16.09.2021, 22:59
Оқылды: 116

Мейірбандық мекені

(N22 мектеп туралы мөлтек сыр)

...Сол баяғы өзіміздің «Құдай берген» 12-автобус. Жолда келеміз. Бағытымыз – Подстепный. Қабағы қату жолсерік әйел «бір шыбықпен айдап», жолақы жинауға кірісті. Арттағыларды түгелдеп, алға қарай жақындады, міне. Алдыңғы есікке таман үркердей жиналып, үш-төрт оқушы бала тұрған. Кондуктордың «За проезд! Готовьте оплату за проезд!» деген әмірлі даусы желкесінен кеп қалғанда, жұқалтаң келген бір баланың жылап қоя бергені. Қалғандары қалталарындағы санап қойған тиындарын беріп, құтылып жатыр билетшіге.

 20

«А ты чего плачешь! Че, мама не дала за проезд?» дейді қара торы жүзі қабарып кеткен келіншек қарлығыңқы даусы қатая түсіп.

«Нет, дала...» - дейді бала боп-боз жұқа еріндерін жымыра кемсеңдеп.

– «И-и?» Келіншектің көзінің түбінен аяушылық аралас жылылық ұшқындай бастады.

– Жеп қойдым... – деп міңгірлейді бала.

– Нені? - деп қазақшалап жіберді енді күлкісін азар тыйған апай.

– Самса алып жеп едім... – деп шындап жылаған бала есіктің басқышына таяды «Түсіріп тастайды-ау» деген қорқынышын жеңіп, өзі-ақ түсіп қалуға бекінген сыңаймен.

– Кууда!  И че плачешь, рас жеп қойдың! Стой, где стоишь... О-о-ой...Что с вами, с дачниками делать?.. - деп басын шайқаған кондукторға бірнеше адам жапатармағай тиын ұсындық. Артығымен жолақысын төлеп кеттік күні бұрын, осындай шыдай алмай «самса алып қоятын» дачаның балалары үшін. Бұл ұмытпасам, 2008 жылдың қысы болатын (еңіретіп пост жазғаным есімде әлеуметтік желіге...). Ол бала ендігі ержетіп, бәлкім басқа балалардың жолақысына қарайласып жүрген шығар...

Сол жол. Сол автобус. Сол «дача». «Дачаның балалары» барып-келіп оқитын №22 мектеп те орнында. Тәуелсіздік соқпақтарына көз жүгірткенде, осы мектеп есіме оралды. Алдымен білгенім, жергілікті әкімияттың бұйрығымен 2009-2010 оқу жылынан бері саяжайдан келіп оқитын балаларды тасымалдауды мектеп ұйымдастырып келе жатыр екен. Қуанғаным-ай!

«Саяжай» деген аумақта мектеп жоқ, бола да қоймайтын шығар жуыр маңда.  Ондағы балалар сыйғанынша қасындағы Подстепный мектебіне, қалғандары қалалық мектептерден орын іздейді  сабылып жүріп. Солардың көбін осы №22 мектеп қанатының астына алады.

Себебі әу баста Подстепныйдан, манағы айтқан, 12-автобуспен барып-келіп тұруға болады, оның үстіне тасымал ұйымдастырғасын, бек қолайлы. Ал 22 мектеп жатырқамайды баланы. Бөлмейді де алаұлалап. Екі мезгіл алып келіп, кейін үйлеріне жақындатып, апарып тастап оқытуда бәрін. Азын-шоғын бала емес және. Саяжайлардан барып-келіп оқитын оқушылардың көбейген үстіне көбейіп келе жатқаны анық байқалады. Қараңыз, 2018-2019 оқу жылында 1,2,3-саяжайлар бойынша 305 оқушы, 2019-2020 оқу жылында 354 оқушы, 2020-2021 оқу жылында 367 оқушы осы мектепте оқып шыққан... 940 орындық, кеңес кезінде «типтік»  деп аталатын сүйекті, көне мектеп күні бүгін 817 баланы бауырына басып, екі кезекте оқытып отыр екен.

Бұл мектептің ойға түсіп, тілге тиек болуының тағы бір себебі, оқушылармен түрлі кездесулерге барып жүргенде, осы шаңырақтағы балалардың ерекше жылы, ерекше арманшыл жүздері есімде қалыпты (өзі екі-ақ оқу орны осылай әсер етіп, ойымда жүретін, екіншісі туралы тағы бірде әңгімелеп берермін). Ал бұл мектептегі ұядай жылы аураның себебі, меніңше, ұстаздар мейірімі мен ықыласынан шығар. Бұл жерде мұғалімдердің есімін тізіп, тізбелеп кетсем, таптаурын-штампқа ұрынармын, сондықтан олар жөнінде  әңгіме-сұхбаттарды да кейінге қалдыра тұралық. Байқағаным, мұнда қоғамдық-тәрбие жұмыстары мықтап жолға қойылған. Онға тарта үйірме бекітілген кестемен жұмыс істеп, оған 584 оқушы қатысады екен. «Керім-ай» би үйірмесі, дебат, сурет, тоғызқұмалақ, шахмат, самбо, футбол, баскетбол, қол добы...

Әрине, бала жанын бақтағы гүлдей баптай білу үшін бағбаны мықты болуы керек. Бастысы, сол гүлдерді сүйетін үлкен жүрек болуы керек. Қарапайым ғана мектеп. Қарапайым балалар. Таңдаулы оқушылармен ел-жұртты  таңғалдыру оңай, мықты болсаң, осындай шәкірттердің жолын аш. Сенім дарыт бойларына, құлаштарын кең жая жүзуге үйрет өмір дариясында. Осы мектепте және инклюзивтік білім беру жүйесі бойынша 55 бала Деркөл,  Зашаған, Асан ықшамаудандарынан келіп оқиды.

«Инклюзивті білім беру – мүгедек пен дамуында сәл бұзушылығы мен ауытқулары бар балалардың дені сау балалармен бірге олардың әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы бірлескен оқыту. Яғни оқушы дені сау балалар сыныбында/тобында оқиды» (интернет анықтамалығы). Мұның да өзіндік қиындықтары, проблемалары жетіп артылады.

«Бала кемістігінің даму деңгейі неғұрлым төмен болса, соғұрлым мұғалімнің білім деңгейі жоғары болуы керек», - дейді неміс педагог-дефектологы П.Шуман.

Меніңше, мұндағы оқушылар бойынан байқалатын түсіністік пен ізгіліктің жанға жайлы қалыбы осы жағдайлардың бәріне байланысты қалыптасқан. Жанашырлық, адамгершілік арқылы қиындықты жеңу жолын өмірдің өзі нұсқағандай бұл мектепке.

Ешкімнен кем емес. Жүлде де жетерлік. Ғылыми-қоғамдық, спорттық шаралардың жеңімпаздары датолып жатыр. Соның бәрінен де имандылық, кісілік, парасаттылық үні басым көрінеді маған. Осы мақаланы жазуыма түрткі болған және бір себепті айта кетейін – Оралдың бір топ бизнесмен қыз-келіншектері аз қамтылған отбасылардан шығып, ақылы оқуға түскен студент балалардың оқуына жәрдемдесу ұсынысымен хабарласқан. Мен әрине, №22 мектеппен байланысуға кеңес бердім. Сөйтсем, биылғы 28 түлектің алтауы грантқа, қалғандары түрлі университет, колледждерге ақылы оқуларға түсіпті. Ал аз қамтылған отбасылардың балалары түгел грант жеңіп алғандардың ішінде! Күрес деп, өмірге талпыныс деп осыны айтады, міне! Қиындық көріп, өзгеге жаны ашып өскен бала жаман болмайтынының дәлелі тұрғандай осы бір кішкентай  мысалда.

Мен бұл материалдарды мектеп директоры Жанаргүл Төлегенқызымен телефон арқылы ғана сөйлесіп отырып алдым.  Мынау індеттен қорғаныс жағдайында басқаша мүмкіндік болмай тұр әзірге. Негізі, қарлығаштың ұясындай сүйкімді мектепте тағы бір болып, табиғи тазалық нұрынан қуат алып шыққым келген. Бұйырса, ондай күндерге де жетерміз.

Жаңа оқу жылдарың құтты болсын, жаны жомарт мектептің жайсаң ұлдары мен қыздары! Жақсылыққа, табанды еңбекпен ғана жеңіске жетуге баулыған қайраткер ұяларың күндей күліп, жайнап қарсы ала берсін сағынып келгендеріңде.

 

Д.ҒАЗЕЗҚЫЗЫ,

ақын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале