2.02.2024, 9:30
Оқылды: 140

Құжырғали Төлеуішев: «Төл мәдениетіміз төмендемесін!»

Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры­ның құрылғанына 30 жылдан асты. Театр осы кезеңде өзіндік даму жолынан өтті. Талай белесті бағындырды. Мұнда ұзақ уақыт бойы театрға басшылық еткен «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының ардагері Құжырғали Төлеуішевтің сіңірген еңбегі мол екендігі анық. Ендеше, төмендегі сұхбатқа зер салыңыз, патшакөңілді оқырман!

кужыргали

– Құжырғали аға, көпшілік сізді мәдениет, соның ішінде театр саласының қайраткері ретінде жақсы біледі. Төл мәдениетімізді дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бұл жерде бірден айта кететін жайт, біздің қызметке кіріскен заманымыз мүлде басқа болды. Кеңес дәуірінде орыс мәдениеті үстемдік етіп, амалсыздан соған ұмтылдық. Орысша білу жағына көбірек мән берілді. Онсыз қызметте көтеріле алмайтын болдық. Кейін еліміз тәуелсіздік алып, ұлттық мәдениетке бет бұрған кезде сол олқылықтарымыздың орнын толтыруға тырыстық. Біздің жіберген кемшіліктерімізді кейінгі ұрпақ қайталамаса дейміз. Қазір жетпістен асқан кезімізде немерелеріміздің тәрбиесі дұрыс болғанын қалаймыз. Сол үшін арнайы домбыра жасатып, қолдарына бердік. Жалпы, ұлттық мәдениетті мұсылманшылықпен ұштастыра жүргізу керек деп есептеймін. Өзім намаз оқып, мешітке барамын. Сонда жастарды көп көремін. Бірақ солардың басым көпшілігі тек мода үшін жүр ме деп ойлап қаламын. Өйткені намаз оқудың да жөні бар. Оны беріліп оқу керек. Ертеде Маңғыстау өңірінде таудағы үңгірді мекендеген Масат деген батыр әрі әулие болған екен. Одан түрікпендер көп теперіш көріпті. «Батырды қалай аламыз?» деп ақыл сұраған кезде, әйелі түрікпен екен, сол «Намаз оқыған кезде еріп, беріліп отырады, сонда амалын табу керек» депті. Содан батыр намаз оқып отырғанда артынан келіп, басын кесіп алыпты дейді. Иығынан домалап бара жатқан басын көріп, әулие шапанының етегіне салып алып, жанында жайылып жүрген атына қарай жүгіреді. Таудың тасының үстінде осы күні жалаңаяқ жүгірген адамның ізі мөрдей болып жатыр. Сол Масат атаның ізі дейді аңыз. Аңыз ғой, бірақ сабақ алар жері көп сияқты.

Қазір жасы тоқсанға келген сұңғыла қариялар бар. Менің даусым азанға келеді. Ал олар намазды сондай керемет әуенмен оқиды. Демек, намаз оқудың өзі үлкен өнер. Адамды елітіп, мойындататын, жүрегіне жететін өнер дер едім. Ертеректе театрда бір концертте жарапазан айтқызып едім. Содан бір үлкен кісілер «Біз ән тыңдауға келдік қой» деп шығып кетіп жатты. Шын мәнісінде бәрін де жүрекпен қабылдай білу керек. Осыны, ең бастысы, жастарымыз ұғынса деймін.

– Сіз өмір бойы мәдениет саласында жұмыс істедіңіз. Содан не байқап, не түйдіңіз?

– Иә, өмір бойы осы саланың ащысын да, тұщысын да көрдім. Талай жердің дәмін таттым. Концерт көріп отырсам, бағалап отырамын. Мәселен, Маңғыстау облысында жыр-терме жақсы дамыған. Амандық Көмеков бастаған жыршылардың өнері неге тұрады! Ал Атырау облысында Мұхит пен Ғарифоллалардың әндеріне көбірек бет бұрады. Оралда би өнерін жоғары қояр едім, өңірлер ғана емес, республикада алдыңғы қатардан орын алады деп есептеймін. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қарлығаш Қадырбекова сынды балетмейстер би өнерін жолға қойды. 30-40 адамның бәрін костюммен қамтып, әдемі қимылды музыкаға сай келтіру оңай шаруа емес. Тек балетмейстерлерге бір назым бар. Біз той жасау дәстүрін жоғалтып алдық. Қазір не шетелдік емес, не қазақи емес, бір дүбәра күйде жүргендейміз. Әсіресе, үзіліс кезіндегі би қатты қынжылтады. Ирелең, бұралаңдап, барлық дүние маған ұстамалысы ұстап, қағынып кеткендей көрінеді. Қазақта би қимылдарының түр-түрі бар. Шүкір, жетеді ғой. Міне, осыны балетмейстерлер қолға алып, жақсы билермен көркемдесе, халық соған ілесер еді.

– Енді театр өнеріне қарай ойыссақ?

– Театр – өнердің төресі. Оны дамыту үшін ең алдымен мықты мамандар керек. Ой-қиялы ұшқыр, өзіндік көзқарасы бар режиссерлер қажет. Асанәлі Әшімов айтқандай, режиссер болса, театр да бар. Белгілі сыншы Әшірбек Сығай әуелі әртістеріңе қара дейтін. Қозы Көрпешке ойы мен бойы сай келетін әртісің болмаса, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қалай қоясың?! Міне, театрға осындай жоғары талаптар қойылуы керек. Қарадүрсін қойылымдармен алысқа бара алмайды театр. Оңай екен деп жеңіл нәрсені сахналаумен мақсат үдесінен көріне алмайсың. Сахнада алтынның алтыны қойылуы керек. Сонда әртістің де деңгейі өседі, халықтың да талғамы жоғары болады.

– Көп нәрсе репертуарға байланысты ғой?

– Иә, классикалық дүниелер бар. Бір фестивальда бір театрдың сахнаға буын бұрқыратып етті алып шыққаны бар. Содан кейін бәрі отырып соны жеді. Міне, осындай қарабайырлықтан аулақ болу керек. Мұның бәрін көрермен байқап отырады. Оралдық көрермендердің де талғамы жоғары. Мысалы, Алматыдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры гастрольмен келген кезде көрермендер билет таппай жүретін. Мен есік көзіндегі вахтерлерге де айтатын едім, олпы-солпы болып отырмаңдар деп. Театр – кез келген адам кіріп-шыға беретін жер емес. Ол – жоғары мәдениеттің ордасы. Театр клубтың деңгейіне түсіп кетпеуі керек. Мен кейінгілерге осыны ескертер едім.

– Сіз облыстық қазақ драма театрына басшылық етумен бірге пьесаларды аударумен де айналыстыңыз. Мұның себебі неде?

– Мен бұған мұқтаждықтан бардым. Мұхтар Әуезовтердің кезіндегідей жақсы пьеса жоқ, қазақ драматургиясы бұл жағынан кейінге қалып қойды. «Асауға тұсау», «Ромео мен Джульетта» сияқты классикалық туындылар болмады. Әртістердің өздері «Мынау не болып бара жатыр? Жақсы дүние неге жоқ?» деп ұсыныс айтты. Содан кейін атақты жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камюдың «Калигуласын» аударуға отырдым. Бір оқығанда, Рим империясындағы оқиға сияқтанып, қазақ оқырманына сіңіру қиын көрінгенімен, қазіргі өмірден алшақ еместігін сезіндім. Жағымпаздық, сатқындық, бірінің артынан бірі аңду күні бүгін де жоқ емес қой. Сол кездегі театр режиссері Мұқанғали Томанов байыбына барып, бірден кірісті. Спектакль өте сәтті шықты, талай жүлде бұйырды. Содан кейін біраз пьесаны аудардым. Атымды шығарайын дегенім жоқ, жақсы дүниелер болсын дедім.

Бұған қазіргі кезде Алматы мен Астанада басшы-маман ретінде мойындалған шәкір­тім, мықты режиссер Асхат Маемиров түрткі болды.

Соңғы кезде өзім де пьеса жазуға ден қойып жүрмін. Жаныма жақын екі жазушы бар, бірі – Әбіш Кекілбаев, екіншісі – Шыңғыс Айтматов. Екеуі де кезінде бір тақырып – мәңгүрттікті қозғады. Алдымен бұған Әбіш барса, оны Шыңғыс әлем­дік деңгейге алып шықты. Жалпы, мен Әбішті Шыңғыстан жоғары қоямын. Екінші тақырып – артыңа ұрпақ қалдыру. Әбіш «Бір түп жидені» жазса, Шыңғыс соны «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінде әдемі жалғастырып әкетті. Күні бүгін екі пьесам да дайын, республикадағы белгілі екі-үш режиссерге беріп қойдым. Бәріне ұстата салуға болмайды, онда атағын шығара алмай жүр екен дейді. Шыңғыс Айтматовтың «Плаха» («Жанпида») деген романы бар екенін оқырман жақсы біледі. «Плаха» ағаштың түбіріне қойып басты шабу дегенді білдіреді. Егер ұрпағымызға теріс тәрбие берсек, басымыз шабылғанмен бірдей емес пе? Міне, қасқыр мен адамның қарым-қатынасын негізге ала отырып, «Қасқырдың кегі» деген пьесамды жазып бітірдім. Әлі ешкімге берген жоқпын. Кейде қимаймын. Жолы бола қойса, жақсы. Қасапханаға әкеле жатқанда, «Қолы жеңіл, шебер қасапшыға жолықсам» деп қой айтады екен. Сол секілді жақсы режиссерге тап болса, бағы жанып кетеді. Шамалысына тисе, жүн қылады ғой. Әлі де ойларым бар, тың тақырып тауып, жалғастырғым келеді. Байқасақ, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды ұлы жазушылардың өздері пьеса жазған ғой. Мұның сыры мынада. Проза жазсаң, ол қағаз бетінде қалады, біреу оқып, біреу оқымайды. Ал драматургиялық шығармалар сахна арқылы көрермендерге жол тартады. Қамту аудиториясы да кеңдеу болады. Мұның кереметі де, қиындығы да сонда. Оның екі авторы бар деуге болады, бірі – драматург, екіншісі – режиссер. Екеуі бір-біріне сайма-сай болса, мықты туынды шығады.

– Сөзіңіз аузыңызда, қазіргі кезде «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты классикалық дүниелерді заманға жақындатамыз деп эксперимент ретінде қоятындар бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Өз басым мұны дұрыс емес деп есептеймін. Әрине, түрлі формалар бар ғой. Ертеде Қозы Көрпешті техас шалбар киіп, ойнағандар болды. Сол секілді алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі адамдарға еуропалық стильдегі киімдерді кигізіп қоя алмайсың. Сонымен қатар алғашқы қауымдық құрылыс екен деп, олардың қолына пышақ ұстатып, жалаңаш күйінде алып шығуға және болмайды. Бәріне жоғары эстетикалық талап тұрғысынан қарау керек. Іздесе, жақсы түрін табуға болады ғой. Мысалы, Талдықорған театрында режиссер Ерлан Кәрібаев мен аударған осетин драматургі Георгий Хугаевтың «Қарашекпенін» тың әдіспен қойды. Мұнда әртістер қоян, ит, қасқыр сияқты жануарлар кейпіне түспейді. Бәрі бір стильде киініп, Тұзар қожайынының ең сенімді серігіне айналып, ештеңеден аянбайды. Ең соңында қожайынының соңынан спорттық жолмен баласы жүгіріп бара жатады. Ерекше шешім болған да шыққан.

– Облыстық театрларды айтпағанда, «Қарашекпенді» қазір аудандық театрлар сахналап жүр. Бұл да сәтті туынды болды ғой?

– Иә, республикалық театрларда қойылды, әлі де сахнадан түскен жоқ. Мұның да Қазақстанға жол тартуының тарихы бар. Кезінде Асхат Маемиров екеуміз Орынборда үлкен фестивальға бардық, сонда татар ағайындар сахналап еді. Содан пьесаны алып, аудардым. Сөзбе-сөз аударма емес, әрине. Қадыр Мырза Әли ағамыз айтатын «аудармашы автормен жарысып отыру керек» деп. Яғни кейбір солғын тұстары болса, әрлеп жіберу қажет. Кейін Асхат Маеиров осы спектакльді Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойды. Бірақ «Оралдағыдай шығара алмадым» деді. Кейде спектакльді жандырып жіберетін әртістер болады ғой. «Қарашекпенде» Қосүрейді (қоян) Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы Эльмира Мақашевадай ешкім ойнай алмады.

Жалпы, театр екі адам немесе бір отбасы болып жұмыс істейтін жер емес. Өзара келісіп, еңбек ететін бригада да емес. Ондағы 40-50 адамның деңгейі әр түрлі болып келеді. Олардың бәрінің басын қосып, бір мақсатқа ұйыстыру оңай емес. Әсіресе, өнер адамдарын. Сонымен қатар бәрі бір қалыпта болмай, келіспей, айтысқан жерде жақсы туынды шығады. Кей дүние сол әртістердің ұсыныс-тілектерімен жасалып жатады. Мұны да ескеру керек.

– Еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты. Өз бағытымызды айқындап, көшімізді түзедік. Дегенмен ұлттық салт-дәстүр, тәрбие мәселесінде әлі де қолға алатын жайттар баршылық. Айталық, сіздің бастамаңызбен «Әзәзіл арақ – немеремнен аулақ!» деген облыс жұртшылығына үндеу жарияланды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Иә, арақтың қазақ халқына әкелген қасіреті аз емес. Осы әзәзіл қазір де ұлтымызды  ішінен ірітіп келеді. Енді немерелеріміз уланбай тұрғанда ес жинайық! Дастарқанымыздан осы ащы суды аластатайық. Тіпті немерелерімізден бастап саламатты ел болсақ, енді бір 100 жылда таза ұлт болып кетеміз. Бәрі де тәрбиеден. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, баласы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысады. Осыны өзіміз бастап, үндеу көтеріп, дастарқанға арақ қоюдан бас тарттық. Бұл үлгіні күллі қазақ жұртшылығы қолдаса дейміз.

– Ұлы Абай «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол!» деген ғой. Сіз жас ұрпақты басқа неден сақтандырар едіңіз?

– Қазіргі заман басқа. Ұлтым үшін, жұртым үшін деп өмір сүретін жасқа алар биік көп. Жалаң қылышпен аттандайтын дәуір өтті. Ой керек, білім керек, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен бой теңестіру керек. Сонда ғана шырқау шыңға шыға аласың. Мен көптеген елде болдым. Продюсер, батысқазақстандық кәсіпкер Мұрат Жәкібаевпен бірге деректі фильмдерді түсіру үшін Украинада, Удмуртияда болдық. Сонда бізді көрген сол елдердің алдыңғы буын өкілдері Қазақстанда тың игеру кезінде болғанын айтып, қазақ халқының қонақжайлығына, кеңпейілділігіне бас иетін. Міне, біздің үлгі ететін жақсы қасиеттеріміз бар ғой. Соны заманға сай байыта білейік.

– «Құрмет» орденін алған кезіңізде бір адамдар бұл сізге кеш келген құрмет деп жатты. Өзіңіз қалай ойлайсыз?

– Ерте келді, кеш келді деп айта алмаймын. Атақты ақын Хамит Ерғалиев жасы келген шағында: «Марапат сұрап, үкіметтен қақсағаным жоқ, бергенін тастағаным жоқ» деген екен. Сол айтқандай, өміріме ризамын. Ең бастысы, таза жүрдік, таза ғұмыр кештік, ешкімнің ала жібін аттағанымыз жоқ. Егер әріптестерім «Ағай жақсы адам» десе, мен үшін одан асқан марапат жоқ.

Әңгімеңізге рақмет! Аман жүріңіз!

Сұхбаттасқан Ғайсағали Сейтақ

 

Өмірдерек

 

Құжырғали Төлеуішев 1947 жылы 1 қаңтарда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Үштаған ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 1966-1971 жылдары А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық  институтының тарих-филология факультетінде оқыған. 1973 жылдан бастап әуелі Орал облыстық телерадиокомитетінде, кейін Маңғыстау облыстық телерадиокомитетінде диктор, редактор болып істеді. 1974 жылы Маңғыстау облыстық атқару комитетінің аппаратына жауапты жұмысқа алынды.

1979 жылдан осы облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет етті. 1984-1996 жылдары Маңғыстау, Атырау облыстары мәдениет басқармаларының бастығы болып жұмыс істеді.

1996-2014 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры болып қызмет атқарды.

2005 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 2009 жылы «Шапағат» медалімен, 2023 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Әлденеше рет Маңғыстау, Атырау облыстарының халық депутаты, облыстық партия комитеттерінің мүшесі болып сайланды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

2005 жылы Қостанай қаласында Ілияс Омаровтың 100 жылдығына орай өткен республикалық театрлар фестивалінде Қ. Төлеуішев орыс тілінен аударған «Атың өшсін, Герострат!» қойылымы үшін «Ең үздік аудармашы» арнайы сыйлығына ие болды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс тарихы», «Ұрпаққа тағзым», «Хиуаз Доспанова» фильмдерінің сценарийін жазған.

Қ. Төлеуішев соңғы оншақты жыл бойы көркем аудармамен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде ол жиырмаға жуық классикалық пьеса аударды. Оның аудармалары тек Орал ғана емес, сондай-ақ республикалық өзге де театрларында қойылып жүр.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале