25.04.2023, 15:16
Оқылды: 78

«Мемлекеттік қызмет жүйесі жетілдірілуде»

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы мемлекеттік қызмет саласын және осы салаға тікелей қатысты заңдарды жетілдіре түсу мақсатында мемқызметті цифрландыру аясында «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту және кадрлық бизнес-үдерістерді оңтайландыру мәселелеріне жіті назар аударуда. Осы бағытта «Е-қызмет» ақпараттық порталында іріктеудің жаңа алгоритмі жасақталды. Конкурстық рәсімнің жаңа сипаты (форматы) үміткерлерге онлайн режімде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға  мүмкіндік  береді.

Мурат Байсалов_2023

Жүйе 24/7 жұмыс істейтін болады. Іріктеудің жаңа сипаты адам факторын толығымен жояды (үміткерлердің аты-жөндері жасырылып, ІD-нөмірлер беріледі, конкурстық комиссия тек баға қояды, үміткерлердің балдарын жүйе санап, жеңімпазды анықтайды). Сонымен қатар тестілеу кезеңі қалады. Бұрын тестілеу бағдарламасы 7-9 заңнан тұрған болса, енді жаңа іріктеу бойынша үміткерлер бір бағдарлама бойынша өтеді. Бағдарлама 4 заңнамадан тұрады (ҚР Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңы, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы және ҚР мемлекеттік қызметшісінің Әдеп кодексі).

Бүгінгі таңда сынақ 5 мемлекеттік құрылымда (органда) өтуде: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму, ҚР Сауда жəне интеграция министрліктері, Ақмола облысы және Шымкент қаласының жергілікті атқарушы құрылымдары (органдары). Басқа аумақтарда тұратын, бірақ жоғарыда аталған мекемелердің конкурстарына қатысуға ниет білдірген азаматтар осы конкурстарға қатыса алады.

Президент тапсырмасына сәйкес былтыр желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөнінде заң қабылданды. Осы заңды жүзеге асыру мақсатында ақпан айында агенттік басшысының бұйрығымен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін өңірлердегі лауазымдарға,  сондай-ақ мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектерді аудан-ауылдарда төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау үшін оқу нәтижелері белгіленді. Осылайша тиісті оқу нәтижесі 3,33 GPA, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» деген көрсеткіш немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде бекітілді. Бұған қоса «Б» корпусының жоғары лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау тетігі енгізілді. Агенттік арқылы мемлекеттік құрылымдардың біліктілік талаптары зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданады. Және айта кетер жайт, қазіргі кезде конкурссыз тікелей тағайындауларға және біліктілік талаптарға келісім беру тәртібі әзірленуде. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен шығу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, екі тоқсан бойы жұмысы төмен бағаланған қызметшіні төмендету, ал төменгі лауазым болмағанда, оны қызметтен шығару көзделген. Бұларға қоса тағы да бірқатар өзгеріс пен жаңалық енгізілді. Мәселен, биылдан бастап пилоттық режімде кейбір аудан әкімдері тікелей халықпен сайланатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңы біраз өзгеріске ұшырады. Осынау өзгерістерге сәйкес сайланған әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылады. Әрі сайланған әкімдерге «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы қолданылмайды. Сонымен қатар заңға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді. Осындай негізде қабылданған мамандар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бірақ бұл салалық жобаларды іске асыру барысында арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды қызметке тартуға мүмкіндік беретін болады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспауы тиіс.

Мемлекеттік қызметшілерді уәждемелеу мақсатында ротациялық төлемдер енгізілді.

Аталған институт 2016 жылы енгізілді. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр болуда. Бұл көптеген қызметшінің ротациядан бас тартуына алып келді. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруды көздейді. Төлемдер тек өзге өңірге ротацияланатын мамандарға ғана беріледі және төлемдер әрбір өңір бойынша 1 шаршы метр үшін орташа статистикалық төлемақылық шығын негізінде  жүргізіледі.

Агенттік мемлекеттік құрылымдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыратын болады. Бұған қоса агенттік арқылы мемлекеттік құрылымдарда басшылар мен орындаушылар саны реттеледі, мемлекеттік қызметке қатысты актілер міндетті түрде келісіледі.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында агенттікті толыққанды стратегиялық HR-институты етіп қалыптастыру жөнінде тапсырма берілген болатын. Агенттік төрағасы Д. Жазықбаев ағымдағы жылдың алтыншы ақпанында Президенттің қабылдауында болған кезде агенттікті толыққанды HR-институтқа айналдыруға қатысты жоспарлы шаралар жөнінде баяндады.

Біріншіден, агенттіктің рөлі және оның мемлекеттік құрылымдармен өзара қатынасы өзгереді. Қазіргі таңда агенттіктің назары мемлекеттік құрылымдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден персоналды басқару, іздеу, «тұрақтандыру» және дамыту мәселелеріне  ауысуда.

Агенттік мемлекеттік құрылымдардың стратегиялық HR-әріптесіне айналады. Кадр рәсімдерін цифрландыруға, конкурстың ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидатын күшейтуге назар аударылады.

Агенттіктің жұмысында рекрутинг (үміткерлерді іздеу және таңдау), талант-менеджмент (іріктеу, бағалау және персоналдың әлеуетін дамыту), ассесмент (құзыреттерді бағалау) және өзге де жаңа құралдар қолданылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап, кадр саясатының тиімділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметке «кіруден» бастап зейнетке шыққанға дейін сүйемелдейді.

Екіншіден, мемлекеттік құрылымдардағы кадр қызметтерінің ауқымы кеңейіп, мән-маңызы артады. Ендігі кезекте кадрлық қызметтер өз құрылымдарында HRстратегиясын жоспарлайды және оларға кадрлық шешімдер қабылдау құқығын беру ұсынылады (бағалау, марапаттау, жазалау, т.б.).

Үшіншіден, мемлекеттік қызметтегі HR-құралдар қайта қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен құзыреттерді, оларды бағалау, оқыту жүйелерін және әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қайта қарастыру ұсынылады. Мұндай тетіктер агенттікті толыққанды стратегиялық HR-институт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметті атқару бағытындағы жоспарланған өзгерістерге сәйкес осы жылы академияда HR-институт ашу көзделуде. Институт кадр рәсімдерін цифрландыру, таланттарды іздестіру, HR-оқыту мен сертификаттау, талдау, HR-қызметтеріне әдістемелік көмек көрсетумен айналысады.

Соңғы уақытта, өкінішке орай, өңірімізде мемқызметшілердің әдеп қағидаларын бұзу деректері жиілеп кетті. Біздің департамент тарапынан БАҚ пен әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілерге қатысты мониторинг тұрақты жүргізіледі. Соның нәтижесінде 2022 жылы мемлекеттік құрылымдардың 30 мемқызметшісіне қатысты 39 жағымсыз материал жарияланып, солардың 10 дерегі расталды. Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 11 жағымсыз материал жарияланған, олардың 6 дерегі расталды. Анықталған деректер бойынша заңнамамен көзделген тиісті шаралар қолға алынды.

Б ылтыр Әдеп жөніндегі кеңестің тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін 6 лауазымды тұлғаға тиісті тәртіптік жаза қолданылды. Биыл жыл басынан бері БҚО бойынша Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің ұйғарым-ұсынысымен Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін екі лауазымды қызметкер теріс әрекеттеріне лайықты тәртіптік жазаға тартылды. Осылайша Әдеп кеңесінің шешімі негізінде Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қатаң сөгіс, ал Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев  сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға  тартылды.

Мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік құқықбұзушылық жасау деректеріне қатысты қашықтықтан мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша мемлекеттік құрылымдарға заңнаманы қатаң сақтау қажеттігі туралы тиісті ұсынымдар жолданады. Ал қоғамдық имандылыққа кереғар әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілерге қатаң шаралар қолданылады.

Өткен жылы барлық аудандағы мемлекеттік қызметшілермен кездесулерде Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау жөнінде ескертілді. Ағымдағы жылы департамент облыстық мемлекеттік құрылымдардың мемлекеттік қызметшілерімен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар өкілдері және қоғам белсенділерімен бірнеше кездесу, пікір алмасу шараларын ұйымдастырды. Осындай іс-шаралардың барысында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер және әдеп талаптарын сақтауға қатысты тиісті ұсынымдар берілді. Облыс пен қалалық, аудандық әдеп жөніндегі уәкілдерге жұмысты күшейту бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Заң және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған әлгіндей жұмыстар  жүйелі  жүргізілуде.

Заңнамаға енгізілген өзге-рістерге сәйкес агенттік мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттейтін болады. Пандемия және жанжақты цифрландыру үрдісі қашықтан жұмыс істеу, сонымен қатар икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осы факторлар бойынша жалпы қағидалардың 2021 жылы Еңбек кодексіне де енгізілгені мәлім. Сөйте тұра, мемлекеттік аппараттың ерекшелігін ескеріп, мемлекеттік қызметте бұл мәселелер нақты және егжейтегжейлі реттелуі тиіс. Осыған орай мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесінің нақты тәртібі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшылығының тиісті бұйрығында  белгіленеді.

Ерекше екпін түсіріп айтар жайт, мемқызметшіні жұмыстан тыс уақытта негізсіз үстеме жұмысқа тартуға тыйым салынады және ол үшін лауазымды адамдарға әкімшілік жауапкершілік көзделген. Биылғы бірінші сәуірден бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске қатысты өзгерістер қолданысқа енді. Енді мемлекеттік құрылымдарда заңсыз үстеме жұмыстарға тартылу деректері әшкереленсе, мекеменің бірінші басшысы аталмыш кодекстің 89-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілікке  тартылады.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа келіп-кетуін бақылау олардың мемқұрылымдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесіне бекітілген цифрлық куәліктері арқылы жүргізіледі.

Ол үшін қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі «Е-қызмет» ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған болуы шарт. Департаменттің қызметкерлері «Е-қызмет» жүйесінде мемқызметшілердің жұмысқа келіп-кетуіне бақылау  жүргізе  алады.

Бекітілген жұмыс уақытынан заңсыз асып кету бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бірінші басшыға бірінші рет ескерту жасалады, егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалса, 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынуы  мүмкін.

Департамент өңірде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына тұрақты негізде бақылау жүргізеді. Өткен жылдан бастап бақылау үдерісін оңтайландыру мақсатында тәжірибеге Мемлекеттік қызмет көрсету сапасының қашықтан мониторингі енгізілді. Мониторинг барысында департамент қызметкерлері мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы рұқсат құжаттарын беру саласында мемқызметтер көрсету мерзімдері мен тәртібінің сақталуына мониторинг жүргізеді. Ең бастысы, қашықтан мониторинг қорытындысы бойынша мерзімдерді бұзу, негізсіз бас тарту, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәртібін бұзу деректері анықталады және тиісінше бұзушылықтарды жою, көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылданады. Бұл жаңалық мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылаудың тиімділігін арттырды. Осы тетікті қолдану барысында бұзушылықтар уақтылы анықталып, шаралар қабылданады. Оның үстіне, аталмыш жұмыс әдісі департаменттің қызмет берушінің жұмыс үдерісіне араласуын  барынша  азайтты.

Алдағы уақытта департамент тарапынан тексерулер азаяды және басымдық мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылауды қашықтық нысандар арқылы жүзеге  асыруға  беріледі.

Мұрат Байсалов,

ҚР  Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

БҚО-дағы департаментінің басшысы,  Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале