28.09.2023, 11:15
Оқылды: 99

«Менің шығармаларым детектив емес, психологиялық триллер...»

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Менің жолым» жобасы аясында жазушы, журналист Жадыра Шамұратовамен «Бүгінгі проза» атты кездесу өтті.

ЖШ1

Кездесу барысында қаламгер бүгінгі проза жайы, оқырман деңгейін көтеру мәселелеріне тоқталып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.

Жазушының шығармашылығы хақында дайындалған бейнероликтен соң сұхбат алаңына асыққан оқырмандар кеш иесінің әр сөзін ықылас қойып тыңдады. «Туған жеріне қуанып келіп, қимай қайтатынын» жасырмаған қаламгер қазіргі қазақ прозасы, жас жазушылар туралы ойын білдірді.

- Қазір поэзия прозаға қарағанда әлдеқашан дамып кеткені жасырын емес. Поэзияда үлкен ойлар, салмақты сөздер айтатын буын қалыптасты. Олар кешегі Жұмекен, Қадырлардың ізін жалғап, философиялық ойлар тізбегін құрап, оқырманға түсінікті әрі жеңіл жеткізіп келеді. Ал проза жайы бөлек. Әрине, қазір проза даму үстінде. Уақыт өлшеміне салсақ, төл прозамызға жүз жыл болды. Себебі алғаш Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалынан» бастап, Бейімбет, Жүсіпбектерден соң біраз тұралап қалды. 1960-70-жылдары әдебиетке келген жаңа толқын хәлі мүшкіл прозамызды тың тақырыптарымен жаңа белеске көтерді. Осы үрдіс әр толқын келген сайын жалғасып келеді. Тек баяу, - деді қаламгер қазіргі қазақ прозасы туралы пікірінде.

Сөз арасында жазушы қазақ прозасында нон-фикшн, детектив жанрларының кенже қалып қойғанын да айтты. Тарихи шығармалар көп болғанымен, олардың біразы бұрмалаушылыққа ұшырап, түптеп келгенде аутор өз атабабасын мақтап жазып шығатынына қынжылыс білдірді.

«Қазір оқырман жоқ, кітап оқымайды» деген түсінікке де қаламгер ретінде пікірін айтты.

- Иә, «Қазір жастар кітап оқымайды» дейді көбі. Бірақ бұл біржақты қалыптасқан пікір деп есептеймін. Қазір көпшілікті елең еткізер шығармалар жоқ. Оқырманға құлшыныс сыйламайды. Жазу мәнері күрделі немесе ойын астарлап жеткізеді. Қазір бәрі асығыс, оқырман сіз тұспалдап отырған мәселеге ойлануға уақыт таппайды. Сол себептен де көркем шығармалардан гөрі мотивациялық кітаптарға сұраныс көп. Оның үстіне екінің бірі «Менің атам бастық болған» немесе зейнетке шыққан, қолы бос үлкендер «Менің өмірім» деп көлдей естеліктер жазып, кітап етіп шығарады. Оның естелігі тума-туысынан өзге кімге қызық? Осылай сапасыз шығармалармен, сапасыз кітаптармен оқырман көңілін қалдырамыз. Әрі-беріден соң күнкөріс қамымен жүрген халыққа «кітап оқымайсың» деп ренжиміз, - деді жазушы.

Кездесуге ақындар мен журналистер, филолог ғалымдардан өзге Жадыра Шамұратованың әр шығармасын сүйіп оқитын оқырмандары да көп жиналды. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры, фи­лология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева:

- Ең әуелі оқырман ретінде жазушының қоғамдық тақырыпқа баруын күтемін. Жадыра Шамұратованың шығармашылығын мейірім, адалдық деген ұғымдар құрайды. Әр кейіпкері бір-бір ой арқалап жүреді. Диалогтары жалаң келгенімен, көтерген әр тақырыбы ауқымды, - деді. Ал педагогика ғылымдарының докторы Светлана Бахишева жазушы шығармашылығы туралы өз ойын айта келіп:

«Жадыра Шамұратованың әр кітабы оқылымды. Шығармасында сәуле бар.

Шетел әдебиетін көп оқыса да, туындыларында ұлт­тық бояу, нәр бар» деп қорытындылады.

Шара соңына таман қаламгер оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сауалдар әр қилы әрі тосын болды. Детектив жанры туралы сұрақтарға:

– Детектив – қылмыс. Маған қылмыс жасаған адамдардың психологиясы қызық. Соны зерттеймін деп келдім осы жанрға. Менің шығармаларым детектив емес, психологиялық триллерге келеді. Қоғамды интеллектуалдандыру қажет. Себебі бағытымызды таба алмай, адасып барамыз. Біздің философиямыз қартайған. Қоғамға қозғалыс керек. Жаңа идея керек. Уақытында Тұрсынжан Шапай, Таласбек Әсемқұловтарды тыңдауымыз керек еді, - деп ой түйіндеді.

Жазушымен екі сағатқа жуық сұхбат құрған оқырмандар кештен рухани мол әсер алғандарын жасырмады. Әдеби кеш Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Медет Оразовтың орындауындағы «Қазақтың қызы» әнімен тү­йінделді. Кездесу соңында қаламгер оқырмандарына қолтаңба беріп, естелік суретке түсті.

Әнуар Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале