Орал қаласындағы «Аманат» партиясы ғимаратында «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейлік негізі» атты жиын өтті. Басқосуға облыстық жастар ресурстық орталығы өкілдері, жоғары оқу орындары мен мектеп оқытушылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.
Жиын барысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау, оған қатысты құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен ұлттық стандарттардың сақталуы, сондай-ақ Мемлекеттік рәміздер күнін атап өту мәселелері талқыланды.
Ең әуелі облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева сөз алып, қазақ геральдикасының тарихын зерделеудің, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың маңыздылығы жайында ой сабақтады. Содан соң «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директорының міндетін атқарушы Шерхан Талап (суретте) аталған орталық тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғады. Сонымен қатар «Ғимараттарда тұрақты орнатылатын ҚР Мемлекеттік Туы тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырылуы тиіс. Ұлттық аза тұтуға байланысты ҚР Мемлекеттік Туы аза тұту күндері Ту тұғыр биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі. Лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы ҚР Мемлекеттік Туы ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының сол жағында орналастырылады», – деген Шерхан Талапұлы мемлекеттік рәміздерге қатысты біраз пайдалы мағлұмат айтты.
Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин мемлекеттік рәміздерді ұлттық құндылық тұрғысынан насихаттаудың мән-маңызына тоқталды.
Жиын барысында Шерхан Талап қатысушылардың сауалсұрақтарына толыққанды жауап қатты. Гүлжанар Болатқызы жиынды қорытындылап, мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.
Басқосу соңында Бауыржан Файзоллаұлы Шерхан Талапұлына Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстандағы өкілдігінің тікелей ұйытқы болуымен жарыққа шыққан «Ақ Жайықтың аспаны» атты ұжымдық жинақты сыйға тартты.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»