24.12.2024, 12:15
Оқылды: 273

Майдангердің ұрпақтары бейбіт күннің қадірін біледі

Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмыш Ерғалиев 1926 жылы бұрынғы Жымпиты ауданындағы Қызыл ту елді мекеніне қарасты Қабанбай деген қыстақта өмірге келген. Оның әкесі Тастайбек Әжігереев өмірден ерте кеткен. Қалмыш Тайпақ ауданының Харкин (қазіргі Шабдаржап) елді мекенінде тұратын әкесінің туған інісі Ерғали Әжігереевтің тәрбиесінде болған. Сол себепті құжатына тегі Тастайбеков емес, Ерғалиев деп жазылған.

IMG_6009

Қалмыш 1944 жылы майданға аттанған. Белоруссияны, Польшаны, Венгрияны азат етуге қатысқан. Сұрапыл соғыста көп жараланған. «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны алғаны үшін», «Будапештті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Ержүрек жауынгер Қ. Ерғалиев 1950 жылдың наурызына дейін әскерде болады. Елге келген соң «Қызыл ту» колхозының №1 бөлімшесінде зоотехник, сондай-ақ партиялық жұмыстарды  ұйымдастырушы болып қызмет істеген. Қалмыштың туған ағасы Қабыш Тастайбеков әскерден оралған соң ауырып қайтыс болған. Қалмыш қазақтың салт-дәстүрі бойынша әмеңгерлік жолмен жеңгесіне үйленіп, ағасының жанұясын ұстап қалған.

Қаһарман Қалмыш 1999 жылы өмірден өтті. Жұбайы Қаламсия Тастайбекова 1926 жылы туған. Ол балаларының, немерелерінің қызығын көрді. Шөбере, шөпшек, тіпті, немене сүйді. Еңбекке ерте араласып, жастайынан трактор тізгіндеген Қаламсия Тастайбекова 2020 жылы жарық дүниемен қоштасты.

Қалмыш пен Қаламсия бес баланы тәрбиелеп өсірді. Қалмыштың ағасының ұлы Бақытжан Жымпиты, Бөрлі аудандарында біраз жыл механизатор болып жұмыс істеді. Ғалымжаны Жымпиты ауданы «С. Сейфуллин» совхозында (қазіргі Талдыбұлақ ауылы) агроном ретінде еңбек етті.

Айжаны 1956 жылы дүниеге келген. Ол 1973 жылы Оралдағы С. Сейфуллин атындағы №11 орта мектепті бітіріп, медучилищеде оқыған. 1976 жылы Жымпиты ауданындағы Тасқұдық елді мекенінде учаскелік емханада еңбек жолын бастаған. Тасқұдықтан өмірлік жарын тауып, тұрмыс құрған. Жолдасы Мақсот Баекесов аталған ауылдағы орта мектепті бітірген. Орал қаласындағы құрылыс техникумында оқып жүрген кезінде, яғни 1976 жылы әскер қатарына шақырылған. 1978 жылы әскерден келіп, құрылыс техникумындағы оқуын жалғастырады. Айжан Тастайбековамен 1979 жылы отау құрған. Олардың екі ұлы, бір қызы бар. Бүгінде екеуі де зейнеткер. Мақсот Баекесовтің әкесі Хамидолла Баекесов те соғысқа қатысқан. Ол үш мәрте Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған.

Қалмыш Ерғалиевтің Айтбай есімді ұлы – қазіргі кезде Бөрлі ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан бапкер. Сәбиті Ақсай қаласындағы «NBN-security» күзет агенттігінде күзетші ретінде еңбек етеді. Бақытжан 2018 жылы, Ғалымжан 2010 жылы өмірден өтті. Қалған перзенттері бүгінде ұрпақ тәрбиелеп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.

– Әкеміз не нәрсені де қабағымен ұқтыратын. Қажет кезінде қаталдық танытатын, қажет кезінде мейірімін төгетін. Әркез көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Айналасына сыйлы болды. Ол бізді адал еңбек етуге, ешкімнің ала жібін аттамауға тәрбиеледі. Көзі тірісінде қоғамдық жұмыстарға араласып, тәрбиелік бағыттағы шараларға қатысып тұрды. Жеткіншектерді Отанды сүюге, туған жерді қадірлеуге ел мүддесі үшін еселі еңбек етуге шақырды. Бүгінде Қалмыш Ерғалиевтің перзенттерінен тараған 13 немере, 3 жиеннен 30 шақты шөбере, шөпшек, немене тарады. Шүкір, өмірдің көш-керуені үзілмей, майдангер әкенің ұрпақтары ашық аспан аясында бейбіт күнді қадірлей өмір сүріп, барша мұрат-мақсаттарына жетуде, – дейді Айжан Қалмышқызы.

Ретті жерінде айта кетейін, бұл мақала құрылыс саласының ардагері Мақсот Баекесов ұсынған ақпараттар негізінде жазылды.

Әлкеш Қалқаман

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале