10.06.2026, 9:15
Оқылды: 19

Мазасыз жүрек

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Мәрлен Ғилымханның «Үнсіздік айқайы» кітабының тұсаукесері өтті.

DSC00532

Мәліктің Мәрлені 1998 жылы 4 наурызда Орал қаласында дүниеге келді. Ол тоғызыншы сынып оқып жүргенде оның отбасы Жаңақала ауданына көшіп барады. Бүгінде кеш кейіпкерінің ата-анасы осы ауданда тұрады. Мектеп шағында қойынпарағы шимай-шатпаққа толған жас ақынның аңсары ақындар ордасына айналған Алматы қаласына ауады. Десе де, білім ұясын тәмамдаған өрен белгілі себептерге байланысты 2015 жылы М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетіне оқуға түседі. Өңіріміздегі бағаналы білім ордасында жүріп-ақ жас ақынның жыр додаларында жұлдызы жарқырайды. Ол 2016 жылы республикалық «Мен жастарға сенемін!» мүшәйрасында бас жүлде иеленіп, оның оқушы кезіндегі арманына жол ашылады. Нақтырақ айтсақ, мүшәйра жеңімпазы Алматы шаһарындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл білім алуға мүмкіндік алды. Мәрлен Ғилымхан – ақындық  өнермен шектеліп қалмай, ғылым жолына да бет бұрған азамат. 2023-2025 жылдары талантын түлеткен Махамбет университетінде білімін одан әрі шыңдап, филология ғылымдарының магистрі атанды. Кеш кейіпкері әр жылдары Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында, өңірдегі іргелі өнер ошағы Қадырсарайда және облыстық «Орал өңірі» газетінде еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Театр төрінде жүріп жазған «Жусан» психологиялық драмасы көрерменнің оң бағасын алып үлгерді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе қолға алған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы нәтижесінде ақынның «Төбелер стихиясы» деп аталатын жыр-жинағы жарық көрді. Бұл кітап Ақтөбе өңірінің арғы-бергі тарихына, атақты батырларға, тұлғаларға, жер-су атауларына және өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне арналған өлеңдер мен поэмалардан тұрады. Естеріңізге салсақ, әріптесіміз өткен жылы бас қалада орналасқан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының докторантурасына оқуға түсті.

Айта кетелік, Мәрлен ақын киелі Қадыр орталығында оқырманмен алғаш кездесіп тұрған жоқ. Студент шағында аталған орталық мұражайында жас ақынның шағын шығармашылық кеші ұйымдастырылған. Бұл күнде ақынның «Үнсіздік айқайы» кітабы Қадырсарайдың қасиетті сахнасына көтерілуге себепші болып отыр. Баспадан буы бұрқырап, күні кеше ғана қатталып шыққан осы кітапты оқырман оқуға құштар.

Былтыр Астанадағы оқуыма байланысты сол жаққа жанұяммен қоныс аудардым. Ғылым нақты дәлдікті қажет етсе, ал поэзия ішкі сезім мен жүректің шерткен күйі. Бұл қос ұғымның айырмашылығы көп болса да, екеуінің тоғысар тұсы да бар. Жалпы жаратылысты, адамның өз-өзін, өмірін тануында ғылым мен поэзия түйіседі. Қазіргі кезде маған осы қос ұғымның жауапкершілігін көтеру қиынға түсіп жүрген жоқ. Докторантурада менің ғылыми кеңесшім белгілі ғалым әрі ақын – Жанат Әскербекқызы. Осы күндерде «Есенғали Раушанов шығармаларындағы дүниенің поэтикалық бейнесі» тақырыбы аясында зерттеу жүргізудемін. Дүние бейнесі – үлкен ұғым. Бұл ұғымды аустрия философы Л. Витгенштейн алғаш ғылыми айналымға енгізген.

Одан кейін де бірнеше ғалым тұшымды тұжырымдарын айтып, ой-пікірлерін алға тартты. Зерттеу барысында қазақтың көрнекті ақыны Е. Раушановтың өлеңдеріндегі дүние бейнесін онымен тұстас шетелдік ақындардың шығармаларындағы дүние бейнесімен салыстырып жатырмын. Махамбет университетінде магистратурада белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев жетекшілік етті. Зейнолла ағайдың бағыт-бағдарының нәтижесінде ақын Өтежан Нұрғалиевтің шығармашылығын зерттеген едім. Бүгінде Астана қаласында оқумен қатар жұмысқа да орналастым.

Оқу мерзімі үш жыл болса, ғылыми дәрежені қорғауға бір жыл шамасында уақыт қажет. «Адамның өмірі өзөзін іздеумен өтеді» деген пікірге толық қосыламын. Ақ Жайыққа қайта оралу жайында сұрақтың шешімі алдағы жылдардың еншісінде  деп  ойлаймын.

«Үнсіздік  айқайы» кітабының атауы жөнінде оқырман жиі сауал қояды. Меніңше, адам екі жағдайда үнсіз қалуы мүмкін. Бірі – айтары таусылған кезде, екіншісі – айтар ой-пікірін өзгеге жеткізудің жолын таппаған шақта. «Үнсіздік айқайы» кітабының мән-мағынасы – адамның жан сөзі, ішкі арпалысы, – деді Мәрлен Ғилымхан.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев кеш иесіне ақжарма тілегін жеткізіп, басқарма басшысының алғысхатын табыстады. Одан кейін Мәліктің ұлы Мәрленге магистратурада жетекшілік еткен ұстазы Зейнолла Мүтиев сөз сөйлеп, шәкіртінің ғылымға деген ізденімпаздығын атап өтті.

Іс-шарада ақын Ғайсағали Сейтақ пен жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин Мәрлен Ғилымханның «Үнсіздік айқайы» кітабының лентасын салтанатты түрде қиды. Бауыржан Файзоллаұлы құттықтау сөзінде кеш иесінің «Орал өңірі» газетінде еңбек еткен жылдардағы тілшілік талантына тоқталып, оның ұсынысы нәтижесінде ұжым қатарына жас тілшілер қосылғанын айтты.

Мәрлен ақын мақала жазуға ебі бар деп соңынан ерте келген жас ақындар Нұртілеу Қадырқұл, Аманжол Исламғали, Жанерке Ғинаят ақпарат айдынына тез төселіп, сенім үдесінен шыға білген.

– Мен қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов пен Мәрлен Ғилымханның поэзиясында үйлесімді үндестікті байқадым. Соның ішінде екеуінің өлеңдерінде жан мазасыздығы сезіледі. Мәрленнің өлең-жырынан махаббат пен табиғат лирикаларын да, азаматтық поэзияны да табуға болады. Маған ерекше ұнайтыны – жан-жүрегінің мазасыздығы мен тыныш таппайтыны. Осы үдерістер арқылы ол өз халқының өресін биіктетіп, парасатын арттырып, интеллектуалды дәреже-деңгейін көтергісі келеді. Бұл жас ақын үшін де, жасамыс ақын үшін де – ұлы миссия! – деді Бауыржан Ғұбайдуллин.

DSC00545

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның директоры, ақын Бауыржан Халиолла кеш иесіне ақжарма лебізін айтып, филармонияның өндірістік цехында жасалған домбыра кәдесыйды тарту етті. Содан соң Жаңақала аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ақнұрлы Ислямғалиева сөз сөйлеп, құттықтады. Ол Мәрлен мектеп кезінде жаңақалалық ақын Зәкария Сисенғали негізін қалаған «Жас қалам» жас ақындар клубында тырнақалды туындыларын жазғанын айтты. Сөзін түйіндей келе, аудан әкімінің ақ сәлемін жеткізіп, құттықтаухатын табыстады. Әдеби кеште жас ақындар Төрехан Нәси мен Нұрдана Темір, сондай-ақ Мәрлен Мәлікұлының мектеп кезінен серігіне айналған сыныптас-досы, бүгінде мәдениет саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Сабыржан Ырысқалиев кеш иесінің өлеңдерін мәнеріне келтіре оқыды. Сосын Мәрлен Ғилымханның сөзіне жазылған, Сиғватолла Ешкаев сазын келтірген «Кәусар» әні шырқалды. Тілге тиек етелік, бүгінде Мәрлен Ғилымхан студент кезінде филология факультетінде жолықтырған махаббаты, филология ғылымдарының магистрі Әселханым Ғайнеденмен шаңырақ көтеріп, қос қызғалдақ тәрбиелеп отырған бақытты жұбайлар.

Ернар Жақып,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале