«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруда департамент халықтың құқықтық сауатын арттыруға, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және азаматтарға заң көмегін көрсетуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Әдемі Бектібаева баяндады.

Құқықтық түсіндіру жұмысы әртүрлі сипатта жүргізіледі. Атап айтқанда, акциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, дәрістер мен тікелей эфир түрінде өтеді. Сондай-ақ азаматтарды қабылдау, ақпараттық топтардың көшпелі кездесулері, халық арасында сауалнама жүргізу, БАҚ пен әлеужелі арқылы да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Мұндай кешенді тәсіл халықтың түрлі санатын қамтуға, азаматтармен өзара іс-қимыл жасауға, өзекті құқықтық мәселелерді анықтауға және қажетті құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
– Департамент прокуратура, полиция құрылымдарымен және басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Аталған қағидатты жүйелі іске асыру тетіктерінің бірі – өңірлік деңгейде мүдделі мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі жобалық кеңсенің қызметі. Жобалық кеңсенің жұмысы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, өткізілетін іс-шараларды үйлестіруге, ілгерілетудің бірлескен тәсілдерін әзірлеуге бағытталған. Біздің қызметімізде өскелең ұрпақ пен жастарды құқықтық тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Жастарға заңнаманың ережелері, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық жауапкершілік және құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері түсіндіріледі. Бұл ретте теориялық құқықтық ағартумен қатар практикалық дағдыларды дамытуға да ерекше мән береді. Бұл, бір жағынан, студенттердің практикалық құқықтық білімін жетілдіруге, екінші жағынан, халыққа тегін заң көмегін көрсету үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.
Департаменттің құқықтық түсіндіру қызметінің өзекті бағыттарының бірі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелерін түсіндіру. Осы бағытта мемлекеттік қызметшілердің, заң қоғамдастығы өкілдерінің, жастардың және азаматтардың басқа да санаттарының қатысуымен семинарлар, кездесулер және интерактивті іс-шаралар өткізіледі. Конституцияның негізгі ережелері, көзделген жаңашылдықтар және олардың мемлекеттің құқықтық жүйесін одан әрі дамытудағы маңызы түсіндіріледі. Осылайша департаменттің «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізіп отырған жұмысы құқықтық ағартудан және құқықбұзушылықтардың алдын алудан бастап, азаматтарға тікелей тұрғылықты жері бойынша нақты заң көмегін көрсетуге дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Осыған байланысты нотариаттық қызмет саласындағы негізгі заңнамалық өзгерістерге жеке тоқталып өткім келеді. Елеулі жаңашылдықтардың бірі – нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылауды жетілдіру. Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңында осы саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың арнайы тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі. Мемлекеттік бақылау субъектілері ретінде жеке практикамен айналысатын нотариустар және аумақтық нотариаттық палаталар айқындалған. Мемлекеттік бақылауды аумақтық әділет құрылымдарының лауазымды адамдары жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер нысанында жүзеге асырады. Жоспарлы тексерулер нотариустардың тексеру басталғанға дейінгі үш жыл ішінде нотариат туралы заңнама талаптарын сақтауына қатысты жүргізіледі. Жоспардан тыс тексерулер растайтын дәлелдер болған кезде нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша жүргізіледі. Тексерулерді жүргізу мерзімдері нақты айқындалған. Жоспарлы тексеру жиырма жұмыс күнінен аспайды, жоспардан тыс тексеру жеті жұмыс күнінен аспайды, – деді Әдемі Әлібекқызы.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»