13.04.2021, 0:57
Оқылды: 158

Құрметті соғыс және тыл ардагерлері, қадірменді ағайын!

Санаулы күндерден соң мейрамның ұлысы, халқымыздың шексіз қаһармандығының айқын үлгісі болған Ұлы Жеңіс мерекесін тойлаймыз. Бұл күннің қадір-қасиеті күн өткен сайын арта түсуде. Себебі бүгінгі арайлы күн, ашық аспан, бейбіт тірлігіміз үшін ардагер аталарымыздың алдында мәңгі борыштымыз.

 аудан аким куттыктауларына (2)

Ел басына күн туған кезде Бөкей ордасы ауданының 5 мыңға жуық ер-азаматы қан майданда алғы шептен табылса, ауылда қалған аға буын мен әйел-аналарымыз, белі қатпаған балаларымыз тылда тынбай еңбек етіп, Ұлы Жеңіске үлестерін қосты. Соңғы деректер бойынша майданда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен 1400-дей жерлесіміз түрлі дәрежедегі марапатқа ұсынылған.

Біздің аудан – бұл соғыстың салқыны тиген, табы қалған аймақ. Фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан жасаған шабуылының от жалыны Бөкей ордасын да шарпыды. Орал теміржолы бойындағы Жәнібек-Шоңай-Рязань, Сталинград соғысының майданына айналды. 1942 жылдың қазан-қарашасы Сайқын және Шоңай стансалары үшін аспаннан жау бомбасы жауған кезең болды. 22 рет топталған және 12 рет жекелеген шабуыл жасалып, оған 138 жау ұшағы қатысып, 500-ден астам әуе бомбасы тасталды. Бомбылаудың зардабынан үйлер, вокзалдар, су құбырлары, мектеп, дүкендер қирады. Әскерлер мен жергілікті тұрғындар да қаза болды.

Қазіргі уақытта ауданымызда соғыс жылдары қайтқан жауынгерлерді іздестіру жұмыстары, Ұлы Жеңіске қатысты тарихи орындарды жөндеу, ескерткіштерді орнату тұрақты түрде жүруде.

Осы қасиетті күні біз адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен батырлардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Себебі ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Олар жасаған ерлік ескірмейді, ұрпақтар сабақтастығымен жаңғыра береді.

Құрметті ардагерлер, батысқазақстандықтар, сіздерді келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт өмір тілеймін! Туған еліміздің іргесі бүтін, тәуелсіздігіміздің көк байрағы биік, мәртебеміз жоғары, бірлігіміз бекем болсын!

 

Құрметпен, Бөкей ордасы ауданының әкімі

Нұрлан Рахымжанов

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

 zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале