21.02.2024, 9:00
Оқылды: 28

Министрлік: 2019 жылдан бері жасалған анимациялық фильмдердің ешқайсысы қазақстандық көрерменге әлі күнге ұсынылған жоқ

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңымен реттелетін отандық киноиндустрияны қолдау үшін нақты шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жазды.

8b3207cb2a5f6c96d8e600bd677aea34_1280x720

Фото: www.gov.kz

Алайда Министрлік жүргізген талдау нәтижесі бойынша, киногерлердің дені сапалы өнім шығаруға және оны насихаттауға мүдделі емес.

«Ұлттық киноны қолдау орталығы» мемлекеттік қаржылай қолдау беру үшін ашық конкурстар ұйымдастырып, оларды іріктеумен айналысады.

Кино орталығы жұмыс істеген 5 жыл ішінде 103 жобаға қаржы бөлінген. Жалпы  құны 19 миллиард теңге тұратын түрлі жанрда 98 фильм түсірілді. Оның ішінде 42 көркем, 23 деректі, 25 қысқаметражды, 8 анимациялық фильм бар. Кинотеатрларға, телевизиялық және онлайн прокатқа тек 23 картина шыққан (көркем фильм – 20, деректі фильм – 3). 2023 жылға дейін түсірілген 27 фильм биыл көрсетілмек.

Сонымен қатар прокатты ұйымдастыру үшін, Министрліктен прокат куәлігін алу ғана жеткілікті екенін ескеру қажет. Бірақ осыған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, режиссерлердің көбі фестивальдар мен конкурстарға арнап фильмдер түсіреді немесе авторлық кино дайындайды. Осылайша өздерінің жеке шығармашылық амбицияларына басымдық беріп, көпшілік аудитория сұранысын ұмытып кетіп жатады.

Кассалық жинақ көлемі небәрі 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл ұлттық фильмдер прокатының төмендігін айқын көрсетеді.

Қазақстандық көрерменнің әлі күнге дейін кей картиналарды көрмеуінің басты себебі – өндірушілер мен авторлардың прокатқа шығаруға деген ниетінің жоқтығы.  Өйткені олар қаламақысын жоба барысында-ақ алып қойған.

Мәселен, «Тұрсыновфильм» ЖШС жетекшісі режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов 2019 жылдан 2021 жылға дейін «Бесмойнақ»  толықметражды көркем фильмін шығаруға 500 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қаржы алды. Бірақ көрермен фильмді осы уақытқа дейін көрген жоқ.

«Бату. Тарихи детектив» атты кинорежиссер Рашид Нұғмановтың киносына 192 миллион теңге бөлінген. Жоба 2021 жылы аяқталған, бірақ қалың көрермен бұл фильммен де таныс емес.

Кинорежиссер Дамир Манабайдың «Тырналар» жобасы 422 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды.

Режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Хирург» фильмін шығаруға 239 миллион теңге бөлінді, кинотеатрлардағы кассалық жинақ 1,1 миллион теңге болды.

Режиссер Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмін қаржыландыру 900 миллион теңгені құрады, кинопрокаттан жинағаны  25 миллион теңгеден аспады.

Режиссер Эмир Байғазиннің «Жизнь» картинасына 500 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қаржы бөлінді, фильм прокатта 650 мың теңге жинады.

Режиссер Бекболат Шекеровтың «Лето 1941-го года» көркем фильмін түсіруге 697 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Кассада туынды тек 40,6 миллион теңге немесе жалпы құнының.

Режиссер Ернар Нұрғалиевтің де «На старте» фильмі осындай. Мемлекеттен 468,5 миллион теңге бөлінді, прокатта бар болғаны 15,5 миллион теңге немесе бюджеттің 3,3%-ын жинады.

Режиссер Фархат Шариповтың «Схема» картинасы небәрі 21,8 миллион теңге жинай алды, ал оны өндіруге 300 миллион теңге бөлінді.

340 миллион теңгеге түсірілген «Бүркіт» фильмі небәрі 254 мың теңге жинады.

Жобаларды іске асыру үшін мемлекет бөлетін сомаға 10% мөлшерде режиссерлердің гонорары да төленгенін қоса кеткен жөн.

Жеке кинокомпаниялар өздерінің кинокартиналарын одан әрі прокатқа шығару мен тарату мәселесіне бей-жай қарайды. Бірақ басқа жобалар арқылы кино орталығының ашық конкурстарына қатысуды жалғастыруда және мемлекеттің қолдауына ие болып жатыр.

Дәл осындай жағдай мультипликация және анимация саласында да байқалады. 2019 жылдан бері жасалған анимациялық фильмдердің ешқайсысы қазақстандық көрерменге әлі күнге ұсынылған жоқ. Мәселен, «ADAY Production» ЖШС-ның «Кенже қыз» туындысына 232,8 миллион теңге бөлінген, «Ырысы Ақ Қазақстан» ЖШС таспалаған «Караван историй» мультфильміне 213,9 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, «Dala Animation» ЖШС-ның «Бесік жырына» 32,4 миллион теңге берілген.

Осыған байланысты ведомство осы индустрияны дамыту тәсілдерін өзгерту және кинематографистерге қолдау көрсету шарттарын қайта қарау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ  конкурстық іріктеу кезінде фильм авторлары мен кинокомпаниялардың көрерменге көрсетілген жобасының сапасы мен нәтижесі ескеріледі.

Министрліктің негізгі міндеті – фильмдер шығару кезінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету.

Ведомство шығармашылық еркіндікті құрметтейді. Бірақ заң мен тәртіп бәріне ортақ және сөзсіз сақталуы керек.

Кино қауымдастықпен бірлесіп ұсынылатын кинематография саласындағы, оның ішінде «Қазақфильмге» қатысты заңнамалық түзетулер елдегі киноиндустрияның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін қажет.

Киностудияға кино орталығының конкурсына қатыспай-ақ, қаржылық қолдау көрсету ұлттық киноны қолдау үшін қажетті қадам болар еді. Бұл студияға мемлекеттік тапсырмаларды іске асыруға, сапалы фильмдер шығаруға және Қазақстан мәдениеті мен тарихын ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Ұсынылып отырған қаржыландыру механизмі жеке кинокомпаниялар арасында киножобаларды конкурстық іріктеуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, кинематографиялық индустрияда бәсекелестік орта қалыптасады.

«Қазақфильмнің» тұрақты жұмыс істеуі ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы фильмдер шығаруға мүмкіндік береді.

Бұл қазақстандық кинематографияның әлемдік аренадағы орнын нығайтуға және дарынды қазақстандық кинематографистердің жолын ашуға мүмкіндік береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале