4.07.2022, 9:45
Оқылды: 147

Мақсат Тәж-Мұрат: «Ерлiкке әрқашан орын бар»

– Ілгеріде қазақтан шыққан батыр қыздардың аз еместігін айтып өттің. Шыны да сол ғой, мәселенки, кейінгі уақытта Жәмиля Бейсенбаева есімді радист-пулемётшінің болғаны, Ұлы Отан соғысы тарихындағы бірден-бір әйел танк экипажы қарағанды­лық қазақ қыздарынан жасақталғаны, т. б. соны фактілер айтылып-жазыла бастады. Десе де, солардың ішінен Мәншүктің ерлігі неге айрықша бағаланған?

Mametova

– Мұның сыры Мәншүктің, қалай десе де, өзгеге ұқсамайтын ерекше болмыс-мінезінде, бөлекше өжеттігі мен ерен батырлығында ма деймін. Егер оның әскери қаһармандығына сол кездегі қаруластары, майдандастары қарағандай көзқараспен қарайтын болсақ, оның ерлігі бүгінде үрмелі оты оқтын-оқтын лап ете қалатын соғысты «қаһармансыз» жайдақтау, «ерліксіз» құнсыздандыру әрекеттерінің ешбіреуінің сабасына сыймайтынын көреміз. 3-інші екпінді армияның, тіпті Калинин майданының әскери құрамы сол кезде Мәншүкке Батыр атағын беру жағында болған. Мәншүк қаза тапқаннан кейін жауынгерлер арасында «Кек аламыз!» – «Отомстим!» ұраны ортаға тасталды. Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры атағы – Одақ гүп етіп құлағанға дейін КСРО-ның ең жоғары айрықшалау дәрежесі болған-тұғын. Қолбасшылық құрам осы жаппай ыңғаймен келісуге мәжбүрленген деп ойлаймын. Мәншүкке батыр атағын беруге ерекше күш салған Мәлік Ғабдулин де әлгі көңіл күйді жіті сезінсе керек. Халық қалап тұрса хан түйесін соймай ма?! Анық, даусыз ақиқат сонда, Мәншүк 21 жасында абсолютті қаһарман, батыр қызға айналды және ат-есімі шын мәнінде бірден жасындай жалт етіп барып «жұлдыздық» биікке шықты. Қазір бізде қит еткен инстаперіште оқып болғаныңша кофе суып үлгермейтін посттарымен «жұлдыз» болып жатыр ғой, жоқ, нағыз Жұлдыз – Мәншүктер. Жай жұлдыз емес, намысқой жұлдыздар.

– Ақыры бір мұртымызбен қазіргі заманды қақтық қой, осы орайда кейінгі кездегі саяси жағдайларға байланысты жұртшылық арасында ара-тұра көрініс беріп қалатын кешегі соғысты, оның символы – Жеңіс күнін басқаша, жаңа тұрғыда тұрып бағалағысы келетін белгілі бір көңіл күй Мәншүк сияқты батырларымызға да өз көлеңкесін түсіруі мүмкін бе?

– Медиялық мейнстрим әзірге үнсіз, дегенмен жұртшылықта сондай бір көңіл күйлер жоқ емес сияқты. Саяси ахуалдың шиеленісуіне қарай алдағы уақытта бұл эмоционалдық климат ширыға түсуі ықтимал, сондықтан орайы келген сәтті пайдаланып, өзім байқаған жайттарды ортаға сала кетейін.

Мәншүктің өмірбаянымен танысқан Батыс зерттеушілері оның өз туған өлкесінен пәленбай шақырым қашықта жатқан Ресей жеріне барып, оны жаудан қорғаймын деп қаза тапқан қылығына таңырқайды. Өз тілдерінше айтқанда, сателлит елдің сюзереніне қатысты мұндай апсетін олар түсіне алмайды. Who is Ms Manshuk дегеннің мәнісін ұққысы келеді. Алдында Халел Досмұхамедовтің Кіші жүз тарихының қанмен жазылғаны жайлы пікірін келтірдіңіз ғой, Есақа. Сол сөздің жалғасы мынадай: «Әлгі қанды төккен – орыстар» дейді Халекең. Былай қарағанда, халқыңды бодан етіп, талай қырғынның тезінен өткізген жұртты қорғаймын деп, «өлкесін тастап орысқа келу, бала да болса болыса келу», тіпті құрбан беру шынында да абсурд болып көрінеді. Борис Ельцин мен Владимир Путиннің бұрынғы кеңесшісі, саясаттанушы Сергей Караганов осы мәселеге байланысты былай деп жазғанды: « «...» Ең қызығы, Совет өкіметі 30-шы жылдары қазақтарға жасаған сұмдық геноцид бұл халықтың ғасырлар бойғы бізге [орыстарға] жасаған ықпалын бәрібір бәсеңдете алмады. Соғыс жылдары қазақтар баяғы бабалары сияқты [Кресшілерге қарсы соғыста Московияға көмекке келген ордалықтарды айтып отыр] тағы да атқа қонып, майданның алғы шебінен көрінді. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғанын қалай жасырамыз? Мәскеуді қорғағандар, атақты партизандар, тіпті адамзат шежіресіндегі ең алапат айқаста да аты аңызға айналған қыздардың көбі осылардың арасынан шығыпты. Ген деген өзі қызық нәрсе ғой. Ол түбі бір жерден жарқ етіп шыға келеді...»

Шетелде тұратын этникалық орыстардың құқы жөніндегі доктринаның және «Путин доктринасы» деген атпен мәлім «сындарлы (конструктивті) талқандау» қағидатының, тіпті Украинада war-ға әкеп соқтырған көптеген идеялардың авторы болып саналатын белгілі идеологтың өзі осылай деп отырса, не шара, келісеміз де. Мұның аржағында Караганов ұсынып жүрген «Үлкен Еуразия» тұжырымдамасының исі шығатынын мен ғана емес, итім де сезіп отыр, сөйтседағы тарих докторының қазақтың Ресей жағында соғысуы жайлы айтқандары тарихқа шалыс емес. Ақыры бастан қан шықты ғой, соңына дейін барайық: біз білерде «ордалықтар» Московияны ғана құтқарып қоймаған, бағзы бабалары – көшпелі сарматтар брит жері үшін, сақтар герман жері үшін, түркілер Ислам жері үшін өз елі үшін соғысқандай шайқасқан. Сонау 1748 жылдың өзінде-ақ орыс әскерінің құрамында Берлинді алуға қатысқан қазақ жасағы, солар кейінірек, 1812 жылғы соғыста башқұрт кавалериясымен бірге француз әскерін Смоленск жолымен тырқырата қуып, Парижге садақ кезене кірген. 1914 жылғы соғыста қазақ тыл жұмыстарына қатысты. Ал 1941-де 1812 жылғыдай тағы да көмектерін берді өзін құлданушы орысқа. Бұлардың барлығы да қазаққа тікелей қатысы жоқ, өзге екі елдің арасындағы прокси-соғыстар болатын. Соған қарамастан талай «жас қазақ, мұрттай ұшып уралап», ақыры Ресей мен Еуропаның қара топырағын тыңайтып жатыр. Сондықтан бүгінде бағзы біреулердің «Мәншүктер кімнің жері үшін қан майданға түсіп жан берді: Русь үшін бе, әлде Алтын орда үшін бе?!» деп сауал қоюы бір жағынан қисынды да.

Біз бұған «Қазақ өзі үшін соғысқан» деп жауап берер едік. Қазақтың Отан қорғау түсінігінде талысқа таңба басып, бодан болған, яғни одақтас еліңнің шетіне жау келсе, ол өз үйіңнің алдына пәле келгенмен бір бәс. Оның үйіне от қою – сенің де үй-өтеніңе от қойғанмен бірдей. Әлгі елдің жерін алам деп келген дұшпанды жер жастандыру үшін кекке аттану – қазаққа сондықтан да бір үлкен міндет, намыстың ісі болып көрінген. Қаһармандық эпосымыз сыртқы қауіп-қатерге қарсы ерлікпен күресуге құрылған және сол батырлық жырларымызда Қобыландылар күресетін эпикалық жау қазақ жерінің ғана шетіне келмеген, қазақ ұлысымен шектес, әрі одақтас елдердің де іргесіне дауыл боп тиген деп көрсетіледі. Осы түсінікті ислам күшейтеді. Усама ибн Мункыз айтты дейтін бір сөз бар, шамамен алғанда былай: қорқақ майдан даласында басын қалдырып қашады, ал жаужүрек бөтеннің де басын қорғап қалады. Ендеше, сұрақ туады: бұдан кім зарар шекпек, кім пайда көрмек? Кім номинал, кім бенефициар?

Әлбетте, бізге де тарихымыздың күрделі, тіпті өзіміздің айтуымызға, мойындауымызға қиындау тиетін көлеңкелі жақтарына неғұрлым ашық пікірмен назар салу керек-ақ. Десе де, ата-апаларымыздың кешегі соғыста Совет одағы, яғни Ресей жағында соғысқанынан өз басым трагедия көрмеймін. Қайта, кеңінен орағанда, халқымыздың бұқараның, әлеуметтің жаппай қарсылығы қозғалысының қатарынан іркілмей табылуы, ұл-қыздарының майданда жаппай ерлік көрсетуі, тылдағылардың жанқиярлықпен еңбек етуі объективті түрде алғанда қазақтың халық ретінде өскелеңденіп қана қоймай, дәл соғыс қарсаңында ұлт ретінде ұйысып қалғанын көрсетеді. Қазақ майдан жылдары кеңес халқымен ғана емес, өз ішінде де бірлікке келген. Қазірде Украинадағы war украин халқын тез біріктіріп отырғаны сияқты, ұлтанды мемлекетке айналғанын байқатқан. Қажет болса Ресей­дің ғана емес, Қазақ елінің де тәуелсіздігін қорғауға бір кісідей аттанып, жауларын сілки алатынын, орыстың жерін қорғап құрбан бергеніндей өз жерін де қорғап құрбан бере алатынын аңғартты (осының өзі сол кезде кеңес идеологтарын тіксінткен де). Шынтуайтында, халқымыз бүгінде бағзы біреулер бізге мін қылып тағатын, мемлекет ретіндегі тарихы шектеулі, мемлекет құраушы элитасы жоқ ел дейтін тезистің негізі бос, далбаса екендігін сол соғыстың нәтижесімен-ақ көзапара көрсетіп тастаған. 1986-ның желтоқсанында қазақтың талай жасын әлгі ата-апаларымызбен қатар тұрып соғысқандардың немерелері аяусыз соққыға жыққаны рас. Мүбәда, сол сіңлілерінің қанға боялып, зорлыққа таңылғанын Мәншүк көргенболса, Жұбан ағамыз сияқты «Мен ақымақ болыппын – бекер қан төгіппін, сол жақтан аман оралғаным бекершілік екен. Сол солдаттардың балаларының менің бауырларымды қорлағанын көргенше майдан даласында қалсам нетті!» дер ме еді, демес пе еді деп ойлайсың. Меніңше, айтпас еді олай деп.

Неге десеңіз, Мәншүк сияқты рухы күшті self-made people – нағыз батыл, көшбасшы жандар болмағанда 1986-ның Желтоқсаны болмас еді, одан соңғы жер мәселесінде намыстанып батыс қазағы, кешегі Қаңтар уақи­ғасында ашынып бүткіл қазақ бас көтермес еді десек, шындықтан адаса қояр ма екенбіз. Мәншүк – біздің жаңа дәуір тарихымыздағы әлгіндей кешкекті сын сәттердің символы, айтулы өзгерістердің ізашары. Сондықтан апамыздың Ресей жерін қорғап қазалануына ақтаушы іздеп әуреленудің, тіпті соны ойдай проблема етіп өңезеленудің еш қажеті жоқ. Ер – елдікі. Мәншүк – қазақтікі. Болды, бітті.

– Паһ, кірпіш қалағандай соқтырдың-ау! Десек те, кешегі соғысқа қатысқан бір миллион екі жүз мың қазақстандықтың майданға ерікті аттанғаны бар, әскерге алынғаны бар, жартысынан астамын құраған қазақтың жаппай ерлік көрсетуін Отан қорғау түсінігімізбен жалпылап шектеп тастау біржақты көзқарас болатын шығар...

– Әлбетте. 1916 жылдың дүрбелеңінде солдат түгіл қара жұмысқа жігіт бергісі келмеген қазақ қауымы арада небәрі жиырма бес жыл өткенде, тіпті басқа қырынан танылса, онда осы уақыт аралығында санада күшті бір өзгерістер жүргені де. Соғыс үстіндегі сияқты, соғыс алдындағы тұманды кезеңде де, әсіресе, қоздырғыш әскери психоз жағдайында ой-пікір, мақсат үнемі құбыла өзгеріп жатады. Адамдар қоғамды мең­деген жалпы ырық, ортақ жауынгерлік көңіл күйге бой алдырмай тұра алмайды. Оның үстіне соғыс өзіңе, етжақын, тума-туысыңа суық таңбасын басқан кездегі әсер басқаша болмақ – соғыстың бүкіл қасіретін оның өрті өзіңді, жақын айналаңды шарпығанда жіті түйсінесің. Қараша ауылдарды қара жамылдырып «қара қағаздар» келіп жатты, олардың ішінде Мәншүктің ағасы, ағайындары, құрбы-достары бар-ды. Ол қаралы хабарлар, жалпы соғыстың алғашқы айларындағы сәтсіздіктер Мәншүкке өте қатты әсер еткен, оған әлгі жеңілістер майданға өзі бармағаннан кейін орын алып жатқандай болып көрінген. Осы жайды әскери комиссариатқа жолдаған арыздарының бірінде келтіреді. «Майданда отандастарым қарумен күресіп жатқанда мен қалай тылда бой балап, бас бағып отырмақпын?!» – деп жазады. Әрбердесін Мәншүк өзі өмір сүріп жатқан елдің – КСРО-ның азаматшасы еді, ал қай елдің де саналы азаматтары майдандағы әскер қатарына баруды Отан алдындағы борышын өз еркімен өтеу деп біледі.

Виктор Астафьевтің «Соғысты романтикаға айналдыру – қылмыс» деп жазғаны бар. Майдан көрген жазушы ғой, білгесін айтады да. Сондадағы жалпы ерлік көрсетуде, қаһармандық танытудың астарында романтикалық әлде бірдеңе бар екендігін жоққа шығара алмайсың. 1930-1940 жылдары әскери адам болу КСРО-да ғана емес, жалпы дүние жүзінде беделді іс болатын, мысалы, Кеннедилер әулетінің тұңғышы әскери ұшқыш болған, жаңа ұшақ түрін сынақтан өткізу кезінде қаза тапқан. Черчиллдің ұлы Рендольф әуе десанты сапында қызмет атқарған, Сталиннің ұлдарының бірі ұшқыш, екіншісі артиллерист... Жалпы, біз 30-40-ыншы жылдарды өте аз білеміз, білсек те үстірт, қате түсініп жүрміз. Бүгінде сол кезеңнің жастары ресми идеология еріксіз саналарына құйған жалған романтиканың құрбаны болды деген пікір айтылудан, жазылудан кенде емес. Әлбетте, асқақ пафосты кітаптар мен ән-жырларда жалған бояулы романтика болғанын жоққа шығара алмайсың және оның біздің Мәншүкке де әсер етуі заңды. Ол өз заманына сай, өзін мектепте, институтта оқып-тоқытқандай не нәрседе болсын кітап канондарын басшылыққа алған, жалпы интернационалистік құндылықтарға берік типтік қалалық романтик және идеалист болып өсті. Сонымен бірге романтикамен суарылған осы идеалистер дүрмегі арасынан кейін өздерінің қаһармандығымен, материалдық мақсаттан ада жінтіксіздігімен, өмірдің аса ауыр сәттерінде өздерін сынап көруімен айналасын таңқалдырған аршылан тұлғалар да шыққандығын ұмытпауымыз керек. Солардың барлығын көзсіз романтизм, сырқаулы патриотизм дертімен ауырған деп айта алмайсың. Ендеше, «Бізді өмір сүруге емес, тізеңді бүкпей өліп кетуге үйретті» дейтін сөз жартылай ғана шындық. Басқаша айтқанда, жоғарыдағы адам табиғатына тән аршылан мінез, ер құлықты соғыс қарсаңындағы кеңестік идеология тереңнен тайызға қалқытып шығарып, өзінің насихаттық көрігіне салып өңдеп, биік патриоттық серпін берген.

Қалай десе де, біздің тарихымыздағы қанша тырысса да ешкім жұлып тастай алмайтын бір бет – Ұлы Отан соғысы қазіргідей шешімі жоқ соғыстардың қатарынан емес еді. Бұл соғыстың идеологиясы алғашқы күндерде-ақ алға айқын, нақты қойылған. Ол – опасыздықпен басып кірген жаудан Отанды қорғау. Ал сол соғысқа дайындық ертерек, 1927 жылдан басталып, Мәншүк мектепте жүрген 1930 жылдардың ортасында қарқындаған болатын. Бұл идеология өзінің насихаттық қолтума құралдары тұрпайы, дөрекі жасалғанына қарамастан адам психологиясын аса жетік білетін және сана сапырылыстыру технологияларын шебер меңгерген-ді (оны бүгінгі «останкиндік» шприцтен де көріп отырмыз). Осынау алып та әккі насихат машинасы ең алдымен Кеңес өкіметі орнағасын дүниеге келген буынға құрық салды, сол жастарды жаңаша тәрбиелеп, бойларына мүлдем соны, советтік базалық құндылықтарды егумен айналысты. Осы Мәншүктер буыны – сталиндік «жас қырандар» – кейін, 1980 жылдар өресінде толыққа жуық жасақталып қалатын «кеңес халқы» дейтін жаңа этникалық қауымдастықтың негізін қалады. Стахановтар мен Челюскиндер адам өмірін, қоғам тіршілігін қаһармандырудың сталиндік нұсқасын бастап қана берді, ал әлгі нұсқамен түгелімен ауаланған және соны алдағы соғыста толықтай жүзеге асырған Мәншүктердің буыны болатын. Жаңадан қаһарман жасаудың рецепт-ішірткісі – кешке төсекке қатардағы біреу болып бас қоясың да, таңертең «жұлдыз» болып оянасың. Стахановтық, челюскиндік, т.б. идеологиялық қозғалыстардың қуатты жинақтағыш, жұмылдырушы күші де осында, яғни адамды бір-ақ сәтте жоғарыға, биікке ырғыта шығарып жіберетіндігінде еді. Әлгі идеологияның жемісі Мәншүктің әбден толысып, піскен уағы кеңестік жасампаз батырларды даңққа бөлеудің соғыс жағдайындағы жаңа парадигмасына шаппа-шап келген. Ерлік және тағы ерлік көрсету – кешегі елеусіз «пролетар» жігіттер мен қыздарды заматта зау биікке алып шығатын заман эскалаторы, әлеуметтік лифт, күлікті көтеретін ду.

Осы өреде Мәншүк кішкентайынан Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты», «Дауылда туғандар» тәрізді мотиваторлық әскери-соғыс тақырыбындағы кітаптарды оқып, фильмдерді көріп, балалық қиялына серік етті. «Чапаев» фильмін қайта-қайта қарап, Ер Шапай суға кететін Жайықтың иінін барып көрді. Анка сияқты пулеметші болуды армандады. Алматыға келгесін ГТО, БГТО, ГСО, ПВХО комплекстері мен «ворошиловтік атқыш» нормаларын үздік тапсырды (бүгінгі хипстер жастар үшін ашалап айта кетейік: ГТО – «Готов к труду и обороне СССР», БГТО – «Будь готов к труду и обороне СССР» нормативтері, ГСО – «Готов к санитарной обороне», ПВХО – «Противовоздушная и противохимическая оборона» комплекстері, ал «Ворошиловский стрелок» – осы аттас төс белгісіне тапанша мен әскери бесатардан нысана көздеп тапсыратын норма, бұлар біріге келіп, 1934 жылы енгізілген, жастарға патриоттық тәрбие берудің мемлекет қолдауындағы бірыңғай жүйесін құраған). Ұшқыш болғысы кеп, ОСОАВИАХИМ-нің («Қорғанысқа, авиация және химия құрылысына көмек беру қоғамы») табалдырығын тоздырды. Бір сөзбен айтқанда, әскерге (майданға) барып, жаумен бетпе-бет шайқасуға өзін дода күткен пырақтай арнайы әзірлеген. Онысын майданда қарамағындағыларды соғыс өнеріне үйретуінен де аңғаруға болады. Аналар да мылтық, не пулемётті ата алмай қапалақтап жатқанда «Убей врага, если ты не убьёшь, он тебя убьёт!» деп қайраған. Сол жылдарғы жалынды публицист, соғыс идеологы, бүгінгі Соловьёвтердің рухани атасы Илья Эренбургтің лұғаты ғой. Немесе: «Пуля – дура, штык – молодец!» Суворов айтты дейтін афоризм. Қысқасы, Отан үшін жан беру қиын емес, абзалы – жауыңның көзін құртып барып жан бер деген Мәншүк. Жыланның белін бастың ба, басын да езіп өт, әйтпесе қайырылып келіп өзіңді өлімші етеді деп үйреткен. Соғыс кеше ғана мектеп бітірген көкөрім жастар­дың жүрегін көкпеңбек мұзға айналдырып, онымен бірге келген кеңестік идеология жас жүректерде осыншалық өшпенділік отын тұтатқандығын көріп түшіркенесің. Екінші жағынан алғанда, қатыгез, бірақ әділ соғыстың балалары ретінде қатыгездеу ұрпақ болып жетілуге мәжбүрленген. Қалай болғанда да, соғыс қарсаңында жастарды қаһармандық рухта тәрбиелеудің және идеологиялық мақсатқа жаппай жұмылдырудың кеңестік моделі кейін майданда өз тиімділігін көрсеткен. Осынау жас буынның мақтұлдық ерен ерлігі көп жерде әскери командованиенің осалдығының орнын жауып, «қырғи» командирлердің өрескел қателіктерін түзетіп отырды және сонысымен де олар жеңісті күнді жақындата түсті. Майданға саналы комсомол мүшесі ретінде барып, идеялы коммунист болып өлген Мәншүк те осы қатардан табылды.

– Идея дегеннен шығады. Мәншүктің майдандасы Әзілхан Нұршайықов бір естелігінде оның «Мен – жеңістің Анасымын!» деген сөзін келтіреді. Солай деп айтуы мүмкін бе, осының өзі жазушылық көріктендіру емес пе? Қалай ойлайсың?

– Мен Әзекең куәлік еткен әлгі орман ішіндегі эпизод көріктендіру, яки ойдан шығарылған пафос деп ойламаймын. Біз білетін, біз таныған Мәншүктің ішкі конституциясына ондай қылық, ондай сөз сай келеді. Егер осыны шындық деп қабылдасақ, онда ілгеріде айтылған сталиндік буынның кісі өлтіруге моральдық құқы болды деген сөз де ақтаушысын табар еді. Жоғарыда Мәншүктің майданға кетем деп салған қиғылығын, майдандағы алғы шепке барам деген ұмтылысын көп адам түсінбей, біразы шектен шығу, бірқатары ессіздік ретінде қабылдағанын айтып өттім ғой. Бүгінгі адамтану іліміне салып және тарих жүзіндегі әлгіндей өзгеше қалыптағы тұлғалардың өмірін саралап көрсең, Батыс peacemaker – бейбіт өмір сақшысы, Гумилев пассионар атайтын, ал кеңінен алғанда өзіне осы өмірде бір маңызды міндет жүктелген деп түсінетін мессиялық (даға) көңіл күйлі адамдар аз болмағанын байқаймыз. Бұған жарқын мысал – он жеті жасында бойына ғайыптан сәуле дарығандай болып, елін басқыншылардан қорғап қалған, сөйтіп, Францияның қорғаншы әмбиесі атанған Жанна д’Арк. Бізше салиха, ақ өліммен кеткен әулие жан. Өздерін грек өркениетінің заңды мирасқорымыз деп танитын еуроамерикан цивилизациясындағы әлгіндей көңіл күй Ахиллестен бастау алады. Ажалды Пелей мен теңіз құдайы Фетиданың асыл рухынан жаралды делінетін Ахил Олимптің айрықша алқауына іліне тұра, ұзақ та барақат бейбіт өмірді талақ етіп, орнына қысқа, бірақ ерлік пен жауынгерлік даңққа толы ғұмыр жолын таңдаған-мыс. Осыған ұқсас тағдырлы жанның біреуі – Амелия Эрхард, ол әйел ұшқыш та құрлықаралық ұшуларға қабілетті екенін дәлелдеймін деп, әрі тарихта өз ізін қалдыру мақсатымен 1935 жылы қос құрлық арасын жалғыз өзі ұшып өтеді де, екі жыл аралатып дүние айналған сапары кезінде ұшағымен мұхитқа құлап өледі. Өзі «Сірә, мен көп жасамаспын» дейді екен. Яғни мессиялық көңіл күйдегі бұл тұлғалар өз оттарына өздері өртеніп өлетіндерін алдын ала сезген.

Қаруластарының айтуынша, Мәншүк майданда «оққағарлы» жауынгер атаныпты.

Талай қанды қырғыннан оқ дарымай, дін аман шығады екен. Өзі оқ тескен бөркін көрсетіп, күлетін көрінеді.

«Періштем қақты» деп. Алғашқы қарсаңда өзінің өлмейтініне, тіпті ажалсыздығына сенген тәрізді, бірақ жүре-бара әлгі сенімінің таянышы  жұқара  берген-ау.

1942-нің тамызында 100-інші бригада Алматыдан Мәскеу түбіндегі Бабушкино қаласына келіп, сонда қалың орман ішінде оқу-жаттығу өткізген ғой. Самсаған қарағай, бұтағы толған құс. Біреуі «көкек-көкек» деп дамылсыз шақырады. Қазақ ұғымында адам келе жатқанда көкек даусы оң жағынан естілсе, бай болады, сол жағынан шықса, сәтсіздікке ұшырайды, қарсы алдынан естілсе, денсаулығы жақсы болады. Далалықтардың көкек жайлы ырым-жырымы осымен тынады, ал батыстағылардың түсінігінше, айталық, орыстың «кукушкасы», латыштың «дзегузитесі» саған қарата қанша шақырса, сонша жасайсың. Мәншүк бірде қарулас құрдас жігіттің көзінше ағаш басындағы сондай бір көкектің сұңқылын санайды.

Уақыт өтіп жатыр, көкек құрқылдап тұр, онымен бірге Мәншүк саусақтарын бүгіп, ал Тұраш Әбуов іштей санап тұр. Сонда көкегі түскір жиырма бір рет шақырып барып тоқтапты. Мәншүк сыр бермей, сөзді әзілге бұрып жіберіпті, ал жігіттердің іші қылп ете қалады. Мәншүктің жасы жиырма бірге қарап тұрғанын олар жақсы білетін...

Арада жыл өткенде Мәншүк анасына жолдаған хаттарының бірінде: «...» Менің жағдайым шатқаяқтау. Білмеймін, алдағы шайқастан тірі шығамын ба, жоқ па...» – дейді. Ішінде әлденеткен құйын ойнап жатқан адамның жан сырындай қабылданады әлгі сөз. «Менің жағдайым шатқаяқтап тұр...» – өлім қатері төнген шақта қорқынышқа бой алдырудан қорқу ма мұнысы, әлде өлімнің өзінен қорқу ма? Меніңше, мұның екеуі де емес. Эрнст Хэмингуэй бір көзіндегі ақауға байланысты әскер қатарына алынбай, ақыры майданға американ Қызыл кресі отрядының сапында санитар болып келген. Ұрысқа түскенде бойын қорқыныш билепті. Оны романтик жазушының өзі «Бұл өлімнен қорқу емес еді, сірә, ой-қиялым сомдап қойған ерліктің, өрліктің, ар-ожданның биігінен табыла алмай қаламын ба дегеннен туған қорқыныш сезімі еді» деп сипаттапты. Соғыс психологиясын жақсы білген сергек қаламгердің бұл жан ақтарылысына екіұшты емес, толық сену жөн. Егер жарақат алып қалмағанда, Эрнст те бұл дүние тіршілігінде жиырма жыл ғана қонақ болар ма еді, қайтер еді. Су ішерлігі бар екен. Ал Мәншүкке ажал оғы туралап тиді. Ол өлімнен қорықпады. Ол үшін соғыс, war – бар болғаны экзистенциалистік қауіп-қатердің үлкені. Өмірін тамсандырып  қана қысқа үзілген ән секілді үзген қорғасын ғана. Біздің санамызда, ойымызда оны мәңгі жас, мәңгі пәк бейнеде қалдырған тағдыр оғы.

Жеңістің Анасы емес, ерліктің, өрліктің, отансүйгіштіктің үлгісі етіп қалдырған тарихи тағдыры. Ол енді ешқашан өз жасынан ересек болмайды. Ақ өлімнің, салиха өмірдің белгісіндей мәңгі  жас  болып  қалады.

Мен бұл жерде «салиха» деген сөзді қайта-қайта бекер айтып отырған жоқпын. Менің нық сенімім бойынша, Мәншүк – Жанна д’Арк сияқты құдайдың сәулесі түскен жан. Оның әруағы риза болмаса, кепиет киесі шалады. 1973-те Алматыны қарық қыла жаздаған тасқын сел Алатаудағы Мәншүк мұздағынан, дәлірегі, әлгі мұздақтың жылжуымен етектегі ойпаңға толған көл суынан басталған ғой. Сол жылы өлім-жітім де төтенше көп болды. Сәбит Мұқанов, Мә­лік Ғабдуллин, Әнуарбек Үмбетбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев... Биыл да жер-жерде су қатты келіп, әбігершілік болып тұр ғой, байқайсыз ба, Есақа?

– Өй, қайдағыны айтпашы!

– Сақ болайық, әруақ сыйлап жүрейік дегенім ғой...

– Жақсы, есте болсын. Сұхбатыңа  рақмет!

 

Әңгімелескен Есенжол  Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале