ЖИ тек құрал, соңғы шешім мен жауапкершілік дәрігерге жүктеледі. Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкіметте өткен брифингте жасанды интеллект қолданылған шешімдер үшін жауапкершілік технологияға емес, адамға жүктелетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Журналистер бүгінде AI-көмекшілер, оның ішінде AI-терапевтер бар екенін, кейбір деректерге сүйенсек, мұндай құралдардың бірі жүрек талмасы қаупін шамамен 40%-ға азайтуға мүмкіндік бергенін алға тартты. Осыған байланысты олар мұндай технологияларды қолдану кезінде қате кетсе, жауапкершілікті кім көтеретінін сұрады.
" Жасанды интеллект туралы заңда, жалпы қолданыстағы құқықтық базада анық жазылған: жасанды интеллект дербес субъект болып саналмайды. Яғни кез келген жағдайда шешімді адам қабылдайды. Жасанды интеллект құралдарын қолданған адам сол шешімді өзі қабылдайды, демек жауапкершілікті де өзі көтереді. Біз енгізу туралы айтқанда, денсаулық сақтау сияқты аса сезімтал салалар бар екенін түсінуіміз керек. Мұндай салаларда адам міндетті түрде қатысады. Ал кейбір басқа бағыттарда уақыт өте келе автоматты жауаптар болуы мүмкін, мысалы, ақпарат өңдеу кезінде. Дегенмен, қазірдің өзінде де жасанды интеллект қолданылған жағдайда соңғы шешімді әрдайым адам қабылдайды ", – деді Ростислав Коняшкин.
Сондай-ақ ол жасанды интеллект дәрігерлер мен клиникаларға көмек құралы ретінде қолданылып жатқан жағдайда неге жауапкершілік адамда қалатынын түсіндірді.
" Біріншіден, бұл – біз жаппай енгізуді міндеттеп отырған мемлекеттік жүйе емес. Бұл – құрал. Әрбір емхана өзіне қажетті жабдықтарды, түрлі шешімдерді, оның ішінде жасанды интеллектке қатысы жоқ жүйелерді де сатып алып, жұмысында қолдана алады. Олар кеңес беру, диагностика жасау және күрделі міндеттерді шешу үшін пайдаланылады. Бұл жерде жасанды интеллект те сондай құралдардың бірі ғана. Мысалы, КТ-суреттерді талдау кезінде адам оны үлкейтіп, мұқият қарап, зерттеуге уақыт жұмсайды. Ал жасанды интеллект бірнеше минуттың ішінде суретті талдап, ықтимал қауіптерді көрсетіп береді. Содан кейін дәрігер белгіленген аймақтарды мұқият қарап, шешім қабылдайды ", - деп атап өтті вице-министр.
Ол түпкілікті шешімді қабылдайтын, диагноз қоятын және осы құралды пайдаланатын адам жауапты деп отыр.