30.10.2023, 12:00
Оқылды: 49

«Қызыл ту» газетінің редакторы болған Алаш қайраткері кім?

Батыс Алаш орда қозғалысының қайраткері Ахметғали Мәметов 1895 жылы Орал облысы Талов уезінің Қойтоғыт ауылында дүниеге келген. Белгілі қазақ қызы - Мәншүк Мәметованың әкесі.

422a87ea-be71-4c11-a749-cf14ddfdfb5d

Алғашында ауылдық жәдит мектебінде, кейін орта рушдия медресесінде сауатын ашады. Сонан соң Уфадағы «Ғалия» медресесіне түседі. Ғұмар Қараштың қамқорлығында болып, өлеңдерін шығарысты. Оралда шыққан «Қазақстан» газетіне өзі де өлеңдерін жариялайды.

Ағартушылықпен және ақындық шығармашылықпен айналысты. «Қазақ», «Алаш» газеттері мен «Айқап» журналына жәдиттік оқу-білімді игеру, әйелдер теңдігі тағы басқа әлеуметтік сарында жазылған өлеңдерін жіберіп тұрады.

1917-1918 жылдары Түркістанда Сұлтанбек Қожанов редактор болған «Бірлік туы» газетінде қызмет етіп, педагогика тақырыбында мақалалар және азаматтық әуенде өлеңдерін жариялайды.

1918-1920 жылдары елге оралып Жайық өңірінде кеңестік комитеттерді құру жолында Оралда, Жымпитыда, Қаратөбеде жергілікті кеңес комитеттерінде үгіт-насихат жұмысына араласты. Осы тұста Орал облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы да болды.

1922-1930 жылдары білімін жетілдіру мақсатында Саратов қаласындағы жұмысшы факультетінде тыңдаушы және Саратов университетінің медицина факультетінің студенті атанады.

1931 жылы Алматыда ашылғалы жатқан Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтына шақырылып, осы институттың алғашқы директоры болады. Оның қаламынан гигиена туралы, тері-жұқпалы аурулар туралы және аурудан сақтану туралы 20-ға тарта кітаптар туды.

Алайда 30-шы жылдардағы қуғын-сүргін Ахметғали Мәметовке «бұрынғы Алаш орда қайраткері, Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы Х. Қошанбаевтың антисоветтік тобының мүшесі» деген айып тағып, 1938 жылдың 11 қарашасында КСРО Жоғары соты Әскери коллегиясының үштігі қаулысымен ату жазасына кесіледі.

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале