24.08.2021, 9:22
Оқылды: 130

«Мектепке жолды» ұмытқан жоқсыз ба?

Көмекке мұқтажбалаларды киім-кешек және оқу құралдарымен барынша қамту мақсатында елімізде 12 жылдан бері «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып келеді. Соңғы жылдары пандемияға байланысты бұл іс-шараның үгіт-насихаты саябырсып қалғандай. Жылына бір рет 2 ай мерзімге ұйымдастырылатын акция биыл қайтадан жандануда

731D0FA7-5EFD-4E05-BDF6-F814DC394FC0

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен «Мектепке жол» акциясына жаңашылдық енгізілді. Бұдан былай бұл акция тек 2 ай емес, жыл бойы іске асады. Біздің министрлік «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, дәстүрлі көмек көрсету тетігіне қосымша ретінде портал арқылы онлайн түрде көмек көрсету туралы келісімге келдік. Ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады, - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл бастама бірқатар түйткілдің түйінін тарқатуға дәнекер болады. Ең алдымен балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықтар алуына көмектесуге мүмкіндік туады. Содан кейін көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық істейтін азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады. Мұның өзі сенімге құрылған ең басты байланыс болмақ. Ал үшіншіден, көмекке ділгер адамдардың шынайылығын растап, олардың әлеуметтік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсерін тигізеді, сондай-ақ қаржының түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылауға болады.

11 млн 565 мың теңгенің көмегі көрсетілді

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Атамекенім» қоғамдық қорының қолдауымен www.atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы былтырдан бері жұмыс істеп келеді.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы портал арқылы ата-аналар көмек алмаса да, өңірде карантиннің енгізілуіне орай жәрдемді қажет ететін отбасыларды қолдау мақсатында демеушілер дәстүрлі түрде 2120 оқушыға 25 млн 227 мың теңгенің қолғабысын тигізді. Сөйтіп 999 оқушыға азық-түлік, 1071 балаға оқу құралдары мен киім-кешек алынып берілсе, 32 оқушыға ұялы телефон, 5-уіне планшет, біреуіне ноутбук, 9-ына интернет байланысы, 3-уіне ОТАU TV сыйға тартылған, - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің хатшысы Үміт Жәңгірова.

Оның сөзінше, биыл 10 тамыздағы мәліметке сәйкес көмекті қажет ететін отбасылардан 1469 балаға 11 млн 565 928 теңгенің жәрдемі көрсетілген. Оның ішінде 574 оқушыға 6 млн 266 942 теңгеге киім-кешек, 12 оқушыға ақшалай көмек, 96 оқушының отбасына азық-түлік, 13 оқушының отбасына дәрі-дәрмектен қолғабыс көрсетілсе, 5 балаға телефон алынып беріліп, 4 оқушының үйіне интернет ақысы төленген.

Жәрдем жалғасуда

Биыл «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыстағы 100 оқушыны мектепке даярлау іс-шарасы басталған. Бүгінгі таңда бұл бастаманы облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қолдауда.

– Акция барысында оқу құралдарымен қамтылмаған балаларды анықтап, оларға оқуға дайындық кезеңіне көмек көрсетудеміз.  Мұқтаж отбасылардың арасында үш бірдей баласы мектепке баратындар да кездеседі. Күні кеше өткізілген кезекті акцияда Орал қалалық мәслихатының «Nur Otan» партиясы атынан сайланған депутат Жанна Кенжина бізді қолдап, Орал қаласындағы №24 орта мектептегі әлеуметтік жағдайы төмен 10 оқушыға қажетті сөмкелер мен оқу құралдарын табыс етті. Біздің бастаманы қуаттап, хабарласып жатқан кәсіпкерлер де бар. Солардың көмегімен акцияны жалғастырамыз, - дейді «Jas Otan» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев.

Теректі ауданындағы Шаған орта мектебінің 2010 жылғы түлегі, «DS DentaI» тіс емдеу орталығының директоры Самат Ихласов жаңа оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» акциясы ауқымында көп балалы, аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін 6 оқушыға жалпы құны 350 мың теңгенің мектеп формасын, аяқ киім, спорттық костюм, кроссовка, сөмке мен оқу құралдарын сыйға тартқан. Ол мұнымен шектелмей, өз клиникасында 18 жасқа дейінгі балалардың тісін тегін емдейді.

– Сонымен қатар Самат былтыр мектеп бітіргендеріне 5 жыл толуына орай сыныптастарымен бірігіп, мұғалімдер бөлмесіне диван мен кілем тарту етті, - дейді Шаған орта мектебі директорының орынбасары Юлия Шыныбекова.

Жәнібек аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Жакин биыл «Мектепке жол» акциясы басталған күннен аудандағы мекеме ұжымдары бірлесіп, бүгінге дейін 78 мұқтаж оқушыға 427 мың теңгенің оқу құралдарын алып бергенін айтты.

– Бұрындары акция кезінде қайырымдылық іс-шараларына аудандық газет тілшісін шақырып немесе әлеуметтік желілерге жиі жариялайтынбыз. Өйткені сол шақта акция жайында білмейтіндер, естімегендер көп болды. Қазір көпшілік бұл акция жөнінде хабардар болғасын айта бермейміз. Сондай-ақ басқаның көмегіне зәру екенін сурет арқылы көрсетіп, көмек алған жандардың намысына тигіміз келмейді, - деді ол.

– Бүгінде екі-үш баланы бастан-аяқ жаңа киіммен, оқу құралдарымен қамтамасыз етудің өзі оңайға соқпайды. Тұрмыс жағдайы төмен отбасылар үшін тіптен қиын. Өзім бала тәрбиелеп отырған ана ретінде оқушыға не қажет екенін жақсы білемін. Сондықтан жыл сайын аудан орталығындағы 3 мектепке хабарласып, көмек қолымды созамын, - дейді жәнібектік кәсіпкер Гүлжайна Тастанова.

Жаңақала ауданында да «Мектепке жол» акциясы қарқынды жүруде. 12 жыл бойы үзілмей жалғасып келе жатқан акция мұнда жақсы жолға қойылған. Аудандық білім беру бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, мұқтаж балаларға 519500 теңге мөлшерінде көмек көрсетілген. Оның 359 мың теңгесі мектеп формасын алуға жұмсалса, 160 мың 500 теңге оқу құралдарына жаратылған. Қаржының бәрін жергілікті кәсіпкерлер, мұғалімдер, жомарт жандар берген. Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметовтың айтуынша, (суретте) акцияға байланысты  32 мекемеге ұсыныс түсіріліп, қатынас қағаз жіберілген. «Акция шеңберінде 60 бала оқу құралдарымен, мектеп формасымен қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Аудандағы «Айша» балалар киім дүкенінің иесі Арайлым Сариева қайырымдылық шараларына үнемі қатысуды дағдыға айналдырған. Жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясын да назардан тыс қалдырмайды.

– Биыл өз тарапымнан осы акцияға қосқан үлесім ретінде аудан орталығындағы көмекке зәру бір отбасының ұл-қызына және өзім туып-өскен Көпжасар ауылындағы екі оқушыға мектеп формасы мен спорттық үлгідегі киімдерді алып бердім, - дейді ол.

 

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале