Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың білімді, белсенді, еңбекқор болуы – ел дамуының басты көрсеткіші. Бүгіндері Қазақстан жастарына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Жастардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмысқа орналасуына, баспана мәселесін шешуіне және әлеуметтік белсенділігіне ықпал ету – еліміздегі басты басымдықтардың бірі.
Осы бағытта жұмыс істеп жатқан маңызды ұйымдардың қатарында Батыс Қазақстан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бар. Бұл мекеме 2014 жылы құрылған және бүгінде облыстың барлық ауданындағы 14 филиал арқылы жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Біз осы орталық басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаевпен (суретте) сұхбаттасып, жастар саясатының аймақтағы даму барысын талқыладық.
– Біздің басты мақсатымыз – жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, олардың өз жолын табуына мүмкіндік жасау. Біз олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектесеміз. Сондай-ақ жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік мәселелерін шешу – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Орталықтың жұмысы 18-35 жас аралығындағы азаматтардың әлеуетін арттыруға, олардың кез келген бастамасына қолдау көрсетуге және бағыт-бағдар беруге бағытталған. Мұнда жастар психологиялық, құқықтық, теологиялық кеңес ала алады. Оларға жұмыс табуға, кәсіп бастауға, баспана алу жолдарын үйренуге мүмкіндік жасалған, – дейді Нұрсұлтан Чапайұлы.
Орталықтың қызмет көрсету бағыттары:
– Жастарға білім беру және кәсіби бағдарлау
– Жұмысқа орналасуға көмек көрсету
– Кәсіпкерлікке ынталандыру
– Волонтерлік қызметті дамыту
– Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту.
Бұған қоса, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында пробация қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін құзырлы құрылымдармен меморандум жасалып, профилактикалық түсіндірме шаралары тұрақты ұйымдастырылады.
Жастарды жұмыспен қамту – басты міндет
Жастар арасындағы жұмыссыздық – өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселені шешу мақсатында Жастар ре-сурстық орталығы Жастарға қызмет көрсету орталығы арқылы бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда. Мәселен:
Осы уақыт өткен соң, жұмыс беруші жас маманды тұрақты қызметке алуға міндетті.
Орталықта жұмыс іздеуші жастарға арналған арнайы база жасақталған. Оған жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы бос жұмыс орындары енгізіліп, апта сайын жаңартылып отырады. Қазірдің өзінде 180-ге жуық бос жұмыс орны жастар үшін қолжетімді.
«Жайық жастары»
Жастарды баспанамен қамтамасыз ету – еліміздегі ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Өмірін жаңа бастап, еңбек нарығына енді қадам басқан жас мамандар үшін тұрғын үй алу үлкен қиындық тудырады. Бұл мәселені шешу мақсатында соңғы жылдары Үкімет тарапынан түрлі бағдарламалар іске қосылып, жастардың баспаналы болуына ерекше көңіл бөлінуде. Солардың бірі – 2024 жылы іске қосылған «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы.
– 2024 жылы 600 миллион теңге бөлініп, 40 жас отбасы баспаналы болды.
– 2025 жылы қаржы көлемі 1 миллиард 256 миллион теңгеге дейін ұлғайып, 70-тен аса отбасын пәтермен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.
Бағдарлама шарттары:
– 18 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі
– 1,8 миллион теңге бастапқы жарна талап етіледі
– Несие мерзімі – 19 жылға дейін
– Жылдық мөлшерлеме – 5%
Бұл бағдарлама жас мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған.
Волонтер – қоғамға үлгі
Мемлекет басшысы «Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» деген еді.
Қазіргі таңда волонтерлік – қоғамның ажырамас бөлігіне айналған маңызды қозғалыс. Әсіресе, дағдарыс жағдайларында, төтенше оқиғалар кезінде және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету ісінде волонтерлердің рөлі ерекше. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамға пайдалы істерге араласуын ынталандыру мақсатында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жайық жастары» волонтерлік корпусы бүгінде өңірдегі ең ірі еріктілер ұйымына айналып отыр. Корпус бүгінде облыс бойынша 6600-ден астам жас еріктіні біріктіреді.
Волонтерлер қызметінің негізгі бағыттары:
– Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету – олардың тұрмыс сапасын жақсарту, күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету.
– Төтенше жағдай кезінде халыққа қол ұшын беру – табиғи апаттар мен басқа да қиындықтар кезінде құтқару және көмек көрсету жұмыстарына атсалысу.
– Әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық жобаларға қатысу – сенбіліктер, ағаш отырғызу, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру.
Соңғы жылдары елімізде су тасқыны, қатты дауыл, өрт сияқты табиғи апаттар жиілеп кетті. Осындай төтенше жағдайлар кезінде еріктілер құтқару жұмыстарына белсенді атсалысып, зардап шеккен азаматтарға жедел көмек көрсетіп келеді. 2024 жылы болған көктемгі су тасқыны кезінде «Жайық жастары» волонтерлері эвакуациялау, гуманитарлық көмек тарату, уақытша орналастыру бекеттерінде жұмыс істеу сияқты маңызды міндеттерді атқарды. Олар су шайған аймақтардан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге көмектесті, жылы киімдер мен азық-түлік жеткізді.
– Биыл волонтерлерді оқыту жұмыстары күшейтіледі. Олар үшін қауіпсіздік, алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайларда әрекет ету сияқты маңызды тақырыптар бойынша арнайы семинарлар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар еріктілер мен төтенше жағдайлар жөніндегі мамандарды біріктіріп, апаттық-құтқару жұмыстарына дайындық жүргізу жоспарлануда. Қауіпсіздік шаралары, алғашқы медициналық көмек көрсету, эвакуациялау және іздестіру бойынша тренингтер өткізілмек, – деді Нұрсұлтан Сәрсенбаев.
Орталыққа келген кез келген жас, тіпті жасы үлкен азаматтар да «Жайық жастары» волонтерлік корпусына қосылып, өз еркімен қоғамға пайдалы істерге атсалыса алады. Волонтерлік қызметке қатысу жасқа немесе тәжірибеге байланысты шектеулі емес, бастысы, жанашырлық пен белсенді азаматтық ұстаным болуы жеткілікті.
Болашаққа бағыт
Жастар – елдің болашағы. Олардың сапалы білім алуы, тұрақты жұмысқа орналасуы, баспанамен қамтылуы және азаматтық белсенділік танытуы – мемлекеттің дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Батыс Қазақстан облыстық жастар ресурстық орталығы жастардың әл-ауқатын арттыруға, олардың қоғамдағы рөлін нығайтуға және жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқаруда.
«Мемлекет болашағы – жастардың қолында» деген сөз – жай ғана ұран емес, нақты іске асырылып жатқан саясаттың айғағы. Бұл мақалада аталған бастамалар – орталық жүзеге асырып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана. Жастарды қолдау бағытындағы жұмыстардың ауқымы әлдеқайда кең, алдағы уақытта да бұл іс-шаралар жалғасып, жаңа жобалар іске асырылмақ. Әрбір жастың әлеуетін дамыту – Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастырудың басты кепілі.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»