12.03.2024, 10:15
Оқылды: 22

«Мамам мені өлтіретін шығар»

Суретші-дизайнер, иллюстратор Аңсаған Мұстафаның суреттерінің мағынасы терең. Ол өзін толғандырған  мәселелерді қағазға түсіреді. Қоғамдағы әр түрлі құбылыстар оның назарынан тыс қалған емес. Суреттері  ойландырады. «Мамам мені өлтіретін шығар» дейді  шарасыз  бойжеткен  бір  картинасында. Сол бойжеткеннің  құрсағындағы сәби де «Мамам  мені өлтіретін  шығар»  деп  жатыр. Міне, осындай өзекті  мәселелерді қозғайды Аңсаған  Мұстафа. Оның әлеміне енуге құмартып,  сұрақтарымды  жолдап  едім.  Кешікпей  жауаптары  да  жетті.  Сіздерді қызықтырса, назарларыңызға ұсынбақ ниеттеміз, қадірлі оқырман! Айта кетейін, қылқалам шебері Алматы қаласындағы көркемсурет мектебінде және көркемсурет колледжінде білім алған. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясында «Графикалық дизайн» мамандығында білімін тереңдеткен. 

9be62527-fcac-4768-8bcf-ef8e59f28159

– Аңсаған Құрманғазықызы, бүгінде туындыларыңыз әлемге таралуда. Бұл қазақ қоғамындағы мәселелердің шетелде де бар екенін аңғартатындай. Биыл картиналарыңыз қай жаққа жол тартады?  

– Биыл біраз мемлекетке суреттерім жетеді. Мен Оңтүстік Корея Суретшілер одағының мүшесімін. Ол мемлекеттегі әріптестерім менің үш суретімді көрмелерге қою үшін өздеріне алып қалды. Жуырда маған Парижден диплом, каталог және құттықтау хат келді. Мен Парижде көрме өтетінін білген де жоқпын. Бұл іс-шараға Оңтүстік Корея Суретшілер одағының мүшелері қатысқан екен. Тосынсыйды пошта арқылы алған кезде қатты қуандым. Жалпы 2014 жылдан осы уақытқа дейін 109 көрмеге қатысыппын. Суреттерім Австрия, Голландия, Канада елдеріне барған жоқ. Соған қарағанда аталған елдерде әлеуметтік мәселелер аздау болар.

0cb0afdc-c589-4fc5-9ae9-adf3ba1e991e

– Қазіргі таңда сурет салумен қатар ұлттық нақыштағы жейделер (футболка) шығарумен шұғылданып жүрсіз. Бұл кәсіппен қай уақыттан бастап айналысып  келесіз?  

– Сіз тілге тиек етіп отырған шаруамен шұғылданып жүргеніме 10 жыл болып қалды. Алғашында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан тойдың жоғары деңгейде өтуіне суретші ретінде өз үлесімді қосқым келді. Жазда адамдар шапан, бөрік кие алмайды. Содан көркем сөздер, ою-өрнектер бейнеленген жейде жасауды ұйғардым. Эскизін сызып, желіге жарияладым. Көбі ұнатып, жақсы пікір білдірді. Содан бастап осы істі дөңгелетіп келеміз. Басында бұны кәсіпке айналдырып, табыс табамын деген ой мүлде болған жоқ. Көп ұзамай тапсырыстар түсе бастады. Бұл мені шабыттандыра түсті. Тұтынушылар күннен-күнге көбейді. Жалғыз өзім үлгермейтін болғасын, команда жинай бастадым. Осылайша ата-әжелердің, ата-аналардың өтініштерін орындаймын деп жүріп, қалай кәсіппен айналысып кеткенімді байқамай да қалдым. Содан қажетті құрал-жабдық алып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсете   бастадық.

– Әлеуметтік желіде Португалияда керемет көрме өткені, онда ақындардың суреттер жөнінде өлең жазғаны туралы жазба қалдырыпсыз. Жалпы бейнелеу өнері мен поэзияда қандай байланыс  бар?

– Португалияда көрме өте керемет өтті. Шараны ұйымдастырған – Англияда тұратын танымал суретші Пауло Филиппе. Мен көбіне көрмелерге онлайн түрде қатысып жүрмін. Себебі, әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан көрмелердің бәріне қатысуға мүмкіндік жоқ. Билеттер өте қымбат. Жалпы поэзия мен бейнелеу өнері бірін-бірі толықтырып отырады. Бояулардың жеткізе алмағанын сөз жеткізеді. Сөзбен суреттеу мүмкін емес дүниені суретке  түсіресің.

Өзім аяқтай барып қатысқан көрмелер де бар. Соның бірі 2023 жылы 24 қыркүйекте Италияның Болонья қаласында өтті. Мен ол жерге тәжірибелі қылқалам шебері, коллекционер Роберто Лочентроның шақыртуымен бардым. Ол мені майлы бояулармен салынған ескі картиналар жинақталған бір үйге орналастырды. Өзі 74 жаста болса да, ширақ қозғалады. Баламды өзіммен бірге апарғанмын. Екеумізге қаланы аралатып, көрікті жерлермен таныстырды. Менің суреттерім оның жеке галереясында  тұр.

– Аңсаған Құрманғазықызы, әдетте шығармашылық адамдары өзі бастан кешкен немесе жанын ауыртқан жайттар жайлы толғанады ғой. Әлеуметтік тақырыпта сурет салуға не  түрткі  болды?

– Менің әкем де, шешем де – журналист. 11 жасымда анам Шолпан Ұғыбайқызы қыз-келіншектерге, отбасыларға арналған «Ақ босаға» газетін ашты. Газет ашылғаннан кейін үйімізді тонап кетті. Әке-шешемнің дыбысжазбалары, таспалары ұрланды. Мен осы оқиғадан кейін үйге кіруге қорқатынды шығардым. Тек ата-анаммен бірге кіретін болдым. Сабақтан кейін редакцияға баратын едім. Газет беттерінің қалай дайындалатынын көрдім. Журналистердің мақаланы қалай  жазатынын  білдім.

1bf7917b-db87-4d95-9cef-39fa3eaf2d80

Уақыт өте келе газетке иллюстрация керек бола бастады. Қазіргі таңда ғаламтордан көп нәрсені оңай табасың. Ол кезде интернет желісі бүгінгідей дамымаған. Мақалаға сурет қажет болса, фотограф арнайы барып түсіреді немесе суретші салып беретін. Мен сол уақытта журналистерді қызықтырған тақырып бойынша сурет салып жүрдім. Бұл салаға, міне, осылай келдім. Кезінде «Ақ босағаның» таралымы 75 мыңға жетті. Қазақстанның түкпір-түкпіріне  тарады.

– Көпшілік сіздің шығармашылығыңыз жайында жақсы біледі. Өзіңіз туралы да сөз қозғасақ артық болмас еді. Туған жеріңіз, жанұяңыз жөнінде айтсаңыз...

– Туған жерім – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылы. Әкем Құрманғазы Мұстафин – жазушы. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Алматы қаласында «Жалын» баспасында жұмыс істеген. Анам ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде сол баспадан сараптамалық тәжірибеден өткен. Екеуі танысып, бір жылдан кейін үйленген. Анам босанар кезінде Алматыдағы дәрігерлерге сенбей Миялыға барған. Мен сол жерде жарық дүниеге көрінген екенмін. Нағашы әжем ел-жұртқа, ауыл-аймаққа сыйлы кісі болыпты. Ауылда қырқымнан шығыппын. Содан соң Алатаудың етегіндегі ару қалаға аттанған екенбіз. Мен сол Алматыда өстім. Әкем Құрманғазы Қараманұлы әскерде ағылшын тілін үйренген. Көптеген шетел классигінің шығармаларын ағылшын тілінен аударған. Ол бізді шығармашылыққа тәрбиеледі. Інім Қанағат Мұстафин – режиссер. Бала кезінде спортқа жақын болды. 2010 автобиографиялық фильм түсірді. «16 қыз», «Ең сұлу» сынды киноларын көпшілік ұнатты. «Айналайын», «Қара шаңырақ» атты сериалдарды жарыққа шығарды. Бүгінде «Қорқыт» атты киносы  теледидардан  көрсетілуде.

14b2140a-a868-415f-9c62-54e477ae9934

Қазіргі таңда Астанада тұрамын. Жұбайым да – журналист. Бас қалаға 2002 жылы көшіп келдік. 2003 жылы Күнікей есімді қызымыз дүниеге келді. Бүгіндері Күнтайымыз Американың Сан-Франциско қаласындағы Минерва университетінде білім алуда. Бұл жоғары оқу орнының өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда оқу әртүрлі елде жүргізіледі. Бірінші курста АҚШ пен Кореяда, екінші курста Тайвань мен Индияда, үшінші курстың бірінші семестрін Аргентинада оқыды. Бүгінде үшінші курстың екінші семестрін Ұлыбритания астанасы Лондонда оқуда. Ол ағылшын тілін жетік меңгерген. Ұлым Сұлтан гитарда ойнауға құмар. Өзі өнер саласында оқығысы келеді. Гитар ойнаудың қыр-сырын үйрететін арнайы мамандық жоқ. Сол себепті әкесінің нұсқауымен IT саласын меңгеруге бет бұрып жүр. Ал кенже ұлымыз Байжігіт 10 жаста.

– Бір суретіңізде «Құдай, мені неге теледидар қылып жаратпадың? Әкем жұмыстан келгенде маған қарар еді» деп жазып отырған кішкентай қызды бейнелепсіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» атты картинаңызда тағы да бала тәрбиесін басты нысанаға алыпсыз. Бүгінде сізді қандай мәселелер көп алаңдатады?

– Бүгінгі таңда қыздар қауымы белсенді емес. Мені осы мәселе қатты толғандырады. Қазақ қызды кішкентайынан кішіпейілділікке тәрбиелейді. Мектепті, университетті үздік аяқтаған қыздар күйеуге шыққаннан кейін үй шаруасымен шұғылданады. Ал оқушы кезінде үштен басқа баға алмаған жігіттер сықиып киініп, түрлі лауазымды қызметті атқарып жүреді. «Қыздар үндемеуі керек» деген тәрбие санамызды билеп алған. Меніңше, қазақ қыздарына орынды батылдық қажет. Санадағы үрейді сейілтіп, алға нық қадам басқан жөн.

Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале