2.11.2021, 9:08
Оқылды: 128

Мәдениеттің дамуы – елдің дамуы

Егемендік алған соң, Елбасымыз ұлтымыздың мәдени мұрасына жете мән бергені белгілі. Оны өз Жолдауына арқау етті. Осы құжат негізінде арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл халқымызға рухани серпін беріп, мәдениетіміздің дамуына тың леп әкелді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл істерді жаңаша зерделеуге мүмкіндік туғызды. Осы бағытта Бөрлі ауданында да айтарлықтай істер атқарылуда.

1

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмыс жоспары, негізінен, ҚР Президентінің Жолдауына, «Мәдениет туралы» заң мен «Мәдени мұра» бағдарламасына сай жасақталады. Сонымен бірге «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» да басшылыққа алынады.

Бүгінгі таңда ауданда мемлекеттік сипаттағы 49 мәдениет нысаны  мен 2 саябақ бар. Екі ауылда модельді кітапхана және коворкинг орталығы тұрғындарға жаңаша бағытта кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуде.

Халықтық (үлгілі) атағы бар 10 ұжым жұмыс істейді. Атап айтқанда, ҰОС және еңбек ардагерлерінің хоры, «Ақ жаулықты әжелер», отбасылық «Абдрахмановтар», «Серенада» ансамбльдерінің және «Қарлығаш», «Назерке», «Әдемі», «Балдырған» би ансамбльдерінің өнеріне деген көпшіліктің ықыласы жоғары.

Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және өнерге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ауданда 179 үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 2177 бала мен жасөспірім қатысып жүр. Бөрлі аудандық демалу орталығындағы вокал және хор, фольклор, би, театр, драма, қолөнер, домбыра, көркемсөз үйірмелеріне ересектердің де қызығушылығы зор.

WhatsApp Image 2021-11-02 at 08.59.14

«Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында да көптеген іс-шара атқарылуда. Мәселен, қазақ және ағылшын тілдері бойынша тегін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі таңда 210 бөрлілік тілдік курстардан өтуде. Тіл туралы заңнамасының сақталуын қадағалау, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін дұрыстау мақсатында мониторинг жүргізіліп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетілді. Бұл бағытта арнайы жедел желі жұмыс істейді. Биылғы 9 ай ішінде 2352 мәдени іс-шара офлайн және онлайн форматта оздырылды. Оларға 182 мыңдай көрермен қатысты.

Аудан кітапханалары бай кітап қорымен ерекшеленеді. Кітапханаларда 411 мыңдай кітап қоры бар. Рухани ордалар 20 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 14 кітапханасында «Электрондық үкімет» порталы жасақталған. Онда электрондық форматта мемлекеттік қызмет алушы азаматтар үшін «Өзіне-өзі қызмет көрсету»  бұрыштары жұмыс істейді. Кітапхананы жаңартып-жаңғырту бағытында қолға алынған жоба көп. Олардың арасында «Латын қарпі – келешектің кілті», «Book dating», «Алтын формуляр», «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте», «Тәуелсіз, еркін елміз» сынды жобалар көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар «Аққуын әлдилеген ән мен күй» поэзиялық, «Отызында орда бұзған ойлылар» танымдық, «Бақытты өмірге лайықпын» психологиялық-мотивациялық, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» онлайн дәрігер жобалары да бар. Библиокеруен, «Жақсы кітап – жан азығы» бағдарламалары бойынша да жұмыстар жүргізіліп келеді. Ал әлеуметтік желілерде «Біле жүріңіз, Бөрлі ауданындағы көшелер!», «Жадымызда жатталған ұлы есімдер», «Кітапханашы кеңесі», «Элек-тронды кітап оқимыз» атты айдарлар тұрақты түрде тұрғындар назарына ұсынылады. «Оқып болсаң, досыңа бер» қағидасына негізделген буккроссинг бұрыштары халық көп шоғырланған жерлерде орналастырылды. Биыл мұндай бұрыш жастар ресурстық орталығында жасақталды.

Тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында комьюнити орталығы ашылды. Онда студия, шеберлер әлемі, караоке бөлмелері тұрғындарға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиев атындағы «Бөрлі сазы» дәстүрлі ән-термешілер  студиясы құрылды. Аудандық мәдениет үйінде осы саланың өткенін бейнелейтін музей жұмыс істеуде.

WhatsApp Image 2021-11-02 at 08.59.14 (1)

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы жұмысын бастады. Жалпы ауданда 5 ақсақалдар, 14 әжелер, 12 келіндер, 8 бойжеткендер клубы бар. 14 дәстүрлер бөлмесі мен 9 мұражай бұрышы ашылып, аудан тұрғындарына  ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп келеді. Аудан өнерпаздары облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға белсене қатысып, үздіктер қатарынан табылып жүр. Мәселен, биылдың өзінде 14 мәрте облыстық, 16 рет республикалық, алыс және жақын шетелдерде болған 8 халықаралық фестивальге қатысып, жеңімпаз атанды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында көптеген мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінен Ақсай қаласы күніне орай «Ақсайым арқау жырыма» атты облыстық ақындар айтысын, «Жайдарман жұлдыздары Ақсайда» атты Бөрлі ауданы әкімінің кубогына арналған республикалық жайдарман ойынын, «Тәуелсіздікке тарту» вокалдық аспаптық ансамбльдер арасындағы облыстық байқауды, академиялық жанрдағы әнші Самал Днгалиеваның «Туған елге тарту» атты классика кешін атап өтуге болады.

Қай кезеңде де мәдениет пен өнер халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы болып қалары анық. Мәдениеттің дамуы – елдің дамуы. Ол - ұлт өмірінің айнасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік боларын жете ұғынған бөрліліктер бұл бағытта еселі еңбек етуде.

Роза Сыйықова,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале