16.08.2026, 9:00
Оқылды: 14

Квазимемлекеттік секторда директорлар кеңесі мүшелерінің лауазым санына шектеу қойылды

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектордағы корпоративтік басқару қағидалары күшейтілді.

photo_5472316053900695548_w

Фото: auditpalatasy

ҚР Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) тәуелсіз директорларына бір мезгілде бірнеше ұйымда қатар жұмыс істеу мүмкіндігін шектеді. Бұл шара Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша қабылданды және ӘКК-лерді басқару сапасын арттыруға бағытталған.

2025 жылы Жоғары аудиторлық палата ӘКК-лердің тиімділігіне және олардың өңірлердің дамуына ықпалына аудит жүргізді. Тексеру барысында кейбір ӘКК-лердегі тәуелсіз директорлардың бір уақытта республика бойынша әртүрлі өңірлерде орналасқан бес және одан да көп ұйымның басқару органдарының құрамына кіретіні анықталды.

Аудиторлар мұндай жүктеме жағдайында тәуелсіз директорлардың ӘКК шеңберінде объективті әрі дербес шешім қабылдай алмайтыны туралы қорытындыға келді. Қашықтан жұмыс істегендіктен, олар өңірдің ерекшелігі мен корпорацияның ішкі үдерістерін толық білмейді. Іс жүзінде олардың директорлар кеңесінің жұмысына қатысуы дауыс беруге формалды қатысумен шектеледі.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата ҚР Ұлттық экономика министрлігіне нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, тәуелсіз директорлардың квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысына қатысуын шектеуді тапсырды. Нәтижесінде қажетті түзетулер Корпоративтік басқарудың үлгілік кодексіне енгізілді. Сондықтан жаңа талап тек ӘКК-лерге ғана емес, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан басқа мемлекет қатысатын барлық акционерлік қоғамға қатысты болады. Енді директорлар кеңесінің мүшесі бұл лауазымды үштен артық заңды тұлғада, ал директорлар кеңесінің төрағасы екіден артық заңды тұлғада атқара алмайды.

Бұл шара тәуелсіз директорлар институтын нығайтып, оның нақты стратегиялық шешімдер қабылдауға қатысу арқылы бастапқы мәнін қалпына келтіруге және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардағы басқару сапасын арттыруға тиіс. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген қалған тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале