16.05.2023, 11:01
Оқылды: 48

Мәңгілік тақырыпқа диалог

«Үзілістің» бүгінгі қонағы  —  Орал қалалық  №5 жалпы  білім беретін мектебінде табан  аудармай 35 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз, химия пәнінің «зерттеуші» мұғалімі Құралай Мәмбетқызы Ізбасарова.

3f782599-e80c-403e-959f-de4c01d7f48a

Дариға Ғазезқызы:

– Мектеп те бір қарағанда адам сияқты көрінеді маған. Тууы, өсіп-өніп өркен жаюы, қартаюы, емделуі... т. с. с. Сіз еңбек етіп отырған №5 мектеп те сондай көнекөз оқу орындарының бірі деуге болатын шаққа жетіп қалыпты. Кеңестер дәуірінде таза орыс мектебі болған, одан кейін аралас мектеп, енді, міне, қазақ мектебі болыпты. Осы үш кезеңнің үшеуінде де табан аудармастан осы мектепте еңбек етіп келе жатыр екенсіз.  Демек,  салыстыра да, саралай да алатын мүмкіндігіңіз бар аға буын ұстаз ретінде айтарыңыз  бар  шығар?

Құралай Мәмбетқызы:

– 1962 жылы қазан айының 29-ы күні Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданының Құрман деген ауылында дүниеге келіппін. Әкем соғыс ардагері болған, 1918 жылы туған адам еді. Соғыстан жаралы болып оралған соң, сол Құрман ауылында есепші болып жұмыс істеген. Одан кейін түйе бақты, қой бақты, еңбекқор, сол еңбегімен құрметке бөленген жан  болатын. Алдымда бес ағам, артымда інім – алты  ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болғасын ба, әкем мені  2-сыныптан бастап Ақтөбе қаласында тұратын інісі Болат пен келіні Шолпанның қолына беріп, сондағы №21 қазақ орта мектебінде оқытты. Орысша білмейтін едім. Ол тілді  үйренуіме марқұм Шолпан жеңгем көп үлес қосты. Орысша ертегі оқытып, түсінгенімді сұрайтын. Үздік білім берген ұлағатты ұстаздарыма алғысым шексіз. 1980 жылы сол мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Ақтөбе педагогикалық институтының ашылғанына үш-ақ жыл болған  химия-биология факультетіне оқуға түстім. Ол кезде қазақша бөлім жоқ, бес жыл осында орысша оқып, қызыл дипломмен аяқтадым. Содан кейін  жолдамамен Ойыл ауданының Саралжын деген ауылындағы мектепке химия пәнінің мұғалімі болып орналастым. Химик жоқ, химиядан географ сабақ беріп жүр екен... Бір жылдан соң тұрмысқа шығып,  Оралға келін болып түстім. Бұл – 1986 жыл болатын. Мұғалімдікке орналасудың  реті болмай,  жолдасымның көмегімен  (ол кісі органдарда істейтін) маскүнемдіктен емдеу мекемесінде (ЛТП) жұмыс істеуге тура келді. Бір жылға  жетер-жетпес уақыттан соң, сәті түсіп, өзімнің сүйген мамандығыма оралдым.  Сонда келген мектебім – бүгінде  туғандай болып кеткен осы №5 мектеп еді.

Дариға Ғазезқызы:

– Бүгінде қаланың ортасы деуге болатын «Циолковская» аялдамасы аумағында орналасқан қос білім ордасының бірі – №9, екіншісі – №5 мектеп. 1985 жылдан бастап білім берумен айналысып келе жатқан бұл мектептің білім беру тілі  қазіргі уақытқа дейін бірнеше рет өзгеріпті. 1985-2003 жылдар аралығында орыс тілді мектеп, 2003-2014 ж.ж. қазақ және орыс тілді мектеп болған. 2014 жылдан бері таза қазақ тілді мектеп. Мектеп тарихында 9 директор болыпты. Ғимараттың жалпы сыйымдылығы 1176 оқушыны құраса, қазіргі таңда 773 оқушы білім алуда көрінеді.

Сол бір жылдардың бәрі де көз алдыңызда  өтті... Қазір – тарих. Сол тарихтан есте қалғандарды айта отырыңыз.

Құралай Мәмбетқызы:

– Иә, мен келген уақыт 1987 жылдың тамыз айы болатын. Ашылғанына екі-ақ жыл болған жаңа мектеп. Орыс мектебі. Мұғалімдер түгелге жақын орыс ұлтынан. Қазақтар жоқтың қасы. Директоры Ерсайын Қадырұлы Сапаров. Оқушы өте көп. «А», «Б», «В», «Г», «Д», «Е» – алты  класқа дейін параллельдер болды,  Екі ауысымда жұмыс істедік. Тәртіп қатал.  Мықты, сұсты завучтар, білімді мұғалімдер көп болды. Мектепте қазақша,  институтта орысша оқығасын, екі тілге бірдей болдым. Соның арқасында тұрақтап  жұмыс істеп кеткен шығармын.  Талап қатаң еді, әсіресе, қазақтарға... Сөйтіп жүргенде, біртіндеп аралас мектепке айнала бастады. Аралас мектеп болған соң орыс сыныптары азайып, қазақ сыныптары көбейе бастады. Махамбет Әбдешұлы Сенғалиев директор болып тұрған тұста мектепті қазақтандыру батыл қолға алынып, №37 мектептен  бірнеше қазақ сыныптарын көшіріп алып келді. Қазақ кластарымен бірге мектепке қазақы мінез келді. Орыс мектебі де жақсы ғой,  бірақ қазақ балаларында  болатын иба, әдептілік, үлкенді сыйлау, кішіпейілділік сияқты ұлттық сипат бізге анық байқалып тұратын. Жақсы-жақсы өзгерістер болып жатты. Әрине, оңай болған жоқ. Мұндайда балалар арасында болып  жататын келіспеушілік,  кикілжің сияқты жағдайлардың біразын біз де бастан кешірдік. Орыс, шешен балалары болды... Бірақ  жұмыс жүріп жатты. Одан кейін уақыт талабына қарай қазақтар көбейіп, селдіреп қалған  орыс кластарын түгелімен 23-мектепке, 16-мектепке алып кетті де,  біздер бүтіндей  қазақ мектебіне айналдық. Көп іздендік. Қазақ мектебінде сабақ беру,  тәрбие жұмыстарының методикасын  үйренуге бас қойдық. Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеппен,  Түрік лицейімен,  Назарбаев мектебімен тәжірибе алмастық, қысқасы,  біз түбірден «қайта құрылдық». Осындай үлкен-үлкен өзгерістер кезеңінде ұжымға басшы болған  Әсем Самиғоллақызы Бақытжанова түрік лицейінде бірнеше жыл жұмыс істеп келген, тәжірибелі  адам еді. Он жылдай еңбек еткенде қатаң талап, жас мамандарды ізденіске баулу, «Даму» тобын құрып, аға оқытушылар мен келесі буынның өзара сабақтастығын орнату сияқты қайнаған жұмыстарды ұйымдастыра  білді.

Дариға Ғазезқызы:

– «Аз отырып,  көп сынағанда» байқап-білгенім – №5 мектеп 2020 жылдан бері «ЭКО-мектеп» жобасы аясында жұмыс істеп келеді екен. Керемет жылыжай да бар көрінеді.  Қысқы бақ – ГРИН РУМ бөлмесі  тағы бар. Әрине, мектеп жылыжайының  теорияны  практикамен жалғастыруға, ғылыми жобалармен айналысуға, экомәдениетті қалыптастыруға ықпалы зор.

Шежірелі №5 мектептің  2021 жылдан бастап ЮНЕСКО клубының мүшесі болуы да соның бір дәлелі. «Қамқорлық» инклюзияны қолдау кабинеті,  «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық сыныбы да уақыт талабына сай ұйымдастырылған. «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық сыныбының (25 оқушы!) халықаралық деңгейде спорттан  иеленген жүлделі орындары да баршылық екен. Білім көшінің алды да емес,  соңы да емес, белортасында келе жатқан мектептің тынысы жаман емес. Домбыра үні күмбірлеп, қазақ әндері қалықтаған шаралардың көп өтетіні көрініп-ақ тұр.  «Сүйегі»  дегендей-ақ, о баста тек қана орыс тілінде жұмыс істеген мектептің ұлттық білім ордасына айналғанын да заман ағымымен бірге адымдау деп таныдым. Мұғалімнің мойнында заманнан қалмау, қалмақ түгілі, қоғамның алдында оза жүру міндеті тұрады әр кез. Жетекші, тәрбиеші мамандық  қой... Соған сай   маман   көп  пе, аз  ба?

Құралай Мәмбетқызы:

– Иә. Бір күнінен бір күні қызық мамандық екені рас. Отыз алты жылдан астам ұстаздық еткенде бір жалығып көрмеппін. Арасында бала күтімімен отырып,  арасында сағат жетпегенде іргедегі  №9 мектепке де сабақ берген кездерім болмаса, менің еңбектегі негізгі қара шаңырағым – осы. Ізденіс те,  жаңалық та көп. Жаңағы  сіз айтып отырған «ГРИН РУМ-ды» ашу мен жылыжайдың жұмысын жандандыруға М. Өтемісов атындағы  БҚУ-дың  аға оқытушысы Жаннат Қажымұратованың  көп еңбек сіңіргенін айтып кетейін осы жерде. Мықты-мықты мұғалімдер бар, аттарын атап өтуге «Үзіліс» парағының көлемі көтермес, бірақ жас, талантты, білімдар әріптестерім көп екеніне қуанамын. Талап та күшті ғой қазір.  Аттестация деген сапа тексеруші тетік те  күшінде. Сауатты мұғалім – сапалы  білімнің кепілі... «Бес саусақ бірдей емес», сауатсыздық көп, яки аз деп неғылайын,  әркім шамалайтын шығар өз деңгейін. Келесі оқу жылының басында зейнетке шыққалы отырған аға мұғалім ретінде мені  не ойландырып,  не  алаңдататынын айтар болсам, балалардың білім сапасы алаңдатады. Сапа болғанда,  әуелі кәдімгі қара жүгіртіп оқудың өзін меңгерту қиындап кетті. Шыны сол. Төменгі сыныпты айтпай-ақ қояйық,  9-сыныпта кітапты ежіктеп, әзер оқып тұратын ұлдар бар екенін несіне жасырамыз?  Бар ондайлар... Кездеседі... Оның себебі неде? Қай жерінен қате кетіп жатыр оқытудың, соған аттестация керек шығар ең әуелі. Бағдарламаға! Үлкен аттестация.

«Оқуға құштар мектеп» деген жоба бар, әр сәрсенбі күні, үшінші сабақтың алдында оқушылар жаппай 15 минут кітапқа үңіледі... Ол не болады? «Жаңалық, жаңалық» деп жүріп,  бұрынғы жақсымыздан айырылып қалмасақ екен... Еліміздің болашағы алаңдатады.  Көбейту таблицасын да білмейтін, «Тик-токтағы»  не бір бәлені көріп, демек, соны санасына сіңіріп өсіп келе жатқан бала кім болады ертең? Оқулықтарды оқымайтын оқушы (оқулық сапасы бөлек әңгіме...), өзіменөзі болып, телефон шұқылап кеткен ата-ана,  ортақ әңгімесі жоқ, бытыраған қоғам...

«Тәйт!» дері жоқ үлкендер, үлкеннің бетінен алған кішілер... «Осы біз надандыққа, мәдениетсіздікке кейін қайтып бара жатқан жоқпыз ба?» деген қорқыныш ұялайды көңілге.

Дариға Ғазезқызы:

– Жалпы көптің көңілін күпті қылып жүрген сұрақ осы ғой, міне. «Оқуға құштар мектеп»  деген сияқты «Ысқырығы жер жарған, айдағаны бес ешкі»  жобасымақтар көп... Ол енді бөлек әңгіме. «Ең жоғарғы мадақ – шәкірттің  алғысы,  ең үлкен табыс – шәкірттің  топтан озып шығуы» деп өмір сүрген,  қарапайым да ұлы ұстаздар легінен екеніңізді көріп отырмын. Ақтарыла сыр айтып, педагогтік көзқарастарыңызбен ашық бөліскеніңізге рақмет, құрметті әріптес. Аман жүріңіз!

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат»  ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің  иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале