19.10.2021, 10:20
Оқылды: 75

Мемқызметке жастар керек

Жастар кадрлық резервін құру туралы бастаманы Президент алғаш рет сайлауалды бағдарламасында көтерді. Елдегі бірнеше  бастаманың, жобаның басы-қасында болған, отыз жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте істеген маған осы бәйге тағы да бір  науқан болып кететіндей көрінді. Бірақ іріктеудің мазмұнына, өткізілген мерзіміне және сайыстың күрделілігіне қарап, оның  ауқымды және кәсіби іс-шара екеніне көзім жетті. Жаңа буын қалыптасып, жастар үшін әлеуметтік лифт іс жүзінде жанданатынына  сене бастадым. Мемлекеттік қызметке кәсіби тұрғыда шыңдалған жастар қажет. 

pph8tn5slkekortm3wub770kjgldj0

Жоғары оқу орындарында теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, білім беру әлі де іске аспай келеді. Сондықтан Президент озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет екенін жеткізді. Оның сөзінде кадр саясатындағы сабақтастықтың болмауы мемлекеттік құрылымдар жұмысының тиімділігіне кері әсер еткені айтылды. Енді елімізде мемлекеттің жаңа кадр саясаты жүргізілетін болады. Оның басты мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру. Оған міндетті түрде білімді, шетелде тәжірибесін шыңдаған жастар қажет. Сонымен қатар өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асырып, нәтиже көрсеткен жас толқынды тарту керек. Терең ойлы, қабілетті және талантты жастар өңірлерде баршылық. Олардың көбі әртүрлі себептермен қолдау тауып жатқан жоқ. Соны екерген жөн.

Елімізде екінші рет Президенттік  жастар кадр резервіне іріктеу жүргізілуде. Кадр резерві кез келген салада жасақталуы керек. Тиімді мемлекеттік басқаруды жүзеге асыруда қызметшілердің құзыреттілігі жоғары болуы мемлекет пен халықтың арасындағы өзара іс-қимылдың оң нәтиже беруіне тікелей әсер етеді. Азаматтар үшін қызмет ететін билік қоғам тарапынан сенімге ие болуы тиіс.

ҚР Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №522 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» соңғы жылдардағы билік жұмысының кемшіліктері ашық аталған.

Мемлекеттік аппаратқа қандай жастардың келетіні және кадр сапасы маңызды. Дұрыс шешім қабылдай алатын, күрделі талдамалық міндеттерді орындауға қабілетті жастар керек. Әрине, осы іріктеуді өткізуге жауапты тұлғалар әділ болуы  қажет.

 

Мирболат Нұртазин,

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы
БҚО бойынша филиалының профессоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале