12.10.2021, 9:00
Оқылды: 356

Мәдениет ошақтарын сақтап қалған қайраткер

марқұм Мақсот  Омарғалиев туралы сөз

Мәдениет ұғымының мәні тереңде. Мұнсыз  рухани қазынамыздың орны олқы тұрады.  Мәдениеті мен өнері кенже қалған жұрт ешуақытта өркениетті елдердің қатарына қосыла  алмайды. Қоғамдық өмірдің даму диалектикасына сүйенсек, мәдениеттің дамуына тұсау  салатын, оған кедергі келтіретін үдерістер де болмай тұрмайды. Мұндай жағдайда тек бір сала  емес,  тұтастай елдер мен мемлекеттер күйзеліске ұшырайтыны әлемдік тәжірибеде толығымен дәлелденген. 

WhatsApp Image 2021-10-12 at 08.49.54 (1)

Ал өзіміздің республика жағдайына келсек, тәуелсіздік  алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде мәде-
ниет мекемелері оңтайландырудың оқшаңтайына ілініп, қысқартудың қамытына килікті. Сөйтіп, ел өңірлеріндегі мәдениет ошақтары – кітапханалар мен клубтардың әрі бұдан өзге де мәдени-демалыс орталықтарының есігіне қара құлып салынды. Өйткені республика Үкіметінің сол кездегі басшысы Әкежан Қажыгелдиннің жоғарыдан берілген әмірі мен нұсқауы солай істеуге мәжбүр етті. Соғыс кезінде де кітапханалардың жабылмағанын ескерсек,  бұл тіпті айтар ауызға, естір құлаққа ыңғайсыз жәйт болып шықпай ма?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұтастай республикадағы көрініс осындай болғанда бұл істің жай-күйі Батыс Қазақстан облысында қандай еді? Мұндай зілдей ауыр сауалдың жауабын біраз іздестіруге тура келді. Іздегенімізді таптық та. Қайдан дейсіз бе? Өткен жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Ақ Жайықтың өнерін өрлеткен ер» атты Мақсот Омарғалиевті еске алу кітабынан. Оны Мәкеңнің зайыбы, Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева құрастырған екен.

М.Омарғалиев – облысымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға, майталман маман, кәсіби музыкант, іскер ұйымдастырушы, ең бастысы асыл азамат болды. Бар саналы ғұмырын өңір мәдениетінің өсіп-өркендеуіне арнаған, әрі соңғы демі таусылғанша өзі жан-тәнімен сүйген мамандығынан қол үзбеген кісілік пен кішіліктің эталоны еді.

Мақсот Константинұлы 1992-2003 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып қызмет істеді. Бұл уақыт жоғарыда айтылғандай, азаттықтың алғашқы онжылдығындағы өтпелі кезең қиындықтарымен тұспа-тұс келеді. Мәкең шын мәніндегі ұлт мәдениетінің шынайы жанашыры, тікелей қолдаушысы әрі дем берушісі бола білді. Аталған тұста облыстағы мәдениет ошақтарының материалдықтехникалық базалары төмендеп кетпегенін оның осы тынымсыз іс-қимылымен байланыстыруға әбден болады. Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсының өзінде басқарма басшысының жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыруды қолға алғаны да атап айтуға тұрарлық мәселе. Бәрін тізбелей беру шарт бола қоймас. Есесіне Мақсот ағаның сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыповқа нақты ұсыныстар білдіріп,  өңірдегі мәдениет мекемелерін жаптырмай, жекешелендірмей сақтап қалғаны жөніндегі іс-қимылына көбірек тоқталғанымыз жөн секілді. Сол кезеңде жоғарыда айтылғандай, Ә. Қажыгелдин жекешелендіру деген желеуді алға тартып,  облыс әкімдеріне осы тізімге кіретін мәдениет мекемелерінің тізімін жолдауды талап еткен  екен. Әрине,  мықтының аты – мықты. Мұндай тізім жасалып жоғарыға жолдануы керек. Әйтсе де,  облыс әкімі бұған тікелей қарсылық көрсетпегенімен, бұл нұсқауды орындаған жоқ, – деген еді бір орайы келген сәтінде бізге сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар.

Мынандай да тәсіл қолданылған. Өңір басшысы ауыл, аудан әкімдері облыстық мәдениет басқармасы бастығының жазбаша рұқсатынсыз бір де бір клуб пен кітапхананы мәдениет үйлерін жаптырмауға міндеттеген. Әсіресе,  мол кітап қоры бар кітапханалардың бір де бір кітабы жойылып кетпеуі мұқият тапсырылған. Мұндай қысылтаяң кезде кейбір кітапханашылар рухани қазынаны үйінде ұстап сақтағаны да белгілі болып отыр.

Мәдениет ошақтарын жаптырмады, сақтап қалды деген тым құрғақ, жалпылама сөз болып шығады. Сондықтан бұл мәселеде Мақсот Омарғалиев нақты қандай іс-қимыл танытқаны жөніндегі жәйттерді айтып өткеннің артықшылығы бола қоймас. Мәселенің мәнісі мынада. Басқарма басшысы аудандар мен ауылдардағы мәдениет ошақтарын түгелдей аралап шығады. Мұнда қызмет жасайтын мәдениет қызметкерлерімен кездесіп пікірлеседі.

Ақыры он ойланып, жүз толғанып мәдениет ғимараттарын жаптырмау үшін ауылдық клубтың меңгерушісін – 0,25, кітапханашыны - 0,25, маманды – 0,25, клуб жинаушыны  0,25 ставкаларына кө-
шіреді. Сөйтіп,  бір ставканы төрт адамға бөліп беру жөнінде ұйғарымға келеді. Іссапардың қорытындысы бойынша осы ұсыныстар мен шешімдерін облыс басшысына нақты дәлелдермен жеткізеді. Өңірде мәдениет ошақтарының түгелге жуық сақталып қалуының басты бір сыры осында деуге болады.

Бұдан бөлек Мақсот Омарғалиев 1993-1996 жылдары мәдениет мекемелерін сақтап қалу жөніндегі ой-пікірлерін мәдениет қызметкерлерінің облыстық және республикалық деңгейдегі кеңестерінде,
Мәдениет министрлігі мен облыс әкімдерінің алқа мәжілістерінде ұдайы айтып отырған. Сонымен бірге мұндай өткір мәселеге қатысты баяндамалар жасап, анықтамалар жазған. Тәуелсіздіктің отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында өте қажет болған мұндай құжаттар жоғарыда айтылғандай, Мақсот ағаның зайыбы Шолпан Қуанышқалиқызы құрастырған жинақта топтастырылған. Іздегенімізді таптық деуіміздің мәнісі осында.

Соның біріне тоқталсақ, марқұм Мақсот ағаның айтуынша, 1993-1996 жылдары тұрғындар саны 200 және одан да жоғары облыстың елді мекендерінде клуб немесе кітапхана жұмыс істеген. Әрі қиындықтарға қарамастан, ауылдағы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық жағдайлары жақсарған. Тұтастай алғанда,  600 мың халқы бар облыста 527 кітапхана, 477 клуб және 88 аутоклуб ел-жұртқа қызмет жасапты.

Ол өз баяндамалары мен анықтамаларында біз бүгінгі күні өтпелі кезең деп жүрген уақытты «Жаңа дәуір», «Нарықтық қарым-қатынастар кезеңі», «Ауыр сынақтар мен мол жауапкершіліктер уақыты» және «Дағдарыс» деп сипаттапты. Мейлінше дәл тауып айтылған. Бұдан кейін баяндамашы дағдарыстың басты белгілері, ең алдымен,  мәдениет мекемелерін қаржыландырудың күрт кеміп кетуінен көрініс тауып отырғанын мәлімдепті. Бұған нақты мысалдар да келтірген.

Оңтайландыру кезінде Орал өңірінде бір де бір мәдениет ошағы қысқармады деген сөз
сәл артықтау айтылғанын М. Омарғалиев жасаған баяндамадан білдік. Ішінара саусақпен санап аларлықтай қысқарту көріністері орын алыпты. Соның өзі басқарма басшысының қабырғасына қара тастай батқанға ұқсайды. Әрі ол мұндай үдеріс алдағы жылдары көбірек белең алып кетпес пе екен деп қауіп еткен. Соның алдын алу және теріс үдерісті мүлдем болдырмау үшін, оны 6-7 тармақтан тұратын жолдарын тайға таңба басқандай атап көрсеткен.

– Менің ойымша, бұл проблеманы шешудің негізгі кілті мәдениет мекемелерінің тұр-
ғындардың рухани қазынасын толықтырудағы қоғамдық және әлеуметтік маңызын ашып көрсету болмақ. Мұнда ең басты рөлді шығармашылық тұлғалар атқаратыны да ескерілгені жөн. Саладағы істің жай-күйін тұрақтандыру жөнінде мәдениет басқармасы облыс әкімшілігіне ұзақ мерзімге есептелген бағдарламасын ұсынып отыр. Оның басты шарттары саладағы бей-берекетсіздікке тосқауыл қою, жұмыс жасауға құлқы жоқ, басы артық буындарды қысқарту. Сөйтіп, жаңашылдықты қалайтын құрылымдар қызметін жетілдіріп, оны қайта құру, – деп бастапты ол өз сөзін облыс активінің жиналысында.

Мәдениет саласын қолдаушының айтуынша,  қарымды іс-қимыл танытатын буындарға ешкім негізсіз тиісе алмайтындай мәртебе беріліп, қажетті мөлшерде қаржыландырылуы қажет. Оның ойынша, мәдени ортаға ғалымдардың қатысуымен социологиялық зерттеулер жүргізіліп, оңтайландыру тізіміне енетіні не енбейтіні жөнінде нақты ұсыныстар  әзірлеуінің тиімділігі мол. Өз қызметтерін рентабельділікпен атқарып жүрген мәдениет мекемелерін бағалау индекстерін белгілеудің де маңызы жоғары. Мұндай кезде олардың қызметтерінің басым бағыттарын анықтау да назарда болуы тиіс...

Міне, облыс әкімдігі мен Мәдениет министрлігінің алқа мәжілістерінде көпшілік назарына берілген Мақсот Омарғалиевтің құнды да қабырғалы ойлары осылай жалғаса береді. Не деген өткірлік, парасаттылық, жанашырлық! Зер салып қарасаңыз, осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын айтылған ұтқыр ұсыныстар бүгінгі күні де мәні мен маңызын жоғалтпағаны қандай ғанибет.

Тәуелсіздіктің іргетасын қалауға «Бір кірпіш» болып қалана білген Мақсот Омарғалиевтің ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала беретіні кәміл.

Темір Нағымұлы

Суретте: Мақсот Омарғалиев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале