30.04.2020, 9:36
Оқылды: 161

Мамырдағы мерекелер тойлана ма?

Наурыз айының 16-сында ел ішінде жарияланған төтенше жағдай, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. COVID-19-дың таралуын болдырмау мақсатында енгізілген карантин режимі - кейіннен күшейтілген карантин режиміне ауыстырылды.

27 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, оған дейін кезең-кезеңімен карантин режимін жеңілдетіп, шектеулер біртіндеп алынатынын айтты.

Президенттің мәлімдемесінен соң БҚО әкімінің орынбасары Серік Егізбаев онлайн брифинг өткізіп, онда Мемлекет Басшысының мәлімдемесінде атылғандай, өңірде карантин талаптарын жеңілдету, сондай-ақ мамыр айындағы мерекелердің тойлану тәртібі жөнінде мәлімет берген болатын. Оның айтуынша алдағы мерекелерді онлайн форматта атап өтуге басымдық беріледі. Әлеуметтік желілерде түрлі конкурстар, флешмобтар акциялар мен конкрустар өткізіп, облыстық БАҚ беттерінде ақпараттық контентті ұлғайтуға көп көңіл бөлінбек.

Бұдан бөлек, Хиуаз Доспанованың оқыған мектебінде мемориалды тақтаның ашылуы, «Үш батыр қыз» ескерткіші, «Мәңгілік алау», Бауырластар зираты, Т.Масин, Г.Жуков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою жоспарланған.  Содан кейін, «Жеңіс» алаңында 3 акцияға старт беріледі. Олар: 50 спортшының қатысуымен велошеру, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтауға баратын 9 топқа старт және Жайық өзені арқылы катерлердің жүзуі.

Қала халқы  бүгінде үйде отырудан жалығып,  мамырдағы мерекелерді тойлауды армандап отыр. Бірақ мерекелік шараларға халықтың жаппай қатысуы екіталай. Өйткені коронавирус инфекциясының таралу қаупі әлі де сейілген жоқ.

Алдағы  мейрамдарды атап өтуге асыққандардың бірі - Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Жастар мәдениет үйі» МКҚК болса керек. 1 мамырға дейін төтенше жағдай аяқталып, қала бұрынғы тыныс-тіршілігіне қайта енеді деп сенген болар, аталған мекеме 2020 жылдың мамыр, маусым, шілде айларында шаһарда мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру үшін ҚР Мемлекеттік сатып алулары порталында тендер (лоттың № 34061073-ОК1)  өткізген.

Аталған тендердің «Мәдени іс-шараларды қолдау бойынша қызмет көрсетудің техникалық сипаттамасы» атты құжатында әлеуетті өнім беруші мынадай қызметтерді көрсетуі тиіс деп жазылған:

1)  «1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесінде  Абай алаңында мәдени іс-шаралар, театрландырылған көрініс және концерттік бағдарлама ұйымдастыру;

2) «7 мамыр Отан қорғаушылар күніне» Жеңіс алаңын безендіру, мәдени шараны ұйымдастыру;

3) «9 мамыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығына Жеңіс және Абай алаңдарында мерекелік шаралар ұйымдастыру;

4) 21 мамырда Мәдени қызметкерлер күніне Стелла алаңы мен қалалық мәдени және демалыс саябағында мерекелік шаралар ұйымдастыру;

5) 31 мамыр Ысқырық тауда  (Свистун гора) өтетін саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне гүл шоқтарын әзірлеу;

6) 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне Тұңғыш Президент алаңын безендіру және  мәдени шара ұйымдастыру;

7) 13 маусымда «Түлектер – 2020» мектеп бітіруші түлектер кешін Абай алаңында өткізу, отшашу ұйымдастыру;

8) 1 шілдеде (қандай мереке екендігі көрсетілмеген) Тұңғыш Президент алаңын безендіріп,  мерекелік шара ұйымдастыру.

9) 6 шілде Астана күніне арнап Тұңғыш Президент алаңын безендіріп,  мерекелік шара ұйымдастыру.

Сатып алудың қорытындылар туралы хаттамасында (№ 4078371-ОК1) көрсетілгендей, тендерге 6 әлеуетті өнім беруші қатысуға өтінім берген. Конкурстық комиссия біліктілік талаптарына сай келмеген 2-уінен бас тартып, конкурс талаптарына сай келеді деген 3-уін қалдырған. Олар: «Постмэн» ЖШС, «РекКом» ЖК  және ALFA әлеуетті өнім берушілері.

Конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларының есебі мынадай болған: Постмен ЖШС – 22 958 000 деген баға ұсынған, ALFA бұл мерекелік шараларды 17 000 000-ға өткізіп береміз десе, жеңімпаз деп танылған «РекКом»  ЖК аталған қызметті 10 500 теңгеге атқаруға келіскен (осы орайда, «РекКом»  ЖК-ның ұсынған бағасы ақылға қонымсыз емес пе деген сұрақ туындайды?).

Тапсырыс беруші болса «конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларының есебі» бағанында: «Заңның 26-бабына сәйкес сома - «РекКом» ЖК-ға - 19 989 500,  ALFA-ға – 3 000 000»  деп көрсеткен.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңының 26-бабымен «Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі демпингке қарсы шаралар»  қарастырылған:

«1. Конкурсқа қатысушы ұсынған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын шекті мәннен төмен болып табылатын баға демпингтік баға деп танылады.

  1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген, әлеуетті өнім берушінің шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қосымша, демпингттік деп танылмайтын, жол берілетін ең төмен бағадан төмендетілген сомаға тең мөлшерде сома енгізу шарты бар жағдайларды қоспағанда, демпингтік бағалар ұсынуға жол берілмейді».

Байқасаңыздар бұл мерекелік іс-шаралардың барлығы мамыр мен шілде айы аралығында өтеді. Бірақ елімізде енгізілген карантин режимі Президент жарлығымен 11 мамырға дейін созылды. Сондай-ақ Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев 27 мамырда жасаған мәлімдемесінде халық мамырдағы мерелекелерді үйлерінде атап өтуіне тура келеді деп жазған. Облыс әкімінің орынбасары С.Егізбаевтың брифингте айтқанынан түйгенім, мамырдағы мерекелерді атап өту конкурс құжаттамасында көрсетілгендей кең ауқымда өтпейді. Бұдан бөлек,  төтенше жағдай аяқталған күннің өзінде де тамыз айына дейін көпшілік шараларды өткізуге тыйым салынуы мүмкін. Түлектердің бітіру кеші де биыл тойланбайтын  болды.

Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Жастар мәдениет үйі» МКҚК жеңімпазбен әлі келісімшарт жасап үлгермепті.

Дүниежүзін жайлаған коронавирус індеті Қазақстанда ең алғаш 13-сәуір күні тіркелді. Осы күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов шұғыл брифингке шығып екі қазақстандық азаматтың COVID-19-ды жұқтырғаны туралы мәлімдеді. 13 наурыздан бастап ел аумағында көпшілік іс-шаралардың барлығына тыйым салынды. Ал 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді.

ҚР Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерге сүйенсек, жоғарыда аталған сатып алуға өтінімді қабылдау 2020 жылдың 17 наурызы мен 1 сәуірі аралығында жүргізілген. Осы орайда елдегі жағдайды көріп отырған ұйымдастырушы не үшін тендерді өткізуден бас тартпады деген ой туындайтыны заңдылық.

Мәселенің анық-қанығына жету үшін «Жастар мәдениет үйі» МКҚК-ның басшысы Медет Мерғалиевке хабарласқан болатынмын. Ол мерекелік іс-шаралар өтпеген жағдайда 25 млн ақшаның ешқайда кетпейтінін, мекеменің шотында қала беретіндігін айтты.

«Біз көктемгі және жазғы мерекелерді ұйымдастыруға үлгеру үшін, сатып алуды 7 наурызда алдын ала дайындағанбыз. Өйткені рәсімдердің орындалуына 40 күн уақыт кетеді. Бұл кезде елде төтенше жағдай енгізілмеген болатын. Сонымен қатар бастапқыда төтенше жағдай 16 наурыздан 15 сәуірге дейін жарияланды. Егер карантин режимі  осы уақыт аралығында аяқталып, біз конкурс өткізіп үлгермесек, халық мерекесіз қалар еді. Яғни біз алдын-ала болжап біле алмаймыз. Сондай-ақ, жағдай жақсарып, 6 шілдеде елорда күніне алаңда шара ұйымдастырып қалуымыз да мүмкін ғой. Ондай жағдайда мердігерге ақша тек жасалған жұмысына қарай факт бойынша төленеді. Іс-шаралар ұйымдастырылмаған жағдайда аталған конкурсқа бөлінген 25 млн қаржы мекеменің шотында қалады, ешқайда жұмсалмайды», - деп түсіндірді Медет Мерғалиев.

Қазір ел бюджетінің басым бөлігі Мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы жұмсалады. Сондықтан ондағы әрбір қаражат көпшіліктің назарында. Осы орайда, шаһарда мерекелерді атап өтуге бөлінген аталмыш қаржының желге ұшпайтыны қуантып тастады.

Үмітгүл Қуанышбай,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале