25.01.2024, 17:30
Оқылды: 236

Мал бағуды бейнет емес, береке деп білетін азамат

Мал бағу – атакәсіп. Жыл өткен сайын, атакәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібе айырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Солардың қатарында қаратөбелік Аманкелді Мырзағалиев те бар. Сонау 1997 жылы совхоз ыдыраған кезде аталмыш ауданның Бернияз қыстағынан (Талқұдық елді мекені) жер алып, шаруа қожалығын құрған ол алдымен қой басын көбейтуге ден қояды. Бейнеттің зейнетін көріп отырған азамат бүгінде ағайын-туысына ғана емес, ауыл тұрғындарына да демеушілік жасап отырған жәйі бар. Қаратөбе ауданының Саралжын ауылдық округіне қарасты Сәуле елді мекенінде тұратын кейіпкерімізбен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

8e333c64-a84a-4eaf-b6e1-8dfc876bef98

Шопанның қадірін білген басшы

Аманкелді Рахымұлы 1989 жылы әскерден келген соң жеті жыл құрылыс саласында жұмыс істеп, жастар құрылыс бригадасының бригадирі болған. Кейін совхоз ыдыраған кезде отбасымен Бернияз қыстағынан жер алып, қожалық құрады. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, ең алдымен, қой басын көбейте бастайды. Кейін 2015 жылы қойларын сатып, 100 бас қазақтың ақ бас сиырын алады. Бүгінде ол – «Қазақтың ақ бас тұқымы» республикалық палатасының мүшесі. Қожалықта ауылдың төрт тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, жалақылары мен әлеуметтік төлемдерін, зейнетақыларын уақтылы аударып отыр. Жаз кезінде жұмысшылар  саны бірнеше есеге артады екен. Былтыр Бернияз қыстағына өз қаржысы есебінен газ құбырын тартып, жұмысшыларды от жағу мехнатынан босатқан. Ақ адал малын бағып отырған малшылардың жағдайын жасау – кейіпкеріміздің парызы іспеттес. Өйткені ол қожалықтағы жұмысшыларды  жыл сайын отбасымен шипажайға жібереді. Ай сайын төлейтін 100 мың теңге еңбекақысынан бөлек, жыл соңында бір баспақ та беретін көрінеді. Сондай-ақ қожалық иесінің малынан тыс жұмысшылар өздерінің төрт түлігін де көбейтуге мүмкіндігі бар. Барлық малға қажет шөп пен жем-суды Аманкелді Рахымұлы қамтамасыз етіп отыр. Қожалықта он бес жылдан бері мал бағып жүрген Ізбасар Төлегенов есімді жұмысшысы былтыр облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолынан «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін иеленген.

«Таршылықтағы тарының дәмі таңдайда»

 – 1997 жылы елде тоқырау болып, тамақ табу қиын кез еді. Ағам екеуміз қожалық құрдық. Талқұдық елді мекенінің Бернияз қыстағы бұрын егіс алқабы болатын. Ол кезде әкеміз жанымызда еді. Содан отбасын асырау үшін алқапты тырмамен жыртып, тары сеуіп, ектік. Сол жылы тарымыз бітік шықты. Бала-шағамыз, жеңгелеріміз бар – бәріміз тарының басын қырықтықпен кесіп, жинай бастадық. Әкеміз «Қызыл тары керемет болады, бәрін жинап алыңдар» деді. Үйде үлкен палага  болатын, соған тарыны төктіріп, бізге тапататын. Тары сабағынан ажырап, қып-қызыл болып домалап түсетін. Сол қызыл тарының дәмі де ерекше еді. Әрі-беріден соң алқапқа қаулап өскен тарыны игере алмай трактормен шауып, көрші-көлемге, ауылдастарға үлестірдік. Қазір тарыны сатып алып,  шаймен ішсек, дәмі сол кездегідей дәмді емес. Келесі жылы картоп, сәбіз және қызылша ектік. Қызылша мен сәбіз де толып шықты. Келіншегім қысқыға осы көкөністерді қосып, салаттың түр-түрін жапты. Үйдегі барлық тамаққа сәбіз қосып пісіретін. Күн сайын қызылша жеуші едік.

1999 жылы тұңғыш қызым Ботагөз 1-сыныпқа баратын болды. Ауылдық округтің орталығы Қарақамыста қайын ағам тұрды. Қызым сонда жатып оқыды. Қырдағы үйден ауыл орталығына дейін 10 шақырым. Демалыс күндері қызымды ат-арбамен үйге тасимын. Үйге жеткенше  екі ұйықтап тұрады, әңгімесі таусылады, әрі-беріден соң шаршап, «Папа, қашан үйге жетеміз» деп жыламсырайтын.  5-6 сағат жүріп үйге әрең жететін едік. Қазір, шүкір, шаруашылығымыз дамыды. Баратын жерімізге көлікпен ән сағатта жетеміз. Кез келген жетістік еңбекпен келгендіктен, балаларыма  «таршылық кездегі қиындықтарды естен шығармаңдар» деп отырамын. Үлкендер бұрын «Қанша байысаң да, жаман шапаныңды төріңе іліп қой. Мен бұрын кім едім, қазір қандай деңгейге жеттім деп өзіңе есеп бер. Масаттанба, байысаң көзіңді шел басып кетпесін» деуші еді. Ауыл шаруашылығы саласында жүргеніме 28 жылдай болған екен. Бұрын несие, лизинг дегендер болған жоқ. Бар малымызды үнемдеп, жиып-тердік. Қазір мемлекеттен қыруар қолдау қаржы беріледі. Жастарға қожалық ашқанда қорықпаңдар, тәуекел етіңдер деп жиі айтамын, – дейді кейіпкеріміз.

60-қа жуық жеміс ағашын отырғызған

Аманкелді Рахымұлы жұбайы Салтанат Есентемірқызымен осы Сәуле ауылындағы бастауыш мектепте бірге оқыған, яғни бір сыныпта, бір партада отырған екен. Бала махаббат дана махаббатқа ұласып, кейін шаңырақ көтерген. Бүгінде олар – үш перзентінен немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. Отбасының берекесін келтіріп, мейірім-шапағат көзі ретінде әулеттің дәулетін арттыруда Салтанат Есентемірқызының да еңбегі зор. Жұбайының бабын тауып, кез келген бастамасына қолдау көрсетіп отырады.

Аманкелді Рахымұлы – аудандық мәслихаттың депутаты. Саралжын ауылының әкімі Самғат Зейнуллиннің айтуынша, кейіпкеріміз мәслихат депутаты ретінде аудан-ауылдардың мәселелерін көтеріп, оның оң шешім табуына бір кісідей үлес қосып жүр. Сондай-ақ ол – ауылдың тұрақты меценаты. Кез келген іс-шараға қолдау көрсетіп, көмек сұрап барған жанның қолын бос қайтармайтын мәрттігі де бар. Мақала кейіпкерінің тағы бір ерекшелігі, ең алғаш қожалық құрып, малын өрбіткен Талқұдық елді мекеніне газ жеткізіп, 60-қа жуық түп жеміс ағашын отырғызған. Болашақта сол жерге зәулім үй салу ниеті де бар. Кейіпкеріміз бау-бақша баптап, жеміс ағаштарын күтіп, суарғанды ерекше жақсы көреді екен. Оның тағы бір қыры – кітап оқып, үнемі ізденіс үстінде жүретіндігі. Жуырда ғана Қ. Жолдыбайұлының «Kemel adam» және Ж. Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» кітаптарын оқып бітіріпті.

– Қазір әлемде аграрлық салаға сұраныс артты. Сондықтан да елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойылып отыр. Ал облысымыз – мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы өңір. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экспорттауға да мүмкіндік көп. Жасыратыны жоқ, арамызда атакәсіпті ұмыт қалдырып бара жатқандар кездеседі. Тіпті мал бағуды намыс көретіндер де бар. Біле білгенге мал ұстау – береке. Мемлекеттің демеуі шаруамның дамуына жол ашты. Соның негізінде жұмысымды өрлеттім. Қазір жемісін көріп отырмын. Мыңғыртып мал айдамасаң да, өз үйіңді етпен, сүтпен қамтыған дұрыс. Жоғарыда айтқандай, бұрын демеуқаржы, несие, лизинг дегендер берілмейтін. Қазір мал басын көбейтемін дейтін ауыл тұрғындарына мүмкіндік көп. Ауыл жастарына «Беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланыңдар, қорықпаңдар» деп жиі айтамын. Менің 28 жылда жиған мал-мүлкімді жастар мемлекеттің көмегі арқылы 3-4 жылда құрай алады. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін ерекше қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген ықылас болса жеткілікті, – деді Аманкелді Рахымұлы.

«Мал баққанға бітеді» деген дана қазақ. Қожалық иесінің жоспары – ауқымды, межесі – биік. Ол – асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығын өркендету арқылы өзіне де, қоғамға да пайдалы тірлік тындырып жүрген жанның бірі. Абыройың арта берсін, еңбек адамы!

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале