9.04.2024, 11:00
Оқылды: 42

Күн райын дәл болжау мүмкін бе?..

Қазақстандағы метеорологиялық бақылау ХІХ ғасырдың ортасынан бастап жүргізіле бастады. Ақ Жайық өңірінде метеорологиялық бақылаулар ХІХ ғасырдың аяғында тұрақты жолға қойылды. 1891 жылы Калмыков (қазіргі Тайпақ), 1897 жылы Жымпитыда, 1899 жылы Оралда метеостанса ашылды. Қазан революциясына дейін метеостанса желісі баяу дамыды. Облыс аумағында 1915 жылы Орда метеостансасы, 1912 жылы Жайық өзенінде гидрологиялық пост іске қосылды.

Шапанов

– 1936 жылы Батыс Қазақстан облыстық гидрометқызмет басқармасы құрылды. Қазір өңірде 13 метеостанса, 5 автоматты станса, 9 агрометеорологиялық және 22 гидрологиялық пост бар. Атмосфераның ластануын алты автоматты пост бақылайды. Филиалда 149 адам, соның 106-сы желіде қызмет етеді. Метеостансалар ағымдағы жөндеуден өтіп, құрал-жабдықтары жаңартылып тұрады. Орда метеостансасы спутниктік байланысқа қосылды. Екі станса автоматты станса қатарына өтті. Енді Орда, Январцев, Қаратөбе стансаларын жаңа орындарға көшіреді. Үш жыл бұрын агрометеорологиялық мәліметтерді цифрландыру мақсатында «Арман» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Бағдарлама шаруашылықтарды егіс болжамы, егін шығымы туралы қажетті ақпараттармен қамтиды. Бүгінде гидроболжам моделі түбегейлі өзгерді. Болжам апта сайын беріледі. Филиалдың бес автоматты стансасы, 6 автоматты пост ақпаратты адамның қатысынсыз, метеопорталға автоматты режімде жібереді. AIR-KZ қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен ауа райының деректері бақыланады. 2021 жылдан бастап филиал базасында батыс өңірдегі филиалдарға барып, өлшеу құралдарын тексеретін арнайы топ құрылды, – деді «Қазгидромет» РМК Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Тілеген Шапанов (суретте).

Ақпараттар жинақталады

Гидрометеорологиялық мониторинг бөлімінде ақпараттар жинақталып, өңделеді, одан әрі ауа райын болжауға жібері­леді. Өткен жылдардағы ақпараттарды тұрғындардың, атқарушы құрылымдардың, мекеме-ұйымдардың сұраулары бойынша дайындап, ұсынатын да – гидрометеорологиялық мониторинг бөлімі.

– Бала кезімнен табиғат құбылыстары, жаңбырдың жаууы, найзағайдың жарқылдауы, бұлттардың қозғалысы қатты қызықтыратын. Бәйтерек ауданындағы Белес ауылындағы білім ұясынан түлеп ұшып, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетінде инженер-гидролог мамандығына оқыдым. Бұл мамандыққа құмар шәкірттерге физиканы, географияны, математиканы жақсы оқыған дұрыс. Мамандығым өзіме ұнайды. Гидробекеттерге, өңірдегі бірқатар ауылға инспекциялау жұмысымен іссапарларға шығамыз. Өңірдегі ірі өзен-көлдердің барлығын көрдім. Табиғаттың сұлулығын көрудің өзі – бір ғанибет! Мамандығымыз романтикаға толы, – деді аталмыш мекеменің гидрометеорологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Айдана Меңдібаева (суретте).

Осы бөлімдегі жетекші инженер-метеоролог Гүлнар Сидекова 1988 жы­лы мектеп бітіргеннен кейін 1992 жылға дейін Жаңақала ауданында телефонистка болып еңбек етті. «Бірде Арыстанбеков деген ағай метеоролог оқуына шақыртқан телеграмма жіберді. Соны оқып, Қырғызстанның Бішкек қаласына метеорологтар даярлайтын жеті айлық мектепке оқуға бардым. Содан бері осы салада жүргеніме 30 жылдай болды. Жәнібек ауданында Ащыөзек метеостансасында қызмет еттім. Кейін ол станса жабылды. Чапаев ауылындағы метеостансада қызметте болдым. Кейін Өзбекстанға Ташкент гидрометеорология техникумында оқып, білім алдым. 2010 жылы Оралдағы «Қазгидромет» мекемесіне техник-байланысшы болып қызметке қабылдандым. 20152020 жылдары қызме­тім­нен қол үзбей жүріп, Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы гидрометеорологиялық мемлекеттік университетінде оқыдым. Біздің мамандықты таңдағандар өмір бойы оқиды десем, артық айтқандық емес. Өйткені жаңа технология, жаңа құрал-жабдықтар қолданысқа енуде», – дейді Гүлнәр Сидекова өз әңгімесінде.

Бөлімдегілер метеостансалармен тікелей байланыста отырады. Мамандар ауа райының өзгерісі, ауаның ылғалдылығы туралы мәліметті тікелей компьютерге жіберетін инновациялық қондырғылармен жұмыс істейді. Технология қарыштап даму үстінде. Дегенмен желдің бағытын, жылдамдығын, құбылыстардың көрінуін, басталуын метеорологтар даладағы алаңға барып қарайды, бақылайды. Аязды және боранды күндері, нөсер жаңбырда, дауылда, аптап ыстықта да үш сағат сайын сырттан бақылап, тіркеп жазады. Орал мен Тайпақтағы екі стансада ауаның тазалығы бақыланады. Қазіргі кезде «Қазгидромет» мекемесінің өңірдегі филиалы жоғары білімді мамандар-мен қамтылған. Мысалға, метеоболжаулар бөлімінің басшысы Динара Оспанова,  инженерсиноптик Лауаз Төлепов, гидрометеорологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Айдана Мең­дібаева, инженер-метеоролог Лунара Қайсенова, мекеме директоры Тілеген Шапановтар – әр жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген білікті мамандар.

Болжамдар шындыққа айналды

Өңірдегі үлкенді-кішілі су айдындарында 22 гидробекетте гидроме­теорологиялық мониторинг жүргізіледі. Бекеттерде жасайтын бақылаушылар судың деңгейі мен өтімін, судың температурасын белгіленген уақыт бойынша өлшеп тұрады. Қыс мезгілінде мұз құбылыстарын және қалыңдығын өлшейді, қар өлшемдерін түсіреді. Филиалдың инженер-гидрологтары бекеттерден түсіп тұратын ақпаратты уақтылы өңдеп, гидрологиялық бюллетеньдер шығарады, жинақталған деректердің негізінде қауіпті құбылыстарға дауылды ескерту­лер жасап, құзыретті құрылымдарға дер кезінде жолдап тұрады. Жыл ішінде бекітілген нұсқаулық пен жоспарға сәйкес филиал маманда-ры су бекеттеріне барып әдістемелік көмек көрсетеді. Облыста орын алып отырған тасқын жағдайына байланысты бақылаушылар өлшемдерді жиі жасауда. Бекеттерде күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандардың жіберген ақпараттарын гидрологтар тез іске жаратып, халыққа қажетті мәліметті уақтылы жеткізіп отыр. Гидрология бөлімінде инженер-гидрологтар Зәмзәгүл Хожина, Ольга Богаче­ва, Әсем Супалдьярова (биыл Санкт-Петербор гидрометеорологиялық университетін аяқтады) жұмыс істейді. Осы жоғары оқу орнын метеоболжаулар бөлімінің жетек­ші инженер-синоптигі Ольга Козлова да бітірген.

Наталья Аксамит – жоғары санатты техник-агрометеоролог. Агрометеорология бөліміндегілер ауа райының өсімдіктерге әсерін бақылайды. Мұндай бағытта 9 пост жұмыс істейді, соның алтауында агрометеорологтар бар. Олар топырақ ылғалдылығының дәнді дақылдарға, жайылымдарға әсерін зерттейді. «Қазіргі уақытта ауа температурасы, жердің тоңы, топырақтың ылғалы бақылануда. Сәуірдің екінші жартысынан бастап егін егу науқанынан бұрын арнайы аспаптардың көмегімен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бөлімдегілер зерттеу нәтижелерін қарап, тиісті есептеулер жасайды. Күзде жерге ылғал мол түсті, өсімдіктің дамуының үшінші кезеңінен бастап дән салғанға дейінгі аралықта жауын-шашынның болуы маңызды. Сон­да егіннің шығымы жақсы болады», – дейді Наталья Владимировна (суретте).

Бұлттың түрі көп

Метеостансада еңбек  ететін мамандар бұлттарға қарап, не жауатынын, қандай құбылыс болатынын құралсыз-ақ көріп-біліп отырады. Мамандардың айту­ынша, бұлттардың түрі көп, барлығының латынша атауы бар. «Алматы қаласындағы гидрометеорологиялық мектеп­те оқыдым. Оны бітірген соң, Аңқаты ауылындағы метеостансада қызмет еттім. 1985 жылы Оралға Т. Масин көшесіндегі обсерваторияға қызмет ауыстырдым. 1996 жылдан бері синоптиктер бөліміндегі байланыс торабында байланысшы-техникпін. Метеодеректер, ақпараттар жинап, Алматыдағы, Астанадағы орталықтарға жібереміз. Сол жіберілген ақпараттар негізінде ауа райына болжам жасалады. Осы салада 40 жылға жуық еңбек етіп, зейнеткерлікке жеттім. «Қазгидромет» мекемесінің 90, 100 жыл-дық мерейтойына байланысты «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталдым», – дейді әзірге қызметін қимай жүрген Қамқа Бертілеуова (суретте).

Синоптик Тагир Хисуков мектепте география пәнін жақсы көріпті. Ресейдің Волгоград облысында туып-өсіп, Н. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінде оқып, қолданбалы гидрометеоролог мамандығын алған.

Тагир Хисуков синоптик

«2008 жылы Қазақстанға, Оралға  келдім. 2009 жылдан бе­рі осы жерде синоптик қызметін атқарудамын. Ауыл-аудандардағы метеостансалардан нақты деректер телеграммалар болып түседі. Соларды өңдеп, бір тәуліктің ауа райын болжаймыз. Математика, география пәндерін сүйетін балалар метеоролог бола алады. Біз маман ретінде ертеңгі ауа райын  елден бұрын біліп отырамыз. Кейбір туматуыстар ертеңгі күн райы қандай болады? деп қоңырау шалып жатады. Табиғат құбы­лыстары кейде күрт өзгеріске түседі. Ол желге де байланысты болады. Біздің болжамдарымыз 90 пайыздың үстінде дәл келеді. Қазір адамдардың атқаратын қызметтерін автоматты стансалар атқаруда. Уақыт өте келе, біздің мамандық та біраз өзгерістер болуы ықтимал деп ойлаймын. Бүгінде ауа райы күрт өзгермелі. Күн жып-жылы бола тұра, кенеттен жаңбыр жауып, әп-сәтте күн салқындайды. Осының бәрі жер шарындағы климаттың жылынуына байланысты болса керек», – деді Тагир Хисуков (суретте).

Зертхана барын біле жүріңіз...

Қоршаған ортаны ластаудың, жер үс­ті суларының мониторингі кешенді зертханасы Орал қаласы бойынша төрт, Бөрлі ауданындағы Ақсайда және Бөрліде бір-бірден автоматты қондырғы ауаның ластануын, ауадағы газ шығарындыларын бақылайды. Орал және аудандардағы жер үсті суларының сапасына сараптама жасалады. Соның ішінде Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен, Сары өзен, Шыңғырлау, Елек, өзенде­рінен және Шалқар көлінен, Кө­шім арнасынан су сынамалары алынады. «Судың ластану жағдайы межеден жоғары болғанда Астана қаласындағы экология мониторингі департаментіне хат жолдаймыз. Судың сапасынан бөлек судағы шөгінділер зерттеледі. Орал бо­йынша 5 нүктеден алынатын топырақты Атыраудағы филиалға зерттеуге жібереміз.

Ауаның ластануы, судың сапасы туралы мониторинг қорытындылары жергілікті құзырлы құрылымдарға жіберіледі. Сараптамаларымыз «Қазгидромет» сайтында жарияланады. Зертханамыз аккредитациядан өткен, толықтай жабдықталған. Мамандарымыз ай сайын білім жетілдіру курстарында оқиды», – деді зертхана басшысы Салтанат Аянова.

«Сонымен қатар зертхана 5 жыл сайын аккредитациядан өтеді, жыл сайын ішкі аудит жүргізіледі», - дейді инженер-химик, сапа бойынша менеджер Гүлдәрия Хамитова.

Көпшілік «Қазгидромет» мекемесінде тек ауа райына болжам жасалады деп біледі. Сонымен қатар мұнда адам денсаулығын сақтау, өмір сапасы жақсы болуы үшін жұмыс істейтін зертхана барын біле жүріңіз.

Қорыта айтсақ, биылғы көктемде жауын-шашын көп  болса, күн лезде жылынып, жер тоңы түсіп кетеді деген ақпаратты метеорологтар  қыстың алғашқы күндері берді. Өкінішке қарай, сол болжамдар расқа айналды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале