12.05.2026, 17:00
Оқылды: 12

Метанмен жүретін автобустар жолға шықты

Жаңадан бой көтерген «Ақжайық» шағынауданындағы №9 қоғамдық көлік қызметі он жаңа автобуспен толықты. Жақында «Оралавтотранс» ЖШС ғимаратында салтанатты кілт табыстау іс-шарасы өтіп, шаһар басшысы Мұрат Байменов маршруттық көліктерді аталмыш серіктестіктердің жүргізушілеріне берді.

автобусы (1)

Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында өткен осы жиынға Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов, «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС директоры Қайрат Искаков қатысты. Сондай-ақ сала мамандары мен компания қызметкерлері де болды.
Бүгінде Орал қаласындағы қоғамдық көліктер қала бойынша – 27, саяжайларға қарай 10 маршрут және қала маңындағы алты елді мекен бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Күн сайын 300-ден аса автобус қала жұртшылығын тасымалдайды. Қоғамдық көлік саласын дамытып, автобус парктерін жаңғырту басым бағыттардың бірі екені анық. Жаңа шағынаудан мен қаланы байланыстыратын бұл автобустар – «Yutong» ныспылы қытайлық компанияның заманауи қоғамдық көліктері. Автобус табиғи газбен (метанмен) жүретін экологиялық қауіпсіз көлік болып табылады. Осыған дейін еліміздің Астана және Алматы қалаларында ғана қолданыста болған көлік енді Орал көшелерінде де қатынай бастайды.
– Осы күндерде біздің қаламызда алты автобус компаниясы тұрғындарды тасымалдау қызметімен айналысады. Солардың бірі «Орал-автотранс» ЖШС-ның көлік тұрағы жаңа он автобуспен толыққалы тұр. Бұл жоба-жоспар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық қауіпсіз көліктерді дамыту және қоршаған ортаны қорғау тапсырмасы аясында жүзеге асты.
Жыл сайын қаламыздағы қоғамдық көліктер жаңаруда.
Осының нәтижесінде маршруттық аутобостардың тозу көрсеткіші 17%-ға азайды. Метан газы дизель отынымен салыстырғанда үнемді әрі атмосфераға зиянды қалдықтарды аз мөлшерде шығарады. Алдағы уақытта метан газы бекеттерін көбейту жоспарда бар.
Қоғамдық көліктермен өзім де жиі қатынаймын. Бір байқағаным, тұрғындардың тазалық мәдениеті жақсы қалыптасқан. Автобус ішіне қоқыс тастау, лас киім және былғанған аяқ киіммен кіру секілді қисынсыз әрекеттер азайып келеді. Осындай заманауи автобустар тұрғындарға жайлылық сыйлап, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді шаһар басшысы М. Байменов.
Одан кейін қала әкімі көлік жүргізушілеріне автобус кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Қазіргі таңда «Оралавто-транс» ЖШС-да 180-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Мұндағы қоғамдық көліктер №5, №9, №12, №43 және екінші саяжай бағыттарын қамтиды. Серіктестік меншігінде үлкен класты 47 автобус пен орта класты 27 автобус бар. Олардың барлығы дерлік салқындатқыш және жылытқыш құрылғылармен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен, бейнебақылау камераларымен толық жабдықталған. Автобус жүргізушісі Манарбек Қалдыбаев (суретте) осы салада 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Он жаңа автобустың бірінің тізгініне ие болғанына қуанғанын, халық игілігі үшін жұмыс істейтінін айтты.
– Су жаңа автомобильдің ерекшелігі көп екен. Қозғалтқышының шу деңгейі төмен. Бұл жүргізушіге де, қатынаушыға да қолайлы. Маршруттық көлік тоғыз бейнекамерамен жабдықталған. Осы арқылы айналамызды бақылауда ұстау тиімділігі артты. Осыдан 20 жыл ілгеріде неміс аутобустары болған еді. Оның салқындатқыш құрылғылары жоқ. Күн ыстықта жүргізуші терлеп, әбігерге түсетін еді. Жыл өте көліктер жаңарды. Қазір қатынаушыларға қоса жүргізушіге де салқын жел үрлейтін құрылғы бар. Қаламызда жолаушыға жақсы әсер беретін, экологияға еш зиян келтірмейтін осындай автобустар көбейе бергенін қалаймын, – деді жүргізуші.

Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале