20.10.2021, 17:20
Оқылды: 218

Мектеп лигасының дебат үздіктері анықталды

Кеше облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекелері қарсаңында «Тәуелсіз елдің ұрпағымын» атты 9-11 сынып оқушылары арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті.

image-20-10-21-04-58

Аталмыш турнирге облыстық, қалалық және аудандық мектептерден 30 топ, 60 спикер қатысты. Оның ішінде қазақ лигасы бойынша 44, ал орыс лигасы бойынша 18 оқушы бақ сынады. Пікірсайыс додасының ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Альбина Гайсина пікірсайыс қозғалыстарының құндылықтарына тоқталып, қатысушылар мен жетекшілерді зияткерлік, шешендік қабілеттерін әрі қарай шыңдауға шақырды.

Облыстық пікірсайыс турнирінің қазақ лигасы бойынша бас төреші қызметін БҚО бойынша дебат тренері, облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының маманы Ақерке Шайқы, орыс лигасы бойынша М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жанындағы «Ақиқат» пікірталас орталығының координаторы Айгерім Мұратовалар атқарды.

image-20-10-21-04-58-1

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған зияткерлік бәйгеде Орал қалалық №41 мектеп-лицейінің оқушылары Аружан Адилова мен Әсем Кенжегужина қазақ лигасы бойынша жүлделі І орынды иеленсе, №49 ЖОББМ оқушылары Гүлназ Казимова мен Назерке Таукенова жүлделі ІІ орынға тұрақтады. Турнирдің ІІІ орнын Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №7 ЖОББМ оқушылары Гүлім Сариева мен Айгерім Алмасова қанжығаларына байлады.

«Үздік талпыныс» аталымы бойынша Орал қаласы мектептен тыс жұмыс орталығының оқушылары Айнара Темирханова мен Эльнара Минутова марапатталды.

Орыс лигасы бойынша жүлделі І орынды облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицейінің оқушылары Алижан Тоқжанов пен Әділхан Тоқжанов еншілесе, жүлделі ІІ орын Орал қаласының №35 мектеп-лицейінің оқушылары Антон Усенко мен Алина Муфтееваға бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №2 ЖОББМ оқушылары Амира Бажанская мен Виктория Индюковалар бөлісті.

Ал турнирдің «Үздік талпыныс» аталымы бойынша Жәнібек ауданының №1 мектеп-лицейінің оқушылары Дияс Бейсов пен Аэлита Курамшина марапатталды. Қазақ лигасы бойынша 44 спикердің арасынан көзге түсіп, жоғары спикерлік ұпай жинаған Ақжайық ауданы Балалар шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі Диляра Тажанова «Үздік спикер» аталымын жеңіп алса, орыс лигасы бойынша бұл жүлдеге Орал қаласының №35 ЖОББМ оқушысы Алина Муфтеева лайық деп табылды.

Облыстық пікірсайыс кезеңінің жеңімпаздары 27-28 қараша күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекелеріне арналған «Тәуелсіз елдің ұрпағымын» атты республикалық пікірсайыс турнирінде өңіріміздің намысын қорғайтын болады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале