29.11.2022, 10:46
Оқылды: 75

«Маржан жырлар жауған түн»

Осындай атаумен Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында поэзия кеші өтті. Аталмыш іс-шараға Орал қаласындағы «Ақберен» жас ақындар мектебінің шәкірттері мен «Сүмбіле», «Жауқазын», «Хамза қырандары» секілді шығармашылық топ мүшелері қатысты. 

132ddb93-0ac5-423c-b80b-2c8bb47ddea2

Поэзия кешінде өңірімізге танымал ақын Талап Қуаныш жалынды жырларын оқыған жастарға батасын беріп, ізгі тілегін білдірді.

– Қазақтың қара өлеңіне құмартып, жүрегінен жыр ақтарған жас буынның бүгінгі бастамасы қуантып отыр. Осы орайда кітапхана ұжымына айтар алғысым шексіз. Меніңше, поэзия – ақынның жүрек түкпіріндегі үні. Қадыр атамыздың «Ақындарды батыр десе болады» деген сөзі ойыма оралды. Айтқандай-ақ, ар жүгін арқалап, ұлттың абыройы үшін керек жерінде күрескерлік танытатын да осы ақындар... Аға буын мен жас буынның басын қосқан – өлең. Бірлесіп жүзеге асырып жатқан бастама жалғасын тауып, жырсүйер жұртты қуанта берсін, – деді Талап Таймасұлы.

Кешке жиналған бүлдір-шіндер және жас ақындар өз өлеңдерінен бөлек Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Бақытгүл Бабаш, Жадыра Байбұланова сынды қазақ поэзиясындағы кешегі ғасыр мен бүгінгі буын өкілдерінің жырларын жатқа айтты. Кеш соңында кітапхана директоры Эльвира Аманғалиева ақындарға алғысын айтып, жылы лебізін жеткізді.

– Бүгін әсерге толы рухани кеш болды. Сәулелі сәт сыйлаған ақын Талап ағамыз бен өлеңге құмар балдырғандарға ризамыз. Шығармашылыққа ден қойған жастарға кітапхана есігі қашан да ашық. Әр кештің өңін кіргізетін өлең-жырларыңыз таусылмасын. Қазақтың жарқылдаған жастары биікке өрлей берсін. Кез келген салада жас буынның бетін қақпай, болашағынан үміт күту қажет деп есептеймін. Сондықтан да оларға үнемі қолдау білдіру – біздің басты міндетіміз. Осы орайда іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған кітапханамыздың жас маманы Нұрлан Едігеновтің еңбегін айта кеткен жөн. Осындай әдеби кештерді ай сайын өткізу жоспарда бар, – деді Эльвира Есіркепқызы.

Аманжол  Исламғали ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале