10.12.2019, 16:30
Оқылды: 396

Мемқызмет бойынша 61 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

Мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалар тума-туысқанын, ата-анасын, балаларын, тіпті жұбайының жақын-жуығын тікелей бағыныста болатын қызметке алуға болмайды. Әдеп жөніндегі кодекске сәйкес, бұрын қарауында қызмет атқарғанына және жерлестік ұстанымына байланысты қызметке тарту фактілері де талданып отырады. Бұл жөнінде БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев хабарлады. Департамент басшысы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында айтты.

rsk

– 2015 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңмен мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен дербестігіне бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көзделген негізгі шаралар іске асырылды. Заңнама талаптарын қолдану тәжірибесін ескере отырып, аталған заңға бірқатар түзетулер енгізілді.Атап айтқанда, бос басшылық лауазымдарды жедел толтыру үшін басшылық лауазым міндеттерін уақытша жүктеу мерзімі үш айға дейін шектелді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшылық лауазым міндеттерін уақытша жүктеуге тыйым салынды.

Бұдан басқа мемлекеттік қызметке қайта түсетін тұлғаларға, олардың қызметін бағалау, сынақ мерзімі, аттестаттау қорытындылары бойынша немесе теріс себептер бойынша бұрын босатылған адамдарды қоспағанда, сынақ мерзімі жойылды. Сондай-ақ орталық мемлекеттік орган үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметтерін, тәртіптік және конкурстық комиссияларды құру мүмкіндігі бекітіледі. Бұрын мұндай комиссиялар аудандық және облыстық деңгейлерде қарастырылған. Мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және Министрліктің жекелеген функцияларын орталықтандыру шеңберінде енді ведомстволар мен аумақтық бөлімшелер үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметтерін құра алады.

Ендігі уақытта орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері өздерінің ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері өткізетін ішкі конкурстарға қатысу құқығына ие болады. Меритократия қағидаттарын күшейту шеңберінде бұрын аумақтық бөлімшелер мен комитеттер қызметшілерінің жоғары тұрған органдардың, атап айтқанда министрліктердің конкурстарына қатысу мүмкіндігі көзделген. Алайда төмен тұрған мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарға конкурстар өткізілуі мүмкін.Мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидатын күшейту мақсатында ауысу тәртібімен, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің қызметтік этика нормаларын бұзғаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болған жағдайда ішкі конкурс қорытындысы бойынша лауазымға орналасуға шектеу енгізіледі.

Қазіргі уақытта осындай шектеу мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасаған тұлғалар үшін қолданылады.Бұл ретте уақытша бос мемлекеттік лауазымға лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану арқылы төмендету көзделмейді, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Департамент басшысы мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімі жаңғыртылғандығын, құзыреттілік тәсіл негізінде мансаптық модель енгізілгенін және меритократия қағидаттары нығайтылғанын атап өтті. Сондай-ақ заңда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуде бірқатар түзетулер қарастырылғаны жөнінде айтты.

– Биыл облыс бойынша мемлекеттік қызмет саласында 467 заңбұзушылық фактісі тіркелді. Сонымен бірге 61 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстары өткізілуде. Кеңес отырыстарында 11 лауазымды тұлғаның тәртіптік істері қаралды. Үшеуі қызмет этикасына қайшы әрекетке барғаны, үшеуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық танытқаны үшін жауапкершілікке тартылды, - деді Ғалым Тұрсынбаев.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале