10.11.2022, 9:30
Оқылды: 29

Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс қоғам назарында

Жуырда қоғамдық кеңес жанындағы диалог алаңында «Мемлекеттік əлеуметтік тапсырысты мониторингілеу жəне бағалау» тақырыбына арналған отырыс өтті. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов төрағалық еткен  жиынға облыстық мəслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстық басқарма басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.  

0о5амдк кенес

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 147 жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен  994 976,2 мың теңге жоспарланған.

– Облыс əкімі мемлекеттік əлеуметтік тапсырыстың тиянақты əрі сапалы ұйымдастырылуы туралы нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Кейінгі уақытта жүргізілген оңтайландыру жұмыстарының нəтижесінде бірқатар басқармалар мемлекеттік əлеуметтік тапсырыс (МƏТ) аясында ұйымдастырылып келген бірреттік іс-шаралардан бас тартты. Нəтижелілігі төмен, ал шығыны көп ондай іс-шаралардың орнына бір жылдық, тіпті екі, үш жылдық жобаларға көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс, – деді Ерлан Ерсайынұлы. Сондай-ақ ол  қазіргі таңда еңбек адамдарын ұлықтау, қоршаған ортаны қорғау, жастарды жат қылықтардан, есірткілік заттардан аулақ болуға шақыратын пайдалы жобаларды жүзеге асыру жоспарланғанын айтып, қоғам тарапынан түсетін басқа да ұсыныс-пікірлерді талқылауға дайын екенін жеткізді.

Жиында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі дайындаған БҚО-да мемлекеттік əлеуметтік тапсырысты іске асыру бойынша аналитикалық есеп көпшілік назарына ұсынылды. «Мемлекеттік əлеуметтік тапсырысты қалыптастырудан бастап нəтижелерді мониторингілеуге дейін» жобасының үйлестірушісі Салтанат Тұманбаеваның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың  бір бөлігі əлі күнге дейін мемлекеттік əлеуметтік тапсырыстың түпкі мəнін терең түсінбейді. Оның айтуынша, МӘТ – үкіметтік емес ұйымдарды қолдау емес, ең алдымен, əлеуметтік мəселелерді шешу құралы. Сараптамалық есепке зерттеудің мəн-мақсаты, жүргізілген талдау жұмыстары, анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсынымдар енгізілген.

«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова БҚО-да мемлекеттік əлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру аясында коммерциялық емес ұйымдар секторымен өзара іс-қимыл бойынша 2022-23 жылдарға арналған Жол картасы жөнінде айтып берді. Аталмыш құжат еліміздегі тəжірибелі сарапшы-заңгерлермен бірлесе дайындалған. Жол картасында əртүрлі деңгейдегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс  мəселелерін зерделеу, талдау, оны іске асыруға жауапты мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен лоттарды қалыптастыру рəсімінің тиімділігін арттыруға ерекше мән берілген. Сонымен қатар тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы тиімді қарым-қатынас орнату жəне тағы басқа міндеттер айқындалып, оларды жүзеге асыруға арналған іс-шаралар мен мерзімі белгіленген.

Жиынға қатысқан үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері  мемлекеттік əлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыруға қатысты ой-пікірін ортаға салып, өңірдің өз ерекшеліктерін ескере отырып, аса қажетті жобаларды жүзеге асыруға мән беру қажеттігін атап өтті.

– Бүгін пайдалы басқосу болды деп ойлаймын. Ең бастысы, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың байланысы берік болуы қажет. Облыстық қоғамдық кеңестің бұл бағытта өз жоспары бар. Біз алдағы отырыстардың бірінде бұл тақырыпқа ораламыз. Соңында ізі жоқ, қоғамға пайдасы жоқ бірреттік іс-шаралардан арылып, кешенді жобаларға көңіл бөлгендеріңіз өте құптарлық. Бүгінгі айтылған ой-пікірлерді ескере отырып, мемлекеттік құрылымдарға тиісті ұсынымдарды жолдаймыз, – деді диалог алаңының отырысын қорытындылаған Ербол Салықов.

Кейінгі кездері белсенді жұмыс жүргізіп, халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге атсалысқан үкіметтік емес ұйымдарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жыл сайын сыйақы тағайындауда. Өткен жылы  өңіріміздегі «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қоры, «Жас экономист» ЖҚБ, «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігі министрлік тағайындаған сыйақыны иеленсе, «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Батыс Қазақстан облысы мүгедек балаларының «Бәйтерек» қоғамы» қоғамдық бірлестігі  алғаш рет ҮЕҰ-лар арасында ұйымдастырылған «Таңдау» сыйлығының иегері атанды. Соңғы төрт жылдың ішінде батысқазақстандық 18 үкіметтік емес ұйым сыйақы иегері атанып, өңіріміз республика бойынша жоғарғы нәтиже көрсеткен облыстардың қатарына енген. Сондай-ақ ауылдық жердегі қоғамдық  ұйымдарды қолдау үшін, басқарма тарапынан биыл шағын гранттар  бөлінген.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале