21.12.2021, 9:41
Оқылды: 110

Күмбірлі күй төгілген күн

Күй  –  ұлттық қазынамыз. Елорда төрінде, яғни  «Астана  Опера»  мемлекеттік  опера және балет театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында  белгілі күйші-домбырашы,  ұстаз, фольклортанушы ғалым Айтжан Тоқтағанның «Күй  –  ғұмырым, ұстаздық  –  тұғырым» атты концерті өтті.

20211105_211641 

Айтжан Есенұлы 1946 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі. Елу жылға жуық ұстаздық қызмет атқара жүріп, күй тарихын терең зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер мен кітаптар жазған.

Ұлы күйшілеріміз Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина және Сейтек туралы көп томдық еңбектері де жарыққа шықты.

Сонымен, бұл күні 75-тің белесіне көтерілген өнер иесіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты табыс етілді. Онда: «Қазақ тарихының өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Байсерке, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды Ұлы дала дарындарының дәстүрлі жолын жалғастырып, талғампаз тыңдарманның жүрек төрінен орын алдыңыз. Алдағы уақытта да игі бастамаларыңыз жүзеге асып, еселі еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз» делінген. Ал өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов: «Өнерді біз қазақтың қара домбырасы арқылы ұғындық. Ал сіздей ұстаздың арқасында күйдің қасиетін біліп, азамат атанып, саяси-қоғамдық істерге араласып жүргеніміз анық. Осы орайда сізге шексіз алғысымды білдіремін», – деп ағынан жарылды.

Сондай-ақ айтулы өнер иесінің мерейтойына Батыс Қазақстан облысынан да арнайы делегация келді. Алдымен осы өңір басшысы Ғали Есқалиевтің  құттықтау хаты оқылса, алыстан ат артып жеткен Жәнібек ауданының  әкімі  Азамат  Сафималиев  те  сый-сияпатын  табыстады.

Өз кезегінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевтің қадірлі ұстазын құттықтауы өте әсерлі шықты. «Біз – Айтжан ағаның шәкірттеріміз. Ол – өмірін күйге арнаған адам. Қазақ күйін зерттеуді Ахмет Жұбанов бастаған болса, Айтжан аға – сол сара жолды жалғастырушы. Бүгінде музыка мектептері мен оқу орындарындағы мыңдаған шәкірт А. Тоқтағанның кітаптарымен сусындауда. Жалпы, бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіріп, өнердің өркендеуіне қызмет етіп келе жатқан Айтжан аға да, сүйікті жары Перизат апайымыз да айрықша құрметке лайық жандар. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте біз Перизат Елеусізқызының тәрбиесінен тәлім алсақ, Қазақ ұлттық консерваториясында   Айтжан аға дәріс берді. Қазіргі таңда азды-көпті жетістіктерге жетіп жүргеніміз осындай ұстаздардың арқасы», – деді ол риясыз көңілін білдіріп. Әрі ректор іргелі ұжым атынан А. Есенұлының иығына шапан жапса, П. Елеусізқызына камзол кигізді. Келесі кезекте ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері,  ақтаулық  Рухия Батыршева:

«Ақыл-ой, терең білім кемесімен

Өттіңіз талай   уақыт белесінен.

Ағасыз Ақ Жайықтан түлеп ұшқан,

Еңбегің ұмытылмас ел есінен!» – деп ұстазына жырдан шашу шашып, маңғыстаулықтардың сәлемі ретінде Сүгірдің термесін орындады. Мерейтой иесінің қызы, бүгінде ұстаздық қызметте жүрген Айтолқын Тоқтаған Динаның күйін төгілтіп, көрермен қошеметіне бөленсе, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали Мұхиттың «Айдайын» әуелетті.

Айбатыр Сейтақ,

ақын-журналист,

Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале