Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Осындай бұлжымас қағиданы ұстанған мемлекеттік қызметшінің бірі – Айгүл Назарғалиева.

Айгүл Хамзақызы 1970 жылы Казталов ауданына қарасты Мирон ауылында дүниеге келді. Осы аудандағы Богатыров орта мектебінде білім алды. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында оқып, 1993 жылы ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп және экономикалық басқару мамандығын алып шығады. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бастады. 1999-2003 жылдары аудандағы «Жаңа тұрмыс» өнді-рістік кооперативінде бас бухгалтер болды. Кейін Батыс Қазақстан облысы статистика департаментінің Казталов аудандық статистика бөлімінің Болашақ ауылдық округінде маман, содан соң жетекші маман қызметін атқарды. Бертін келе департаменттің қаржы статистикасы бөлімінде жетекші маман болып еңбек етті. 2015 жылдың ақпан айынан бері ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы БҚО бойынша департаменті құрылымдық статистика басқармасының басшысы болып қызмет етіп келеді.
Айгүл Хамзақызы мемлекеттік қызметті атқару кезінде әрдайым сенім биігінен көрінуге тырысады. Өз міндетіне ұқыптылықпен қарап, тапсырмаларды ыждағаттылықпен орындайтын басшы қарауындағы әріптестерінен де жауапкершілікті талап ете біледі. Әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, жас мамандарға статистика саласының қырсырын үйретуден жалықпайды.
Сонысымен де әріптестеріне сыйлы Айгүл Хамзақызы өзінің кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп отырады.
Айгүл Хамзақызы мемлекеттік қызметтегі жемісті еңбегі үшін алғысхаттармен, Құрмет грамоталарымен, «Статистика үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Айгүл Хамзақызы – білікті маман ғана емес, аяулы жар, инабатты келін. Уақыт талабымен бірге қадам басып, статистика саласына әлі де қомақты үлес қосатынына сенімдіміз.
Аманжан Жұманов,
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросының
БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары,
әдеп жөніндегі уәкіл