11.06.2021, 17:11
Оқылды: 338

Мектеп-интернат таратылады

Бүгін БҚО білім басқармасында қаладағы М.Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатының таратылуына байланысты мекеменің қызметкерлеріне арналған брифинг өтті. Брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева аталған мектеп-интернаттың таратылуы туралы ақпараттық түсінік берді.

1

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін М.Өтемісов атындағы мектеп-интернат туберкулездің толастау сатысындағы түрлерімен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді емдеу орны ретінде уақытша қабылдап, емдеп, сауықтырып, білім беріп, олардың жан-жақты дамуына қызмет етіп келді. Мекеменің жобалық қуаттылығы 330 орындық. Соңғы 5 жылда оқушылар контингенті азаюда. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында мектепті 263 оқушы бітірсе, 2017-2018 оқу жылында 251 оқушы аяқтаған. Ал 2018-2019 және 2019-2020 оқу жылдары тиісінше 224 және 212 оқушы бітірген. Қазір, яғни 2020-2021 оқу жылында мектепті 125 оқушы ғана аяқтап отыр.

– Бүгінгі таңға мекеменің таратылуы бойынша қаулы жобасы дайындалып, тиісті шаралар қабылдауға сәйкес алгоритм жасақталды. Бұл арада тағы бір ескере кететін жайт бар. Мәселен, бұрын мектепте туберкулезбен өздері ауырған немесе отбасында ауырған адамдары бар балалар оқыды. Жыл сайын елдегі ахуалдың жақсаруына және туберкулездің емделуіне байланысты қазір мектеп-интернатта аталған аурумен тікелей байланысы жоқ отбасылардың балалары оқып, тәрбиеленді. Биылғы 2020-2021 оқу жылында мектепті 125 оқушы бітіріп және олардың толығымен, яғни 100 пайыз сауығуына байланысты өздерінің елді мекендерінде орналасқан білім беру ұйымдарында оқуын жалғастырып, толықтай біліммен қамтылатын болады, - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары өз сөзінде.

2

Светлана Темірғалиеваның мәліметінше, аталмыш мекемеде барлығы 145 қызметкер жұмыс істеп келген. Оның ішінде 59 педагогикалық, 68 кіші және 18 көмекші қызметкер бар. Мекеменің таратылуына байланысты қаулы ресми түрде жарияланғаннан кейін барлық қызметкерлерге ескертпе хат жолданып, ҚР Еңбек заңнамасына сай қажетті төлемдер жүргізілетін болады. Қабылданатын барлық тиісті шаралар ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылады.

– Аталған ғимаратқа облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп лицей-интернатын көшіріп, қабылданатын оқушылардың контингентін 500-ге дейін көбейту жоспарланып отыр, - деді ол сөзінің соңында.

                                                                          

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале