26.03.2022, 13:00
Оқылды: 251

Құрақ доп тігеді

Қазақтың қолөнері – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнап, бірге жасап келе жатқан, санғасырлық тарихы бар өнер. Ағаш ою, іс тігу, кесте төгу, киіз басу, құрақ құрау сықылды бұрынғылардан мирас болған дәстүрлі өнерді ұмытпай, айналамызға насихаттай жүру – әрқайсымыздың парызымыз. Құр сөзбен емес, өз ісімен дәстүрлі қолөнерді жаңғыртып жүргендердің қатарында 63 жастағы  Нұргүл Сисенова бар.

659a3f25-5fbd-4363-a6cf-ced175ddbadd

Ол Орал қаласында тұрады. Жоқтан бар жасауға қабілетті жан алғашында бисер тоқып, кесте төкті. Кейін қазақ халқының ұлттық өнерін жандандырғысы келіп, құрақ құрауды да меңгерді. Зейнеткерлікке шықпас бұрын Нұргүл ханым ауылда су жіберетін машинист болып жұмыс жасаған. Бұрын қолөнермен, тігіншілікпен кәсіби түрде айналыспаса да, соңғы жылдары Гүлстан Жандосқызының шеберлік сабағына қатысып, құрақ құрау өнерін  меңгеріп алды.

IMG-20220326-WA0028

Бір қызығы, Нұргүл Құдакелдіқызы көрпе-жастықтан бөлек құрақ допты да тігеді. Сенесіз бе? Балаларға ойнауға арналған кәдімгі теңбіл допты мата қиындыларынан құрайды. Ішіне халафайдер материалын тығыздап салады. Нұргүл ханымның айтуынша, мұндай доптар кішкентай балаларға ойнауға қауіпсіз әрі экологиялық жағынан резеңке доптан 1000 есе тиімді, табиғатқа зиянсыз. Құрақты көріп өскен бүлдіршін абстрактілі ойлауға және ұшқыр интеллект иесі  болып өсері сөзсіз.

Құрақ құраудың тағы да біз біле бермейтін сыры – оның тігісінде. Қыз жасауына құрақ көрпелер мен жастықтың тысы арнайы тігіледі. Ал көрпе-көпшіктердің шебер тігілуі шарт. Себебі тігісі үзілмей тігілген құрақ бұл – үрім-бұтақтың, ырыс-несібенің, бақ-берекенің үзілмеуінің нышаны. Ежелгі қазақ қоғамының құрақты шебер әрі ұқыпты құрауының астары да сонда жатса керек. Құрақ құрау асқан төзімділікті, жігерді, күшті талап етеді.  Нұргүл ханым «Болдым, толдым» деп отырған жоқ, әлі де үйренсем, білсем дейтіні көп. Болашақта шәкірт тәрбиелеп,  құрақ құрау өнерін мирас етіп қалдырғысы келеді. Мұны Нұргүл Құдакелдіқызы адамзаттың алдындағы азаматтық парызы деп біледі.

Альбина Болатова, 

мектептен тыс жұмыс орталығындағы «Жас тілші» үйірмесінің мүшесі,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале