30.09.2017, 10:50
Оқылды: 64

Министрлік сарапшылары ата-аналармен кездесті

IMG-20170930-WA0020Кеше қаламыздағы №7 орта мектебінде ҚР Білім және ғылым министрлігінен келген сарапшылар 5-7 сыныптың ата-аналарымен және педагогтармен кездесті. Жиынға келген ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова, Республикалық "Оқулық" ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбіткүл Каримова, Л. Гумилев атындағы "Еуразия" ұлттық университетінің профессоры Евгения Журавлева, "Мектеп" баспасының директоры Ерлан Сатыбалдиев және өзге де мамандар 5-7 сыныпқа арналған орыс тілі оқулықтары және жаңартылған білім мазмұны жөнінде ойларын ортаға салды. Үш сағатқа созылған жиынға 300 ге жуық адам қатысты.

IMG-20170930-WA0022ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринованың айтуынша: "заманауи оқулық – ақпарат көзі емес, бағыт-бағдар беруші. Оқулық та мұғалім сияқты: бағыт-бағдар береді, оқушының қабілетін дамытып, ақпарат іздеуді үйретеді. Жаңа бағдарлама - іргелі білімге, аналитикалық тәжірибеге негізделген. Жаңа оқулықтар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкестеліп, баланың сындарлы ойлай білу қабілетін дамытуға бағытталған. Жаңа мектеп бағдарламасын жасау – өте күрделі үдеріс болғандықтан біз қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Сол сияқты жаңа технологиялар оқу процесін ұйымдастырудан бастап, ондағы мұғалімнің және оқушының рөліне дейінгінің бәрін өзгертуді талап етеді. Мәселен, балаларды жаңартылған мазмұндағы оқулықтармен оқыту үшін мұғалімнің өзі дайын болу керек. Биылғы оқу жылында жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін 70 мыңнан астам мұғалім арнайы курстан өтті. Сабақ барысында үнемі әрекетті ауыстырып отыру, топпен өзара жұмыс істеу, білімге баса назар аудару балалардың жеке тұлға ретінде дамуына ықпал етеді. Бұрын біз оқушыға дайын білімді беріп келсек, ендігі күнде біз оларға мектептен алған білімін өмірде пайдалана білуге үйретуіміз керек"- дейді Шолпан Таңатқызы.

IMG-20170930-WA0025Жиында сөз алған ата-аналар балаларының сындарлы ойлау қабілетін дамытатын тапсырмаларға қарсы емес екендіктерін айтты. Алайда, бала тәрбиесіне, оның мінез-құлқына әсер ететін өрескел тапсырмаларға алаңдаулы екендіктерін жасырмады. Сондай-ақ жаңа оқулықтағы неологизм сөздердің жиі кездесуі де ата-аналардың көкейіне қонбағанға ұқсайды. Сарапшылардың айтуынша грамматика, орфография және тыныс белгілері орыс тілін оқыту бағдарламасының негізі болып қалып отыр. Тек оқыту тәсілдері өзгерген.
Сондай-ақ мамандар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Қоғамдық бағалау» порталына қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан 3, 6, 8-сынып оқулықтарының орналастырылғанын атап өтті. Оқулықтарды «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтында орналасқан (www.okulyk-edu.kz) «Оқулықтарды қоғамдық бағалау» баннері арқылы көруге болады. Бұл портал оқу әдебиеттерінің сапасы бойынша ата-аналардың және педагогтар қауымының пікірлері мен ұсыныстарын қабылдауға арналған.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале