21.12.2023, 16:45
Оқылды: 40

Құм да, тұз да себілмек

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов облыс аумағында 6183 шақырым автомобиль жолдарына күтім жасалатынын мәлімдеді. Оның 1421 шақырымы республикалық, 1620 шақырымы облыстық, ал 3142 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары екен.

бауыржан

Аталған республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 1032 шақырымына «КАЖСервис» ЖШС-ның облыстық филиалы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде 245 шақырым учаскесі күрделі жөнделуде. Осы жолдың 72 шақырым учаскесі қайта құрылуда. Ал облыстық маңызы бар 1488 шақырым жолға 9 мердігер күтіп- ұстау жұмыстарын жүргізбек. Жолдың 132 шақырым учаскесі қайта жаңартылып жатыр. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болғандар үшін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда жалпы саны 19 жылыту пункті дайындалған. Ондағы 6 пункт республикалық жолдарда болса, 13 қосын облыстық жолдарда жұмыс істейтін көрінеді.

– Республикалық маңызы бар автомобиль желісіне қысқы кезеңде «КАЖСервис» ЖШС мекемесінің 63 бірлік техникасы қызмет көрсетеді. Атап айтсам, 3 бірлік шнекоротор, 26 бірлік арнайы әмбебеп жол техникасы (КДМ),  10 бірлік автогрейдер, 13 бірлік трактор, 9 бірлік тиегіш және 2 бірлік бульдозер. Сонымен қатар автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аталмыш мекеме филиалы басқа ұйымдардан 12 бірлік қажетті жол құрылыс техникасын алуға келісімшарт жасасты. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына 14 бағыт бойынша күтіп ұстау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жолдарды күтіп ұстау жөнінде 2021-2023 жылдарға келісімшарт жасалып, 3 жыл мерзімде 9 мердігер жұмыстарын атқаруда. Осыған сәйкес қазір облыстық автожолдарды 2024-2026 жылдарға жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Облыстық жолдарды күтіп ұстаушы мердігер ұйымдардың  иелігінде  98 бірлік  арнайы техника, 8 тіркемелі грейдер және патрульдік  жеңіл автокөліктері бар. Қысқы күтім кезінде көктайғаққа қарсы қажетті материалдарды дайындау бірінші кезекте тұрады. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша республикалық жолдарда 2023-2024 жылдарға 16200 тонна құм-тұз қоспасын әзірлеу жоспарланған. Бүгінде 13270 тонна құм және 1555 тонна тұз дайындалды. Қосымша 1375 тонна тұзды жеткізу жұмыстары атқарылуда және жолдарға «Тайғақ жол» мен «Қауіпті аймақ» жол белгілері орнатылды. Ескерте кетейін, егер республикалық маңызы бар жолда жүру мүмкіндігі қиындаған жағдайда 1403 нөмірі бойынша call-орталыққа хабарласуға болады, – деді басқарма басшысы Бауыржан Есқайырұлы.

Көліктер қарқынды жүретін жолдарда қардан тазалау жұмыстары бірінші кезекте 2-4 сағат аралығында атқарылады екен. Ал жалпы автомобиль жолдарында мұндай жұмыстар қар түскеннен кейін 24 сағат аралығында орындалады. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағында республикалық 15 шақырым және облыстық 1,8 шақырым жолға қар ұстағыш қалқандар орнатылған.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале