27.12.2022, 9:00
Оқылды: 146

МИБ-тің жайы мәз емес

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел азаматтарының мемлекетті басқару ісіне қатысуын қамтамасыз ету тапсырылған еді. Осы ретте ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына тиісті өзгерістер енгізіліп, бұрынғы пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) орнына жаңа басқару нысандары, яғни меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) құрылуы тиіс болды.

2179_1

Фото дереккөзі: zhmb.sud.kz

Жуырда «Достық» үйінде жұмыс тобы көп ұзамай күшіне енетін заңның жай-жапсарын түсіндіріп, Орал қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жаңа басқару нысандарына көшу мәселесін талқылады. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, қала әкімі Миржан Сатқанов, құқық қорғау құрылымдарының, салалық басқармалардың, құрылымдық бөлімдердің, коммуналдық қызметтердің басшылары және тұрғындар қатысты.

Шаһар  басшысы Миржан Сатқановтың айтуынша, қалада 1254 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың 1132-сі жаңа басқару нысандарына көшуі тиіс. Қазіргі таңда қаламыздағы тұрғын үйлердің 30%-ы ғана жаңа өзгерістерге бейімделсе, қалғандарының белсенділіктері мүлдем төмен деңгейде. Атап айтар болсақ, 243 тұрғын үй жай серіктестік, 100 тұрғын үй меншік иелерінің бірлестігін құрыпты.

Қала әкімдігі көппәтерлі тұрғын иелерімен кездесулер өткізіп, БАҚ беттерінде түрлі мақала жариялаған.

– Тұрғындарға көмек көрсету, кеңес беру, қолдау және басқарудың жаңа нысандарының санын арттыру мақсатында Орал қаласы әкімдігінің жанынан «Тұрғын үй қорының реновациясы және меншік иелерінің бірлестіктеріне кеңес беру бөлімі» жасақталды. Сонымен қатар реформаларды жүзеге асыруды ілгерілету үшін қаламызда «Меншік иелері бірлестігінің ассоциациясы» құрылды. Соған қарамастан жаңа басқару нысандарына көшу жұмысының қарқыны баяу. Оған көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын азаматтарымыздың белсенділігінің төмендігі себеп болып отыр, – деді  қала әкімі Миржан Сатқанов.

Бүгіндері қаладағы көппәтерлі үйлерде тұратын азаматтар саны 200 000-нан асып жығылады екен. Бұл – Оралдағы тұрғындар санының үштен екі бөлігі. 500-ден астам ауланы мекендейтін тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы жағдай жасалуы керек екені айтпаса да түсінікті. Кейінгі  үш жылда көпқабатты үйлердегі 61 аула абаттандырылған. Биыл аталған жұмыс өз деңгейінде орындалып, 31 аула ретке келтіріліпті. Бұл жайында кездесу барысында шаһар басшысы Миржан Сатқанов айтты. Ол сондай-ақ аулаларды абаттандыру жұмысын қала тұрғындары жоғары бағалап отырғанын, сол себепті алдағы жылы тағы 34 аулаға кешенді абаттандыру жұмысын жүргізуді жоспарлағанын жеткізді. Одан бөлек, қала өміріне белсене араласып, абаттандыру ісіне үлесімді қосамын деген азаматтар «Аулаларды кешенді абаттандыру» және «Халық қатысатын бюджет» бағдарламаларына қатыса алатынын да айтты. Бүгінгі таңда аталмыш бағдарламалардың соңғысы арқылы екі жоба пайдалануға беріліпті. Алғашқысы Шолохов саябағындағы амфитеатр болса, екіншісі – Айтиев көшесіне тротуар төсеу жұмысы. Биыл аталған бағдарламалар бойынша тағы екі жоба іске аспақшы.

– Қаладағы 644 лифтінің 179-ын жөндеу қажет. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда көппәтерлі тұрғын үйлердің 20 лифтісі мен 23 шатыры жөнделді. Сондай-ақ республикалық бюджеттің есебінен көппәтерлі тұрғын үйлердегі тағы 21 шатыр мен 6 лифтті жаңғырту жоспарланды, – деді  жиын барысында тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту жұмысына қысқаша  тоқталған  қала  әкімі.

Одан соң «KazВatysService» ЖШС-ның директоры Нұрлан Рақымжанов және ПИК қауымдастығының төрағасы Нұрлан Чабдаров сөз алып, қала ортасындағы ескі ағаштарды кесу, суағарларды ретке келтіру сияқты мәселелерді көтерді. Әсіресе, жаңа салынған үйлердің жертөлелерін қоқыспен толтыратын тұрғындарды жауапқа тартуды, ағаш кесуге арналған көлікті жалдау бағасын реттеуді ұсынды.

Жиын соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев көтерілген мәселелер орынды екенін айтып, қордаланған жайттарды шешудің жолы – бас біріктіріп, меншік иелері бірлестіктерін құру екенін айтты.

– Облыстағы меншік иелері бірлестігінің жұмысын әлі де жетілдіре түсу керек. Ол үшін тұрғындар өз азаматтық позициясын көрсетіп, қала өміріне белсенді араласуы қажет. Өз кезегінде атқарушы билік өкілдері де сараптама жасап, жерлестерімізді толғандырған мәселелерді шешудің тиімді жолдарын қарастырады, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале