5.06.2017, 12:29
Оқылды: 7

Мемлекеттік рәміздер күні аудандарда кеңінен атап өтілді

Janakala jastar forumi   Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылдануына 25 жыл толуына орай облысымыздағы аудан орталықтарында түрлі шаралар өтті.


   Жаңақала ауданында  «Менің елім» атты жастар патриоттық форумы ұйымдастырылды. Ардагерлер саябағында өткен жастар форумы «Тәуелсіздік монументі» ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шара аудан әкімі Лавр Хайретдиновтың   құттықтау сөзімен ашылды. Форумда ауданның әр салада қызмет жасап жатқан жастары өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, елге деген сүйіспеншіліктен туған өлең шумақтарын оқыды.

Ал Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығының ғимаратында әр салада қызмет атқарып, білім алып, ұлтжандылық пен патриоттықты ту еткен жастар арасында форум өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева қатысып аудандық жастар саясатына елеулі үлес қосқан мамандармен қатар уақытпен санаспай, игі бастамалардың алғы шебінен көріне білген еріктілерімізді алғыс хатпен марапаттады. Шара соңы қатысушылардың атсалысуымен  велошеруге ұласты.

Қаратөбе аудан орталығында өткен жиынға аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім, мекеме кәсіпорын басшыларымен қатар мемлекеттік қызметшілер сондай-ақ ауыл тұрғындары қатынасты. ҚР Мемлекеттік рәміздерінің құрдасы Санжар Мұратов өз сөзінде «Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол - Мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар ізгі сезімді адамдардың жан-дүниесіне сіңіріп, ақыл-ой дарытуға қызмет етеді, - деп Мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасын, бейнесімен, онда суреттелген құбылыстардың мағынасын ашып, баяндап берді.

Қазталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – бірлігімнің нышаны» атты мерекелік шара өтті. Шарада жерлес Дархан Дәулетияровтың әні мен сөзіне жазылған «Қазталов – атамекен» әні шырқалды. Бұдан кейін 25 автокөлік Көк байрағымызды желбіретіп, аудан орталығының басты көшелерімен 7,5 шақырым шеру жасады.

Жәнібек ауданында да бұл мерекелік  шара автошерумен бастау алып, ауылдың көшелерін көк байрақты көліктер толдырды. Жиырма бес автокөлік Ш.Мәжитов, Абай, М.Ықсанов, Ғ.Қараш, Жеңіс, М.Мәметова көшелерімен жүріп өтіп, аудандық мәдениет және демалыс саябағының алдына аялдады. Мұнда көпшіліктің назарына мерекелік концерт ұсынылды. Концертте көк туымыз салтанатты түрде шығарылды. Бұл көрініс концертке жиналған әр азаматтың жүрегіне жылылық ұялатып, көңіліне қуаныш үйірді. Шарада аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сөз алып, барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Бөрлі ауданындағы Ғұбайдолла Жәңгіров атындағы саябаққа табан тіреген шерушілер ауданның басты сахнасында өткен мерекелік шараға көрік берді. Мерейлі мерекеде аудан әкімінің орынбасары Жаңабай Қаналин аудан жұртшылығын құттықтады.

Ал Бөкей Ордасы ауданында ерлер арасында теннистен ауданаралық жарыс өтті. Оған іргелес жатқан Ресей Федерациясы Астрахан облысы Ахтуба ауданының Жоғары Басқұншағы мен көршілес Жәнібектен қонақтар келіп, жарыс көрігін қыздырды. Бес команда қатысқан тартысты ойын нәтижесінде жәнібектіктердің асығы алшысынан түсті.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале