12.11.2019, 10:02
Оқылды: 152

Мерекелік медальмен марапаттады

«Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан аймақтық филиалының директоры, профессор Ізімғали Көбенов «Нарын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған Кәкен Көбейсіновке берілген «Халықаралық Невада-Семей антиядролық қозғалысының 30 жылдығы» мерекелік медалін марқұмның жары Күлән Валиеваға табыс етті.

КСРО еңбек сіңірген халықтық бақылау қызметкері, Бөкей ордасы, Жәнібек және Жаңақала аудандарының «Құрметті азаматы» болған, Халықаралық экология академиясының тілшілер одағының мүшесі болған Кәкен Көбейсінов қазан айында дүниеден өткен еді.

- Өткен айда Нұр-Сұлтан қаласында 37 ел қатысқан халықаралық конгресс болды. Сонда ядролық полигондарға қатысты терең мағыналы баяндамалар оқылды. Ал біздің Кәкен ағамыз Азғыр, Капустин яр жөнінде көп ізденіп, мол мәлімет жинаған еңбекқор жан болды. Қаншама мүгедек балалардың, науқастардың тізімін жасап, үкіметке, құзырлы мекемелерге хат жазып, экологиялық мәселелерді көтерді. Әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға ат салысты. Кәкен ағамыз осы салада жүрген белсенді жандардың арасында ерекше тізімде тұр. «Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысы»ҚБ президенті Олжас Сүлейменов Кәкен ағаны осы медальмен марапаттауды тапсырған еді. Өкінішке орай, ағай бұл күнге жете алмады. Ағамыздың марапатын жары, Күлән Мұқашқызына табыстаймыз. Апамыздың өзі белсенді жан, ағамыздың еңбегіне үнемі қолдау білдіріп отыратын, - дейді Ізімғали Абдрахманұлы.

medal (1)

«Кәкен аталарың елінің, туған жерінің табиғатын, халықтың қамын ойлап, жер-суды, өсімдіктердіқорғау саласында көп еңбектенді. Түрлі басқосуларға қатысып, күрмеулі мәселелерді көтеріп жүрді. Сол кездегі мемлекет басшысы, Елбасымен екі рет кездесті», - деп өткенді ой елегінен өткізген марқұмның жары Күлән Мұқашқызы Кәкен атаның көп жылғы еңбегін елеп, ескеріп, марапат ұсынған жандарға алғысыен білдірді. Сонымен қатар Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысының ардегері Күлән Валиеваға аймақтық филиалдың сараптау комиссиясының шешімімен «Манифест. Мир ХХІ век» байқауының «Таза табиғатпен ядролық қарусыз ғасырға» аталымы бойынша сертификат табыс етілді.

medal (3)

Ардагерді еске алған шуақты кездесуге Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысының ардагерлерімен белсенді мүшелері ғалым, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ақсерік Әйтімов пен «Нарын» ҚБ басшысының орынбасары, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің бөлім басшысы Айболат Сейтақ та келіп, ізгі лебіздерін білдірді.

Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале