
КПО өнеркәсіптік жобалармен қатар, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысады. 2024 жылғы желтоқсанда Ақсай қаласында Батыс Қазақстан фермерлеріне заманауи агротехнологияларды меңгеруге және грант алуға көмектесетін «Батыс АгроХаб» жобасы аясында тренинг өтті. Жоба Shell және Eni компанияларының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады, ал КПО әкімшілік және логистикалық көмек көрсетеді. Тренинг қорытындысы бойынша 34 қатысушыға сертификат табысталып, 2025 жылы грант алуға өтінім жасау мүмкіндігі берілді.
КПО-ның шағын бизнесті қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары өңір халқының өмір сүру деңгейін жақсартып келеді, атап айтқанда фермерлерге шаруалықтарын дамытуға жаңа мүмкіндіктер берілді, өскелең ұрпаққа арнап заманауи мектептер мен спорт нысандары салынды және аймақ экономикасына тұрақты инвестициялар құйылып жатыр. Бұл КПО қызметінің тек мұнай өндірумен шектеліп қоймай, сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы мен жалпы Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына қосатын үлесі зор екенін көрсетеді.
«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. компаниясының баспасөз қызметі
PR