4.02.2022, 9:40
Оқылды: 87

«Қысы-жазы жол үстінде ойнайды»

Орал қаласы әкімінің назарына!

«Орал өңірі» газетінің былтырғы 22  маусымдағы санында «Ойын алаңы  – ортақ арманы» атты мақала жарияланды.  Сол материалда 30 мыңнан астам тұрғыны  бар Деркөл кенттік округіне қатысты біраз  мәселе көтерілген болатын. Мәселен,  «Өскен», «Жаңақұрылыс»,  «Көкжиек»,  «Сарыарқа» шағынаудандарында балалар  ойын алаңы мен бұқаралық спорт  қалашығын салу, бұралқы иттерді  зарарсыздандыру,  ғаламтор байланысын  жақсарту, кент  құрамындағы  шағынаудандарға бағыт сілтейтін жол   белгілерін орнату секілді түйткілді шаруалар газет тілшісінің қырағы назарына ілінген-ді. Осыған байланысты  Деркөл кентінің  әкімі Жұбан  Жұмағалиевтен аталған мәселелердің шешімін табу үшін қалай жұмыстанғанын, жалпы, былтыр жыл бойы атқарылған іс-шаралар туралы сұрадық.

1 (9)

Былтырғы жоба-жоспарлар биыл жүзеге аса ма?..

Кент басшысының айтуынша, былтыр Алтынсарин көшесінде балалар ойын алаңы және бұқаралық спортқа арналған қалашық пайдалануға берілген. Оған қоса кент аумағындағы Тихая және Строитель көшелері мен Маштаков ауылында ойын алаңдары ашылды.

– Бүгінгі күні, – деді кент әкімі сөз арасында, – Ветелки ауылы мен «Өскен», «Жаңақұрылыс», «Көкжиек» (ПДП-1), «Сарыарқа» (ПДП-2) шағынаудандарында кешенді балалар ойыны және спорт алаңын салуға байланысты жобалық-сметалық құжаттамалар дайын (ал, негізі, кент әкімінің былтырғы әңгімесіне қарағанда жаңағы нысандардың барлығы дерлік өткен жылдың соңында іске қосылуы тиіс еді. Н. А.).  

– Биыл  жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алса, бес мекенжай бойынша аталған нысандар құрылысы басталады. Оның біреуінің жалпы аумағы 1800-2400 шаршы метр аралығында болмақ. Жобаға сай алты жасқа дейінгі балалар ойнайтын және жасөспірімдерге арналған Street Workout стиліндегі жабдықтар орнатылады және бұқаралық спортқа арналған футбол, волейбол, баскетбол алаңдарының кешенді құрылысы жүргізіледі. Сараптама алдындағы есеп бойынша әр жобаның болжамды құны – 50-60 миллион тең­ге шамасында. Сонымен қатар әрбір алаң тұсына жарық шамдар орнату, аутотұрақ салу да қарастырылған, – деп бір тыныстады әкім  Ж. Жұмағалиев. Оның айтқанына өз тарапымыздан алып-қосарымыз – «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, жергілікті жұрттың үлкен-кішісі бірдей тағатсыздана тосып жүрген нысандар, әсіресе, балалардың ойын алаңдары мен спорт қалашықтары  ең болмаса, биыл пайдалануға берілсе, жарар еді. Әйтпесе аталмыш шағынаудандардағы балалар  қысы-жазы жол бойында ойнауға мәжбүр...

– Балаларға обал, басқа амал болмағандықтан, немерелеріміз жыл-он екі ай бойы жолдың үстінде ойнайды. «Айналайындар, сақ болыңдар!» деп қақсаймыз да отырамыз. Ойын баласын үйде қалай ұстап отырасың?.. – дейді «Көкжиек» шағынауданының тұрғыны Балқия әжей.

1 (45)

Деркөл кентінің орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан  Ветелки ауылына қатысты түйткілдердің өзі бірсыпыра. Жергілікті тұрғындар аутожол сапасы нашар екенін, көктемгі батпақ, қысқы боран кезінде қалаға қатынау қиындайтынын, электр жарығы жиі өшетінін айтып, әкімдікке бірнеше мәрте шағымданған. «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі Ветелкиға дейін жол салуға арналған және ауылдың үш көшесі қамтылған жобалық-сметалық құжаттаманы дайындады. Қазіргі уақытта ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал ауыл аумағындағы электр желісінің тозуына байланысты апаттық өшулер орын алады. Көпшілік жағдайда қосалқы стансалар жабдықтарындағы ақаудан электр жарығы өшеді. Былтыр «Батыс Қазақстан электр желілік ком­паниясы» ЖШС электр бағаналарын ауыстыру, желілерді жөндеу бойынша ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізді», – деді Жұбан Жұмағалиев.

05596032-05ac-4dae-9a32-c27f14fadc4d

Деркөл басшысы ұялы байланыс сапасын жақсарту бойынша қал-қадерінше жұмыстанып жатқанын айтты. Былтыр ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті өңіраралық байланыс инспекциясының мамандары ұялы байланыс қызметін тексерген. Соның нәтижесінде «Көкжиек», «Сарыарқа», «Жаңақұрылыс» шағынаудандары мен Ветелки ауылы бойынша ұялы байланыс желілерінде кем-кетіктер анықталды. Аталған мәселелерді жою үшін инспекция байланыс операторларына заңды ұйғарым жолдады. «Қазіргі уақытта Ветелкидағы мобильді интернет желісі қалпына келді. Ал «Жаңақұрылыс» бойынша ұйғарымдарды орындамаған ұялы байланыс операторларына қатысты іс қозғалып, соған байланысты сот отырыстары өтуде. Деркөлде орналасқан мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлер «Қазақтелеком» АҚ жүргізген талшықты-оптикалық байланыс арқылы кең жолақты интернет желісіне қосылған. Былтыр «Көкжиек» пен «Сарыарқа» шағынаудандарына «Kaz­Trans­Com» АҚ-ның оптикfлық желісі тартылды. «Kaz­TransCom» қызметін пайдалану үшін әр үйге радиотолқынды антенна мен роутер құрылғысын орнату қажет. Оператор орнатқан ортақ бір мұнара арқылы Wi-Fi жүйесімен 60 абонент ғаламтор мүмкіндігін пайдалана алады. Бір абонент үшін шығын құны – 33-35 мың теңге шамасы. Әзірше  компания қызметіне деркөлдіктер тарапынан сұраныс болмай отыр», – деді Жұбан  Жұмағалиев.

Белгі орнату да қиын шаруа ма?..

Деркөлге алып баратын күрежол бойында шағынаудандарға бағыт көрсетер белгілер әлі күнге дейін орнатылмаған. Әкім осы мәселенің шешімін табуды егжей-тегжейлі ойластырып, «бас қатырып» отырғанын айтты. Оның сөзінше, кент аумағындағы шағынаудандар бір-бірінен алшақ орналасқан. Оған қоса «Көкжиек» пен «Сарыарқа» арасында теміржол жатыр. Аутокөліктер үшін теміржолды қиып шығатын өткел салынбаған. Кент басшысы «Көкжиек­ке» кіретін жолдың өзі екі бағытқа бөлініп кететінін айтты.

– Қала көркіне нұқсан келмес үшін бірдей үлгімен көрнекі сілтемелер қою немесе кент ішіндегі карта үлгісінде жолдардың сызбасы салынған бірнеше билборд орнату қарастырылуда. Осыған байланысты екі нұсқаның қайсысы тиімді екенін талқылаймыз. 2021 жылы «Көкжиек» шағынауданында (ПДП-1) көше аттары жазылған 276 дана тақтайша ілінді, – деді әкім. Ал  шынтуайтына келгенде, бұл да былтыр көтерілген мәселе-тін.

Кент аумағындағы бұралқы иттердің көбеюіне байланысты тұрғындардың көңілі күпті. Жұбан Жұмағалиевтің дерегіне сүйенсек, былтыр 390 ит ұсталған. Соның ішінде 40-тан астам иттің көзі жойылған. Қалған­дарына қатысты кестіру және зарарсыздандыру қолға алынып, мекендейтін жерлеріне кері жіберілген. «Адамға шапқан кезде ғана итті атуға рұқсат беріледі. Оған қатысты нақты айғақ болуы қажет. Бұралқы иттер көп екенін білеміз. Кентке қарасты 27 саяжай учаскесі бар. Саяжайлар аумағын ұдайы бақылауда ұстау мүмкін емес. Айына немесе екі айда бір рет рейд жасап тұрамыз», – дейді Деркөлдің  дуанбасы. Жұбан Жұмағалиев кент бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндады. Қазіргі уақытта 4 мың текше метрден астам қар шығарылған. Былтыр 1 млрд тең­ге бюджет қаражатына «Сарыарқа» шағынауданындағы 6 көше бойынша 9 шақырымдай жол жөнделген. Деркөл кенті бюджеті есебінен 2 шақырым тротуар төселген көрінеді.

8aa56aa3-bfed-4118-b9da-a668da0fe788

Түйін. «Ауызды қу шөппен сүртуге болмас», жас әкімнің шама-шарқынша еңбек етуге бейім екенін байқадық. Дейтұрсақ та, Деркөл кенті – Орал қаласының әкімдігі үшін мазасыз округтің бірі. Маршруты ащы ішектей шұбатылған №7 аутобустардың жиі кешігетіні, кешқұрым уақытта саябырсып қалатыны бөлек әңгіме. Бұралқы иттердің топ­тасып жүретіні, жыл сайын күрт көбейіп келе жатқаны да көпшіліктің көңіліндегі үрейді қалыңдата түсуде. Деркөлдің көшбасшысы бұл мәселенің шешімін табуға екі білекті сыбанып кіріспесе болмайды. Соңғы онжылдықтарда қалаға ағылған ауыл тұрғындарының көбі кент аумағына шоғырланды.

Тұрғындар қоныс тепкеннен кейін әлеуметтік және экономикалық қиындықтар туындады. Жер учаскелері есепсіз үлестірілгендіктен, инфрақұрылым жүйелерін қалыптастыру, сумен қамту мәселесін біртіндеп шешуге тура келді. Қазіргі уақытта аталған мәселелер жылма-жыл біртіндеп шешімін тауып келеді. Сондықтан аутожол салу, көшелерді абаттандыру, әлеуметтік нысандар тұрғызу – уақыт еншісіне қалып жатқан біраз түйткіл екені және соған байланысты нақты шешім табу атқамінерлердің іскерлік қабілетіне байланысты екені  айдан  анық.

 Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале