28.04.2026, 10:45
Оқылды: 16

«Мемлекеттік қызметке адам таза жан дүниесімен келуі керек»

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында ауылдық округ әкімдерінің «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» І форумы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жергілікті атқару құрылымдарының мемлекеттік қызметшілерімен кездесті.  Кеңеске облыс әкімі Нариман Төреғалиев және облыстық мәслихаттың, құқық қорғау құрылымдарының, қоғамдық кеңестердің, аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қала, аудан, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты. 

3b073cb9-8d3a-4fba-a4c1-3a4704be9fb7

Іс-шара мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кадр сапасын арттыру, жас мамандарды тарту және заманауи басқару тәсілдерін енгізу мәселелеріне арналды.

Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сөз сөйледі. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың басым бағыттарын айқындап, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Бұл – баршамызға ортақ міндет әрі үлкен жауапкершілік. Аталған міндеттер әрбір мемлекеттік қызметшіден жоғары кәсібилікті, адалдықты, жаңашылдықты және үздіксіз дамуға деген ұмтылысты талап етеді. Бүгінгі кездесу – мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру, оның тиімділігі мен ашықтығын арттыру, халық сенімін нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңы. Осылай пікір алмасулар арқылы біз ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз», – деді Нариман Төреғалиұлы.

Ақ Жайық өңіріндегі жергілікті атқарушы құрылымдарда 2071 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Оның ішінде басқарушы буын – 32% (656), атқарушы буын – 68%. Жас мемлекеттік қызметшілердің үлесі 32%-ға (657) жетіп отыр. Облыс бойынша кадрлық резервке 30 үміткер енгізіліп, жоба жүзеге асырылғалы бері 22 резервші әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды, 18-і қызметте ілгерілетілді.  Бұл – ашықтық пен меритократия қағидаттарының көрінісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әділетті Қазақстанды құру жолында «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» қағидаттарын қоғамдық санада орнықтырудың өзектілігін атап өтті. Бұдан бөлек сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметтерді алушылардың құқықтарын қорғау, кадрлық процестерді цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері туралы әңгімеледі. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасындағы өзгерістер туралы айтты.

– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясының өзі күнделікті немесе жексенбі, сенбі, яки басқа күндері есік алдын не көше тазалауды білдірмейді. Таза Қазақстан деген – дәл осы уақытта, яғни біздің қоғамды табиғатша аялау, ішкі мәдениетті қалыптастыру. Мемлекеттік қызметке адам таза жан дүниесімен келуі қажет. Қызметке келген соң, таза әділ шешім қабылдап, адал қызмет ету керек. Сонда Мемлекет басшысының жүргізіп отырған реформаларының барлығы халыққа түсінікті болады. Еститін мемлекетке айналатын болсақ, бір-бірімізді құрметтеп жүруіміз керек. Өзара құрмет көрсетіп, бір-бірімізді ести білгеніміз жөн. Хакім Абай 19-қарасөзінде: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деген. Бір-бірімізді тыңдап, бір-біріміздің қойған сұрақтарымызға немесе жауаптарымызға қанағаттануымыз керек. Кейде мемлекеттік қызметші тарапына сыни көзқарастар болады. Пікірлер де, сын да әр түрлі. Бірақ оның өзі орынды болғаны дұрыс. Кейде мемлекеттік қызметшілерді орынсыз даттау да кездеседі. Әрине, қателіктер болады. Алайда қателіктер не өзгерістер болмаған жерде әрі қарай даму болмайды, – деді Дархан Жазықбай.

Дархан Медеғалиұлы мемлекеттік қызметтің тиімділігі тікелей кадрлардың біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты екенін айтып өтті. Ол іріктеу жүйесін жетілдіру, меритократия қағидаттарын нығайту және қызметшілердің үздіксіз дамуына жағдай жасау, цифрландыру және жасанды интеллект тетіктерін пайдалану басты басымдықтардың бірі екенін  жеткізді.

«Ел Президенті мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Ал мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту бағытында жүргізіліп жатқан реформалар еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Мемлекеттік қызметші – еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын, қоғамда адалдық пен әділеттіктің үлгісін көрсететін халықтың айнасы. Жауапкершілігі жоғары салада өздеріңізге жүктелген міндет пен жоғары сенімді ақтауда бар күш-жігерлеріңіз бен білімдеріңізді сарқып, ел-халыққа адал қызмет ете беруге шақырамын», – деп өңір басшысы кездесуді  қорытындылады.

Кеңес барысында қатысушылар кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған бастамалар мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар олар мемлекеттік қызметші әлеуетін нығайту, штаттық бірлікті көбейту туралы өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Мысалға, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов аудан аппаратында орталықтандырылған бухгалтерия жүйесін құруды ұсынды. «Төртінші деңгейдегі бюджеттің кіріс бөлігін аудандық кірістер басқармасы қарайды. Ауылдарда салық құрылымдары жоқ. Төртінші деңгейдегі бухгалтер мамандарын аудан деңгейіне көтеру керек. Олар «Б» корпусында, ондай қызметке ешкімнің келгісі жоқ. Өйткені біліктілігін жоғалтқысы келмейді», – деді Е. Ихсанов. Агенттік төрағасы Д. Жазықбайдың айтуынша, штаттық мәселе Ұлттық экономика министрлігінің құзырында. Дегенмен айтылған ұсыныстарды жинақтап, тиісті министрліктермен бірге саралап, Үкіметке ұсынатынын айтты. Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов жергілікті атқарушы құрылымдарға жер, құрылыс мәселелеріне байланысты өтініштердің көп түсетінін, олардың барлығын бір күнде қарау қиынға соғатынын, мұндай кешіккен жағдайда айыппұл салынатынын айта келе, өтініштерді қарау мерзімін ұзартуды ұсынды. Д. Жазықбай мемлекеттік қызмет көрсету мәселесіне қатысты заңға өзгерістер жобасы дайындалғанын, оны Парламенттегі депутаттардың қолдайтынына сенім білдірді.

Өңір активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытын қолдайтынын алға тартты. Кездесу соңында бір топ мемлекеттік қызмет ардагерлеріне «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табыс етілді. Өз ісінде үздік нәтижеге жеткен қызметшілер марапатталды. Сонымен қатар лауазымдық міндетін үлгілі атқарған бірқатар мемлекеттік қызметшіге Агенттік төрағасының грамоталары мен алғысхаттары табысталды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале