Таяуда облыс орталығындағы «Depo» базарында дәстүрлі әрі ауқымды «Құрақ көрпе» фестиваль-жәрмеңкесі өтті. Шара облыстық іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен және кеңес төрайымы Ляна Тұрсынованың жетекшілігімен өткізілді. Шараның мақсаты – ұлы дала дәстүрлерін жаңғырту, ұлттық қолөнерді насихаттау және оны экономикалық, мәдени, әлеуметтік даму жолына бағыттау.
– Бұл жолғы шараның басты ерекшелігі – қатысушылар географиясының кеңеюі. Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан келген қолөнершілер жәрмеңкенің аясын бұрынғыдан да кеңейтті. Сондай-ақ биыл фестивальге алғаш рет оқушылар мен мұғалімдер тартылды. Жалпы саны 100-ге жуық шебер өз туындыларын көпшілікке ұсынса, соның 20-сы – мектеп оқушылары. Бұл – болашақ қолөнершілер буынының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Биыл біз қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында оларды түрлі аталымдармен марапаттайтын боламыз, – деді фестивальді ұйымдастырушылардың бірі, іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, қолөнер шебері Жарқынай Әкімғалиева.
Екі күнге созылған жәрмеңке аясында шеберлер тәжірибе алмасып, семинарлар мен шеберлік сағаттарына қатысты. Мұндай орта шығармашылық байланыстар орнатуға, креативті жобалар жасауға және жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді. Шараның құрметті қонағы ретінде қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев шеберлердің еңбегін жоғары бағалады. Қолөнершілер өздерінің қолмен тіккен, бірегей, ұлттық нақыштағы бұйымдарымен көпшілікті тәнті етті.
– Осы салада жүргеніме бес жылдан асты. Қыз жасауын, құрақ көрпе, жамылғы көрпе, бала көрпелерін тігемін. Құрақ көрпе – тұрмыстық бұйым ғана емес, онда терең мағына, үлкен тәрбие жатыр. Құрақ – түрлі маталардың жарасым тауып, бір-бірін толықтырып, үйлесімділікпен құралуы. Бұл – адам өміріне де қатысты. Ұйымшылдықты, ынтымақты, берекелі тіршілікті бейнелейді. Осындай бай мұрамызды жалғап, жас ұрпаққа үлгі болу – мен үшін үлкен жауапкершілік, – дейді жәрмеңкеге қатысушы Ақмарал Оңдасынова.
Айта кетерлігі, биылғы «Құрақ көрпе» жәрмеңкесіне мектеп оқушылары мен колледж студенттері де белсене қатысты. Бұл – жастар үлкендердің шеберлігін көріп, үйренсін, әрі өздері де жаңа идеяларымен үлес қоссын деген ниетпен жасалған ұйымдастырушылардың шешімі. Мысалы, Орал қаласындағы №41 мектептің оқушылары өз қолдарымен балалар орындықтарын жасап, оларды ұлттық оюмен көмкеріп, жақын маңдағы балабақшаға тарту етпек.
– Бұл жәрмеңкеге өзімнің 8-сыныпта оқитын екі оқушым – Нұрайым Есболсын және Айша Досжанмен келіп отырмын. Біз арнайы осы шараға арнап құрақ техникасымен тігілген, балабақша балаларына арналған жұмсақ орындықтар – пуфтар дайындадық. Ұл балаларға арналған пуфта «құдық» өрнегін, қыз балаларға арналғанында «қайшы» өрнегін қолдандық. Бұл – біздің шағын экспериментіміз. Қазіргі балабақшаларда жиі кездесетін ағаш орындықтардың орнына осындай ұлттық өрнекпен көмкерілген, жұмсақ әрі ыңғайлы пуфтарды ұсынғымыз келді. Басты мақсатымыз – балалар ұлттық ою-өрнек түрлерін жастайынан танып өссе екен, – деді аталмыш мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Самал Баймурзина.
Еліміздің төрт өңірінен және облысымыздың аудандарынан жиналған үздік жүздіктің ішінен жұмыс тобы жеті аталым бойынша мықтыларды анықтады. Бәйтерек ауданынан қатысқан Румия Нұрғалиева – «Алтын қол», оралдық Әсия Темірова – «Үздік шебер», казталовтық Нұржамал Өтешова – «Дарынды шебер», ақтөбелік Архат Панас – «Ұлттық бренд», атыраулық Нұргүл Тажыбаева – «Креатив шебер», оралдық Бақытгүл Тұрсынова мен Шәкизат Бекішева – «Сегіз қырлы, бір сырлы» және Сәуле Нұрғалиева «Ісмер ана» аталымдарына ие болды.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»