22.06.2020, 21:32
Оқылды: 140

«Мәншүктің өшпес ерлігі»  - заманауи нұсқада

Бүгін М. Мәметова атындағы мемориалды музей үйінде дәл осындай атаумен  Батыс Қазақстан облысындағы тұңғыш 3d-mapping жобасының тұсаукесері өтті.

B68FD4B8-C4BD-4A03-BB76-C8E2B132B5BC

Тұсаукесер шарасына облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты. Шара Қазақстанның даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың соңғы батырлық шайқасынан сыр шертетін «Мәншүктің өшпес ерлігі» диорама залында ұйымдастырылды.

0865ABFF-FD7C-4601-A2DE-6CC4FBB686DB

Мәншүк Мәметованың ерлік көрсеткен қас-қағым сәтін суреттейтін диорама залы 3d-mapping IT технологиясының көмегімен жетілдіріліп, заманауи нұсқада көрермен назарына ұсынылды. Мамандар компьютерлік графика және арнайы бағдарламалар арқылы диароманы жандандырды. Залда бейнеслайдтарды көрсету үшін үш экран орнатылды. Бұл жобаның ерекшелігі – бір интерактивті терминалдан барлық жобаны басқару мүмкіндігі болып табылады. Диароманың компьютерлік графикасы және дыбыстық әсері жаңа технологиялардың көмегімен жасалды.

6D05D39E-C21C-47EC-854F-B1EB188568F2

    – 3d-mapping жаңа технологиясы кез келген тегіс емес немесе тегіс беттерге түрлі суреттер мен бейнелерді жобалауға мүмкіндік береді. Бұл диароманы жасауда бірнеше бағдарламаны пайдаландық. 3D графигі арқылы жарылыс, адамдар, танктер аннимациясы жасалды. Тарихи дәлдікті басты назарға алдық. Хроникамен танысып, әрбір детальді жібермеуге тырыстық. Бұл жұмыстың ерекшелігі сол, интерактивті терминал арқылы барлық жобаны бір жерден басқаруға болады, – дейді  «Torus.kz» ЖШС-ның техникалық директоры Дәурен Ғабдуллаев.

CA1FC10C-0CBC-431B-89B4-6A4701034B68

Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамза Сафин мен Вениамин Скаленко батырларын ұлықтаған ұрпаққа алғысын білдірді.

  – 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді. Бәріңіздің де ата-әкелеріңіз елді жаудан азат ету үшін майданға аттанды. Тіпті тылда еңбек еткендердің өзі жеңісті жақындату үшін зор еңбек сіңірді. Олар қолындағы бар жылы-жұмсағын майданға жіберіп, өздері аш-жалаңаш жүрді. Бұның өзі – ерлік. Біз достық пен отансүйгіштіктің арқасында жеңіске жеттік. Қазіргі жастар бейбіт өмірдің бағасын біледі. Олардың әрқайсысы Отанын қорғаған өз атасының есімін құрметпен, мақтанышпен атайды. Мен жастардың еліміздің экономикасын көтеріп, ел қорғаны болатынына сенемін, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Вениамин Скаленко.

D1779973-7A30-4CB3-A834-088220A9D314

М. Мәметова атындағы мемориалды музей-үйінің директоры Светлана Бектенова  музейде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, салтанатты шараны қорытындылады. Шара соңында «Мәншүктің өшпес ерлігі» диаромасының жаңартылуына қомақты үлес қосқан демеушілерге алғыс айтылды. Олардың қатарында болған кәсіпкер Қуаныш Бірмановқа облыстық мәдениет басқармасының атынан алғысхат пен естелік сыйлық табысталды.

    Дәл осы күні облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев және Ұлы отан соғысының ардагерлері Жеңіс алаңындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, соғыста шейіт болған боздақтар рухына тағзым етті.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале