6.03.2021, 13:16
Оқылды: 592

«Мен оқыған бір кітап...»

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы магистранттарының қатысуымен «Мен оқыған бір кітап» атты әдеби кеш өтіп, жас оқырман көзімен әдеби көркем туындылар талданды. Магистрант жастар қазақ әдебиеттануының жаңа бағыттары мен әдебиеттанудың өзекті проблемалары аясында ой-пікірлерін ортаға салды.

4

2021 жыл – еліміз үшін мерейлі жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – отыз кітап» атауымен  танымал қазақстандық авторлардың  поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма  саласындағы 30 үздік шығарма жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Аталған акцияның мақсаты қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап,  халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби мұраны зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу болса, осы мақсат үдесінен шығуға бүгінгі жас оқырман, жас ғалымдар қандай үлес қосуда деген орынды сұрақ туады.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Ғылыми кітапхананың бірлесуімен «Бір ел – бір кітап» акциясының «Проза» жанры бойынша таңдалған кітаптарды талдауға арналған «Мен оқыған бір кітап...» тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырылды. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын магистрант жастар проза жанры бойынша таңдалған кітаптардағы туындыларға әдеби талдау жасап, өз пікірлерін ортаға салды.

7

- «Отамалы» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағына «Қарала сиыр», «Отамалы», «Қызыл ай», «Майлы аяқ», «Уақыт», «Жан» атты әңгімелері мен «Қара жаңбыр» атты көлемді повесі енген. Кітапқа енген шығармаларда түгелдей өзі өмір сүріп жатқан заманның ақиқат шындығы, таптық басынушылықтың, қанаушылықтың, зұлмат соғыстың зардаптарын еш бүкпесіз баяндаған.  Бұл кітаптағы әңгімелер мен повесть формалық жағынан да, мазмұндық жағынан да реалистік бағытта жазылған. Қай шығарманың болмасын өзегі культтық және діни құндылықтардан алыстамаған. Қарапайым ауыл тұрмысы, қарапайым ауыл тұрғындары баяндалғандықтан да бұл кітап өз оқырманын сендіреді. Кейіпкерлер эгоцентризмін еңсерген, бауырмал, өжет жандар. Заттарға символикалық мән беріп поэтикаландыруы арқылы автор көпсөзділіктен арылған. Бір «шелектің гуілдеген даусының» өзі сан сұраққа жауап бола алады.  «Сәнқойлық оған тән емес еді» деп замандастары айтқандай, түсінікті сюжеттерімен,  диалог арқылы берілген характерлер шарпысуымен бұл  кітап оқырманын оп-оңай автор суреттеген заманға алып кетеді. Тобық Жармағамбетовтың «Отамалы» кітабын оқыған кезде бабаларымыздың қиыншылыққа толы ғұмырын көз алдымнан өткізіп, осы күніміздің қадіріне жетіп, азаттығымыздың баға жетпес байлық екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдым, - дейді Тобық Жармағамбетовтың «Отамалы» кітабы бойынша талдау жасаған 1 курс магистранты Жарқынай Харисова.

Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романындағы Семей полигонының зардабын тартқан қара байыр халықпен, баласынан айырылған ананың зары мен оларға қарсы шыққан ананың рухы бейнеленген шығарманы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1 курс магистранты Ақмаржан Қобыландиева талдап, шығарма өзектілігіне тоқталды.

- Романның құрылысы мен жазылу ерекшелігіне қарай "деректі роман" деп баға берілген. Жазушы Аяулымның өмірін, басынан кешірген қиындықтары мен бақытты сәттерін осы бір роман аясында суреттеп қана қоймай, Семей ядролық полигоны мен Жапониядағы Хиросима-Нагасаки жарылыстарынан жәбір көріп, өз бастарынан кешкен оқиғаларымен бөліскен белгілі тұлғалар туралы тың деректерді де келтіре кеткен.

Басты кейіпкер Аяулым үшін бірде қуанып, бірде мұңайып отырасың. Табиғи әрі шынайы оқиғалар негізінде жазылған реалистік шығармалардың бірі. Кейіпкердің ғана емес, қазақ халқының қасіретін сезім арқылы тамаша жеткізе білген.

«Әйел қырық шырақты» демекші, Аяулым жиырма жасында күйеуге шығып, өз ұясынан кеткен сәттен бастап,  басынан небір қиындықтарды өткізеді. Бауыр еті баласынан, жолдасынан айырылып қиын сәттерді басынан өткізсе де, бар жұбанышы Әмірінен қалған тұяғы Сұңқар үшін өмір сүреді. Бұл қиындықтарға мойынсынбай, бар ауыртпалықты жеңіп шығады. Соңында ең алғашқы махаббаты Мэлспен табысып, егіз ұл сүйіп, әйел бақытын, ана бақытын сезініп, бақытты ғұмыр кешеді, - дейді оқырман.

2 (3)

Юрий Серебрянскийдің «Дәмді де пайдалы Қазақстандық әдебиет жайлы» атты кітабына талдау жасаған Ербол Қуандықов қазақ әдебиетінің қазіргі замандағы қолданысына шолу жасады.

- Менің тандауым Юрий Серебрянскийдің «Дәмді де пайдалы Қазақстандық әдебиет жайлы» атты кітабына түсті. Себебі, шыны керек, сырт көзбен, басқа да ұлт өкілдері қазақ әдебиетін қандай бейнеде көріп тұр? Оларға біздің әдебиетіміз жат көріне ме, әлде жоқ па? Міне, осындай сұрақтар сол кітапты алғаш көргенде пайда болады. Бірақ та, Юрий Серебрянский, әдебиеттің қазіргі кездегі келбетін өзінің тәжірибесі арқылы сомдаған. Жаңа заманда қазақ әдебиетінің алатын орнын, оның проблемаларын, әлеуметте айтуға болмайтын тақырыптарда сұхбат алған адамдардың тағдырлары арқылы оқырманға айтып береді.

3 (2)

Әдеби кештің арнайы қонағы боп қатысқан жас қаламгер, драматург  Әлішер Рахат та алдыңғы буын аға қаламгерлердің шығармалары бойынша өз пікірін ортаға салды.

Кеш соңында магистрант жастар Ғылыми кітапхананың ұйымдастырған «Отыз жылдыққа – 30 кітап» көрмесін тамашалады.

Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген әдемі сөзімен әдеби кеш нүктесі қойылды. Ал біз оқырман жас көп болсын, оқитын кітабы бір емес, мың болсын дейміз.

Рита Сұлтанғалиева,
ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале