7.11.2022, 11:30
Оқылды: 86

Мамандық таңдау – болашақты таңдау

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Мамандықтар әлемі сыр шертеді» жобасы аясында «Еңбекпен шыңдалған ғұмыр» атты сыр-сұхбат кеші өтті. Іс-шараға Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен студент жастар қатысты. 

2db115a0-c34c-44e6-b69a-8f179c777811

Дөңгелек үстелге жиналған зейнеткерлер студенттерге кеңестерін айтып, мамандық таңдау жайлы сөз қозғады. Аталған департаменттің директоры Сатқан Төлегенов өзінің қызмет жолынан сыр шертіп, жастарға әуелі жаны қалаған мамандықты таңдау маңызды екенін түсіндірді.

– Осы бағыттағы іс-шараларды жыл сайын өткізіп келеміз. Бүгінгі жиында алдыңғы буын ардагерлер мен жастардың арасында берік байланыс орнатып, кейінгі буынға дұрыс ақыл-кеңес айтуды көздедік. Жастардың бір салада айтарлықтай жетістікке жетуі үшін ыстық-суығына дайын болуы шарт. «Көпті көргеннен сұра» деген тәмсіл бар қазақта. Күні ертең елдің тізгінін ұстайтын ұрпақ мамандық таңдаудан қателеспеуі керек. Оларға бағыт-бағдар беретін қадірлі қарияларымыз аман болғай. Осында жиналған студенттер үлкендерге көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, жа-уабын қалт жібермей тыңдауы қажет. Білікті маман болу жолындағы алғашқы сатыдан сүрінбеңіз! Ең бастысы, адал қызмет етіңдер, – деді Сатқан Досмұханбетұлы.

Іс-шара барысында үлкендер жағы ауылдағы жастық шағынан бастап жақсы әңгімелер өрбітті. Оған қоса, еңбек жолдарынан сыр шертті. Бүгінгі буынның қай нәрсеге де қабілетті, жақсыны тез сіңіре білетініне риза екенін айтты. Сондай-ақ түрлі саланың майталмандары білікті маман болу үшін әр адам өзінің білім алуға деген құштарлығын оятуы керек және тоқтап қалмауы қажет деді.

f39ad2b6-2bc2-4975-b9c8-4e7953fedaf0
Біраз жыл медицина саласында қызмет атқарған Меңсұлу Жұматова «Әр істе тиянақты бола білген адамды өмірде зор жетістік күтеді» деген ойын ортаға салды.

– Біз үшін ең басты құндылық – өмір. Ал өмірдің мәні саналы түрде жасаған ізгі істерде деп ойлаймын. Мамандықтың да адам өмірінің жарқын болуына ықпалы зор. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген ойына тәнтімін және дұрыс деп есептеймін. Бір кәсіпті бастау не болмаса бір салаға бет бұру – біреулердің асқақ арманы болса, енді бірі үшін ата ізін жалғастыру. Таңдаған жолынан жаңалық іздеп, бар жігерін танытқан жандардың еңбегі түбінде ескерусіз қалмайтынын айтқым келеді. Алдағы күндеріңіз жарқын болсын, – деді Меңсұлу Дүйсенбайқызы.

Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері – Тоқтар Әубекіров пен Диас Жұмабай қазақтың күйін күмбірлетті. Жиынның соңында кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова келген қонақтар мен жастарға алғыс білдірді.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале